10.07.2025
14:50
5373
Алакөл мен Балқаштың айқайы Ақордаға жетті: енді не өзгереді?

Алакөл мен Балқаштың айқайы Ақордаға жетті: енді не өзгереді?

Жаздың аптап ыстығы басталысымен жұрт демалыс іздеп, жолға шығады. Бірі Алакөлге, бірі Қапшағай мен Балқашқа қарай бет алады. Бірақ барған жерде көңіл көтерудің орнына, түрлі қолайсыздықпен бетпе-бет келеді. Жол азабы, сервис сапасы, қауіпсіздік мәселесі – бәрі демалушының мазасын қашырады. Бұл түйткіл ел президентінің де назарына ілікті. Бұл мәселенің  ушығып тұрғанын көрсетеді. Туризм бар деп айтқанымызбен, ел ішінде шын мәнінде дұрыс демалуға мүмкіндік бар ма? Осы сауалға жауап іздеген El.kz тілшісі  ішкі туризмнің қазіргі ахуалын саралап көрді.

Ішкі туризм қызығушылыққа ие, бірақ сапа жағынан ақсап тұр

Қазақстанда соңғы жылдары ішкі туризмге деген сұраныс күрт артты. Халықтың көбі шетел асып қымбат демалыс жасамай, ел ішінде тыныққанды қалайды. Бұл жағынан табиғатымыз да, суымыз да, күн көзіміз де жеткілікті. Бірақ, өкінішке қарай, инфрақұрылым, қызмет көрсету, қауіпсіздік пен тазалық тұрғысынан көп жерде талап деңгейі өте төмен. Мәселен, шілденің алғашқы демалыс күндері Балқашқа ағылған жұрт саны 60 мыңнан асып кеткен. Қалаға 20 мыңнан астам көлік кірсе, 7 мыңдай адам теміржол арқылы жеткен. Көл жағасындағы демалыс орындары лық толы. Бірақ демалушылардың көңілі күпті.

Қалаға кіргеннен-ақ қиындық басталды. Жанармай бекетінде ұзын-сонар кезек, дүкендерде азық-түлік тапшылығы, қоғамдық орындарда тәртіп те, тазалық та жоқ. Табиғат әдемі, бірақ жағдай жасалмаған, – дейді астаналық тұрғын.

Алакөл мен Қапшағай да осы күйде

Дәл осы жағдай Алакөл мен Қапшағайда да қайталанып отыр. Жаз бойы турист үзілмейтін бұл өңірлерде ең қарапайым қажеттіліктердің өзі дұрыс жолға қойылмаған. Қоғамдық дәретханалар жетіспейді, көлік тұрағы жүйесіз, медициналық көмекке қол жеткізу қиын, ал кей жерде тіпті қоқыс жәшігі де жоқ.

Бұл жағдай ел президентінің де назарынан тыс қалмады. Мемлекет басшысына халықтан түскен шағымдар аз емес. Президент Тоқаев Алакөл маңындағы туризмнің ахуалын қатаң сынға алып, Үкіметке нақты тапсырма берді:

Қажетті туристік инфрақұрылым, қызмет көрсету мен қауіпсіздік лайықты деңгейде қамтамасыз етілмеген. Үкімет бұл мәселені шұғыл түрде шешіп, олқылық жіберген лауазым иелерін жауапқа тартуы керек, – деді президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.

Овертуризм – қолайсыздықтың басты себебі

Шетелдік туризм саласында “овертуризм” деген термин бар. Бұл – бір аймаққа шектен тыс турист жиналып, табиғи орта мен инфрақұрылымға салмақ түсуі. Қазір осы жағдай Қазақстанда да анық байқала бастады.

Демалушылар көп, бірақ қызмет көрсететін орын, жол, дәретхана, қоқыс шығару сынды қарапайым дүниелер сол адамдар легін көтере алмай отыр. Мұндайда демалыстың орнына, әуреге түсіп, шаршап қайтасың.

Неге өз елімізде қолайлы демалыс ұйымдастыра алмаймыз?

Жауап біреу емес, бірнешеу. Біріншіден, кей әкімдіктер жазда турист көп келетінін біле тұра, дайындықты кеш бастайды немесе мүлде назар аудармайды. Екіншіден, кәсіпкерлер табыс табуға асық, бірақ сапаға келгенде тартынып жатады. Үшіншіден, ешкімнен нақты талап, бақылау жоқ.

Нәтижесінде демалғысы келген халықтың көңілі қалуда. Көп адам “келесі жылы шетелге барамын” деген оймен қайтып жатыр. Бұл – ішкі туризм үшін қауіпті белгі.

Иә, Қазақстанда демалуға болатын орындар көп, табиғат көркем. Бірақ соған сай жағдай жасалмағаны өкінішті. Тіпті президенттің өзі бұл мәселеге араласуға мәжбүр болып отырса, мәселенің қаншалықты күрделі екенін аңғаруға болады.

Ішкі туризм дамуы үшін ең алдымен халыққа шынайы, сапалы, жайлы демалыс ұсыну керек. Әйтпесе, табиғатымызбен мақтанып қана қойып, туристерден айырылып қалуымыз әбден мүмкін.