Қаламгерлерге кітабын тарату үшін әдеби агент қажет пе?

24 Тамыз 2022, 11:43 3069

Әдеби агент – баспа мен автор арасындағы алтын көпір

Бүгінгі күннің жастары білім алып қана қоймай, жаңа әрі қызық кітаптарды оқығанды жақсы көреді. Мұндай басылымдарды қаладағы кітап дүкендерінен табуға болады. Мысалға келтіре кетсек, неше түрлі 3д, форматы әдеттегіден өзгеше, QR коды бар интерактивті кітаптар бар. Олардың ішінде «Жоғалған доп», «Менің ұзын кітабым», «Мультфильм кітап «Бибігүл»» басылымдары сұранысқа ие. Ал ересектердің шетел әдебиетінен Гүзел Яхинаның «Зүлейхананың оянуы», Орхан Памуктың шығармалары, Халед Хоссейнидің «Батпырауық қуған бала» кітаптары, қазақ әдебиетінен Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Ілияс Есеенберлиннің «Көшпенділер», Қайрат Жолдыбайұлының «Кемел адам» атты туындылары көңілінен шыққан.

Ал кез келген басылым жоғарыда аталып кеткен кітаптар секілді оқырман арасында тез таралып кетуі үшін оны жақсылап жарнамалап, өткізетін, авторға көмектесетін агенттік қажеттілігі туындайды. Алдымен еліміздегі әдеби агенттерге тоқталып кетелік.

Қазақстанда қандай әдеби агенттіктер бар?

Елімізде қаншама жаңа кітаптар шығып, сатылып жатқанымен, оның таралу деңгейі шетелмен салыстырғанда төмен. Мұның бірден-бір себебі шет мемлекеттерде әдеби агенттіктерінің жоғары деңгейде дамуы болып отыр. Алайда Қазақстанға «әдеби агент» ұғымының келгеніне көп уақыт өте қоймаса да, түрлі агенттіктер ашылып, жұмысын атқара бастады. Әдеби агент – жазушының құқығын қорғап, кітабын басып шығаратын баспаны табуға, оны өткізуге көмек беретін баспа мен автор арасындағы алтын көпір іспеттес. Сондай-ақ ол қолжазбаның толығымен сапалы кітап болып шығуына, яғни редакциялау процесіне қатыса отырып, оның мұқабасының дизайнына, ішіндегі иллюстрацияларына да тікелей жауап береді. Автордың кітабына рецензентті тауып, келісімге отырады. Кітабын оқырмандарға насихаттап, оны арнайы тәсілдерімен, мысалы жарнамалау, кездесулер ұйымдастыру, кітап дүкендеріне жеткізу арқылы таратумен айналысады. Танымал тұлғалармен келісіп, кітабыңыздың алғашқы презентациясын өткізе алады. Әрине бұл жұмыстардың барлығы тікелей автордың қалауымен өткізіледі. Сонымен қатар агенттік баспа мен жазушы арасында келіссөз жүргізіп, оған арнайы заңгерді де таба алады. Агенттің арқасында қаламгер өз құқығын толық қорғап шығады. Егер жазушы әдеби агентті дұрыс таңдай білсе, алаңдамай өз қолжазбасын сеніп тапсыра алады.

Агенттік жөнінде сөз қозғағанда, елімізде жазушылармен жұмыс істеп, танылып келе жатқан қазақстандық әдебиеттанушы әрі әдеби агент Анар Қабылқақты атап кетпегенміз жөн болмас. Оның әдеби агенттікке деген қызығушылығы 2017 жылдан бері басталған. Жазушы Сәуле Досжанға ұсыныс жасай отыра, Қазақстанда алғашқылардың бірі болып тәжірибе ретінде бірлесе кітап шығарған. Анар Қабылқақ автордың брендімен, жаңа шығармаларына баспаны тауып, редакциядан өткізіп, қолжазбаларының толыққанды кітапқа айналуына, таралуына дейінгі барлық әдеби агентке тиіс талаптарды сақтай отырып жұмыс атқарған. Қаламгер агенттікпен жұмыс жасағанының арқасында еліміздегі танымал жазушыға айналып, 2020 жылы 20 миллион теңге табыс тапқан. Тіпті ағылшын тіліне аударылған новеллалары әлемдік Букер сыйлығына ұсынылған. Мұның өзі авторға әдеби агентпен бірге жұмыс істеу тиімділігінің көрсеткіші болмақ.

Агент пен автордың жұмысы, тәжірибесі туралы білу үшін Анар Қабылқақтың жеке өзінен ақпарат алдық.

«Әдеби агенттік терминінің өзі біздің Қазақстанның нарығына енді еніп жатыр. Оның әрі қарай дамып кетуі үшін баспалар да, авторлар да әдеби агентке қызығушылық танытуы керек. Менің қаламгерлерге қоятын бірінші талабым, агенттікпен тіл табыса отырып жұмыс жасай білуі. Екіншіден, жазған шығармаларының жақсы, автордың талантты болуы. Мен оқырман талабына сай, тез өтіп кететін кітап жазатын жазушылармен жұмыс жасаймын. Қазір Нұрбек Нұржанұлы деген автордың «Кітап патшалығының сақшылары» повесін редакциялап жатырмын. Оны басқа тілдерге аударып, Еуропа, Түркия, Қытайға танытсам деген ойдамын», – деп жауап берді Анар Қабылқақ.

Анар Қабылқақ 2021 жылы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Үмітхан Мұңалбаевамен бірге қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылған «Әдеби агент жаңа кезең көкжиектері» атты кітабын жазып шыққан. Енді қазақстандықтарға, оның ішінде қаламгерлерге агенттік туралы ұғыммен таныс болуға, толық ақпаратты алуға мүмкіндік бар десек те болады.

Қазақстандағы әдеби агент Анар Қабылқақтан басқа Марфуға Шапиян мен Айбек Өжкенді атап кетуге болады. Олар бірге 2020 жылы «Marfu PRESS» баспасын, 2022 жылы «Marfu AGENCY» әдеби агентін құрған. Әдеби агентті зерттей келе, жақында ғана ашылған агенттіктің жұмысы жайлы білу үшін Марфуға Шапиянның өзімен байланысқа шықтық.

«Әдеби агентті бізге де шетелдегідей кітап нарығына келсе деген оймен аштық. Әзірге жұмыс жоғары деңгейде жүріп жатыр деп айта алмаймын. Өйткені әлі агенттікті халық онша түсіне бермейді», – деп жауап берді.

Әрине Қазақстанда біртіндеп әдеби агенттіктердің ашылып жатқандығы қуантатын жайт. Бірақ ол туралы баспаларға, жазушыларға ақпарат толық таралмай жатыр. Оның үстіне қазақстандық әдеби агенттер енді жұмыс жасап келе жатқандықтан, көбіне кітап шығаруға, таратуға қаржыны жазушыдан сұрайды. Мұның барлығына жететіндей қомақты сомма қаламгерлердің барлығында болмауы мүмкін.

Жазушылар әдеби агенттік туралы не ойлайды?

Агенттікпен жұмыс істеу туралы тікелей авторлардың ойын білу үшін балалар жазушысы Зәуре Төреханның пікірін сұрадық.

Жазушы бізге жөні түзу әдеби агенттер қажет дейді. Олар кітап сатылымдарынан табыс табуы керек. Ал біздің әдеби агенттер көбінесе автордан ақша сұрайды, ал бізде ақша жоқ. Әдеби агенттер Қазақстанда дамымаған. Кітап сатылымынан Қазақстанда мардымсыз пайда келеді. Кітапты оқитын халық аз деп пікірін білдірген болатын. Жақында бір әдеби агентпен жұмыс бастап жатқандығы туралы да айтты.

Ал балалар жазушысы Мейіржан Жылқыбай болса, әдеби агент жөнінде былай деп пікірін білдірді.

«Мүлдем ешқандай әдеби агенттермен жұмыс істеген емеспін. Қазақстанда санаулы әдеби агенттер бар, бірақ сапаларына менің көңілім толмайды», – дейді.

Шынымен де біздің елімізде әдеби агент әлі де шетелдегідей жоғары деңгейге жете қойған жоқ. Десе де біртіндеп Қазақстанда агенттіктер жұмысын қолға ала бастағаны қуантарлық жайт. Егер мемлекетімізде агенттіктер көптеп ашылып, өз жұмысын жоғары деңгейде атқарса, жазушылар кітабын оқырмандарға бірнеше тиражбен тарата алар еді.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: