«Алаш» партиясының 105 жылдығына орай конференция өтті

26 Тамыз 2022, 19:21 1878

Жиында ұлт-азаттық қозғалысқа қатысты бірнеше мәселелер талқыланды

«Ақ жол» демократиялық партиясы және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Алаш» ғылыми-зерттеу институты «Алаш республикасының 105 жылдығы және қазақ конституциясының бастауы: жаңа дереккөздері, мәселелер және зерттеу келешегі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізді, деп хабарлайды El.kz

Аталған іс-шараға елімізден, Қырғыстан, Ресей, Жапония және өзге де мемлекеттерден ғалымдар онлайн түрде қатысып, жеке пікірін білдірді.

Дихан Қамзабекұлы қоғамдағы жас буын өкілдері Алаш туралы біліп, оған қатысты мәліметтерді қолға түсіруі керегі жайлы айтты. Сонымен қатар ол Алаш автонoмиясына күдікпен қарайтын адамдарға беретін жауабы дайын екені жөнінде де сөз қозғады.

«Соңғы уақытта Алашқа күдік келтіре бастаған азаматтар пайда болып, Алаш автономиясына байланысты баспасөзде түрлі пікірлер де шығып жатыр. Осының барлығына жауап беретін ғылыми зерттеулеріміз, тұжырымдамаларымыз бар», – дейді алаштанушы, әдебиет тарихшысы Дихан Қамзабекұлы.



Конференцияда Дихан Қамзабекұлы айтып кеткендей жастардың Алаш туралы білімін арттыру жолында Қазақстан парламенті мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының лидері «Ақ жол» демократиялық партиясының «Алаш» партиясына арнап жыл сайын байқау өткізетінін атап өтті.

«Мен кез келген қазақ үшін Алаштан артық құндылық жоқ деп санаймын. «Ақ жол» демократиялық партиясы жастар арасында жыл сайын «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауын өткізіп отырады. Мақсаты – Алаштың мұрасын зерттеу және Алаш арыстары көтерген құндылықтарды заманауи мемлекетімізде қолдану», – дейді Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының лидері Азат Перуашев.

Сондай-ақ Азат Перуашевтің айтуынша, біз соңғы деректерге сүйе отырып, «Алаш» республикасын тек қана тәуелсіздікке ұмтылған мемлекет ретінде санамай, оны тәуелсіз мемлекет болған деп нық сеніммен айта аламыз.

Жинында Қазақстан Парламенті мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының лидері ұйымдастыру комитетіне 2 ұсыныс бар екенін айтып жеткізді.

«Біріншісі, Сыртқы істер министрлігі алдына Райымжан Мәрсеков не Нәзір Төреқұловтың ескерткішін орнату. Екіншісі, «Алашқа тағзым» шеруін ресми, мемлекеттік түрде өткізуді енгізу қажет», – деді Азат Перуашев.

Жиынға жиналған ғалымдар бұл пікірмен келісіп, өз ойын айтып, түрлі мәселелерді талқылады.


Ажар Лаубаева
Бөлісу: