Алатын 800 мың теңге айлығым отбасымды асырауға жетпейді – Ринат Зайытов

22 Маусым 2023, 16:36 7579

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов Парламент қабырғасында жүріп алатын 800 мың теңге айлығы отбасын асырауға жетпейтінін айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. Зайытов бұл туралы Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында айтты. 

Алатын айлығым 800 мың теңге, оны жасырмаймын. Бұл отбасымды асырауға жетпейді. Үлкен қызым оқуға түсетін болса, тіпті жетпей қалады, - деді Зайытов.

Сондықтан да мәжілісмен беташарға шығып тұруды көздеп отыр. Ешқандай заңмен бекітілмеген соң тыйым да жоқ дегенді айтады.

Беташар заңмен бекітілмеген. Біреу 200 теңге, біреу 500 теңге салуы мүмкін, көрімдік қой. Материалдық жағынан көп көмектеседі. Мен оны жұмыс істеу деп емес, шығармашылықпен айналысу деп қабылдаймын. Кейде 70 мың, кейде 200 мың болуы мүмкін. Ол да бұйрығына қарай болады, - деді.

Зайытов айтысқа шығу туралы сауалға да жауап берді. Оның сөзіне қарағанда, айтысудан кетәрі емес, бірақ оған дайындалуға уақыты жоқ.

Айтысқа шығуға болады, бірақ дайындыққа уақыт жоқ. Күнде кешке дейін жұмыста. Өзің көп нәрсені білмей келгенсің. Ана заң, мына заң. Парламент регламенті дегенді жаттып итім шығып жүр. Оның қасында тағы 2-3 кітап бар екен. Оның бәрін жатқа білмесең, тағы талап жейді.

Арқаны кеңге салғаннан кейін, өзім де қарсы емеспін. Керісінше, депутат ретінде айтысып көргім келеді, - деді Зайытов.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: