Альцгеймер: ақыл-ес кемуінің алдын алу шаралары

17 Мамыр 2019, 16:42 11294

Егде жастағылардың 60 %- 80%-ы осы дерттің құрбаны болады

Альцгеймер ауруы – деменцияның (кәрілікте келетін ақыл-парасаттың кемдігі) кең таралған түрі. Оны 1906 жылы неміс психиатры Алоис Альцгеймер сипаттаған еді. Нейрогенеративті дерт көбінесе 60-тан асқан адамдарда кездеседі. Оның анық белгілері – ұмытшақтық пен шамадан тыс артық сөйлеу. Ондай жандар кейде дұрыс, кейді тіпті миға сыймайтын дүниелерді айтып сандырақтап кетуі де мүмкін. Үлкен кісілердегі бұл құбылысты біз «алжыпты» деп жатамыз. Ал оның медицинадағы атауы – «Альцгеймер».

Осыдан екі жыл бұрын Қазақстанда «кәрі кісілердегі ақыл-естің кемдігі» 170 мың адамда байқалған еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есептеуінше, келер жылы олардың саны 300 мыңға жетіп қалуы ықтимал екен. Бұл дерттің белең алуы еліміздегі дәрігерлердің Альцгеймер дертінің анық белгілері бар МРТ суреттерін дұрыс оқи алмауынан болып отыр дейді мамандар. Яғни, олар есте сақтау қабілетіне жауап беретін мидың бөлігі – гиппокамптың жағдайын суреттеп беруге қауқарсыз екен. Десе де, еліміздгі ақ халатты абзал жандардың біліктілігі жыл сайын арта түсетініне сенім білдіреміз.

Жалпы, егде жастағыларда кездесетін неврологиялық бұзылыстардың 60 %- 80%-ы Альцгеймерге тән. 60 жастан асқандар осы дерттің шырмауына түспес үшін алғашқы белгілері біліне бастағаннан дәрігерге асығуы керек. Дер кезінде арнайы маманның көмегіне жүгіну ми жасушаларының жаппай қырылуын бәсеңдетеді.

Сонымен, Альцгеймердің ертерек білінетін қандай симптомдарына мән берген жөн?

Күнделікті өміріңізді күрделендіретін есте сақтау қабілетіндегі бұзылыс

Үдемелі ұмытшақтық – Альцгеймер дерті жақындап келе жатқанын білдіретін бірінші және маңызды белгі. Сіз кеше ғана әріптесіңіз не туралы айтқанын есіңізге түсіре алмайсыз. Маңызды даталар мен жоспарланған іс-шараларды ұмытып жүрсіз. Таныс адамыңызды көрген бойда, сізді «бұрын бір жерден көрген сияқтымын, есімі кім еді?» деген сұрақ мазалайтын болады. Осындай қиындықтардың кесірінен ескертпелер жазып, телефоныңыздағы еске түсіру функциясына жүгінуге тура келеді. Ұмытшақтық өміріңізді тым қиындатып жібермес үшін тезірек терапевтке жазылыңыз. Тағы басқа симптомдарды іздеп, уақыт өткізіп жүрмеңіз!

Жоспарлаудағы және шешім қабылдаудағы қиындықтар

Есте сақтау қабілетіңізде ешқандай өзгеріс жоқ, сіз кеше немен айналысқаныңызды, ертең қандай шаруалар істеу керектігін жақсы білесіз. Алайда, оны қалай істейсіз? Жоспарлау процесі бұған дейін оңай көрініп, еш қиындық тудырмайтын еді. Ал қазір ше? Ауыр жүктемеге айналып, шешімі жоқтай шиеленісіп кеткен...

Қонаққа шақырған туысыңыз не досыңызға нақты қалай жауап беруді білмейсіз. Себебі, ол уақыт да алдын-ала жоспарлауды қажет етеді емес пе? Коммуналды төлем жасауды да жиі естен шығарып жүрсіз. Тіпті ең қарапайым есептеуде қателікке бой алдырып, өз әмияныңызда қанша ақшаңыздың барын да ұмытып кете бересіз. Жадыңыздағы осындай шатасулар, шабуылдаушы деменциядан бірінші боп зардап шегетін мидың атқарушы жүйесіндегі проблемадан хабар береді.

Үйреншікті жұмыстарды атқарудағы қиындық

Бұл ойынды бұған дейін бірнеше рет ойнағаныңызбен, қазір қарапайым ережелерін есіңізге түсіре алмай тұрсыз. Өзіңіз өте жақсы білетін көшелерден адасып кеткеніңізді түсіндіңіз.  Телефоныңыздағы күнде көріп жүрген кей бағдарламаларды қолдану қиындық тудырып тұр ма?  

Бұған дейін оңай болған қарапайым нәрселерде қателікке бой алдыру  – өте маңызды симптомдардың бірі болып табылады.

Уақыт пен кеңістікте адасу

Терең ойға батқан кездері айналаңызға көз тастап: «Мен қайдамын? Бұл жерге қалай тап болғанмын?»  деген сұрақтарға бас ауыртып жатасыз. Немесе досыңызбен дәл қай уақытта кездескеніңізді есіңізге түсіре алмайсыз: «Кеше ме? Әлде екі күн бұрын ба? Жоқ, өткен жазда ма?».

Уақыт пен қашықтықты есептеу сондай қиын тапсырмаға айналады. Сол сияқты баспалдақпен түсіп-көтерілуде, ванна қабылдауда (оған түсу керек, ал үшін оның тереңдігі қаншалықты екенін білу маңызды емес пе?), қажетті жерге жетіп бару үшін жол іздеуде қиындықтар туындайды.

Сөйлеуде және жазудағы проблемалар

Сөздерді жиі ұмытып не шатастыра бастау да Альцгеймер ауруының бір симптомы. Сөздік қорыңыз тіпті жұтаңдап, ойыңызды жеткізуде қиындықтарға тап боласыз. Алайда, мидың жұмысындағы бұзылыс ойыңызды қысқа әрі нақты тұжырымдауға кедергі келтіретіндіктен көп сөзді боп, ұшы-қиыры жоқ мәнсіз әңгімеге басасыз. Сөйлеу барысында дәл қазір айтқалы жатқан ойыңызды ұмыту да жиі кездесіп жатады.

Заттардың жиі «жоғалуы»

Көзілдірік не әмияныңызды қайда қойғаныңызды ұмытып кетіп, жиі іздеумен уақыт өткізесіз бе? Бұл барлығымызда болып тұратын құбылыс болғанмен, жақындап келе жатқан деменцияда ол анық көрініп тұрады. Заттар жиі «жоғала» береді, ал сіз оны кім алып, орнына қоймай кеткенін білмей дал боласыз. Ендеше, дәрігерге жүгіріңіз.

Естілік, парасаттылықтан айырылу

Альцгеймер дерті адамдарды аңғал етіп, өмірге деген икемділігінен айырады. «Жыл соңында үш есе табысқа кенелесіз» деген алаяққа сеніп, жиған-тергеніңізді қолына ұстата салу оп-оңай. Далада аяз бола тұрса да, терезеден түскен күн сәулесіне сеніп, жұқа киіммен сыртқа шығып кету проблема емес.

Миына Альцгеймер ауру шабуыл жасайтын адамдар айналасына қандай әсер қалдыратынын өздігінен бағалай алмағандықтан, абыржыған күйге түседі. Керісінше, күні кеше сатып алған қысқа толқынды пешті көршілері «өлген тамақ» дайындайды деп айтқандығынан, қоқысқа лақтыра салуы мүмкін.

Күнделікті жұмыс пен әңгімелесуге қызығушылықтың жоғалуы

Апатия, бірнеше жылдары бойы айналысып келе жатқан сүйікті ісіңізге деген қызығушылықтың төмендеуі, жақын достарыңызбен де әңгіме-дүкен құрудан қашу жақындап келе жатқан деменциядан хабар береді.

Тұлғалық қасиет пен мінез-құлықтағы өзгеріс

Деменция адамдарды өзгертіп жібереді. Кеше көңілді, оптимист болған жан бүгін өмірдің әділетсіздігіне шағымдана береді. Достарымен жиі бас қосып, көңіл көтергенді ұнататындар ойда-жоқта өмірден түңіліп шыға келеді. Тіпті, балаларын «менің дүниеме иелік ету үшін өлгенімді күтіп жүр» деп жазықсыз айыптауы да мүмкін. Сабырлы әрі биязы адам жоқ жерден ұрыс шығарып, айқайға баса жөнеледі. Осындай мінез-құлықтағы айқын көріністер адамның миында өзгеріс барын жеткізіп тұр.

Егер өзіңізден Альцгеймер ауруының белгілерін байқасаңыз....

Ең бірінші терапевтке барып, өзіңізде пайда болған барлық симптомдарды тізіп шығыңыз. Дәрігер қосымша сұрақтар қойып, бірнеше анализдер (зәр, қан және қалқанша безіне гормондар) тапсыртуы мүмкін.  Деменцияның кейбір белгілері эндокринді бұзылыстар, депрессия, анемия секілді аурулармен ұқсас болып келетіндіктен, шатастырып алмаудың маңызы зор.

Егер терапевт сіздің күдігіңізді дәлелдесе, нервологқа жолдама аласыз. Ол сіздің жағдайыңызды бағамдай отырып, профилактикалық шаралар қолданатын болады. Өкінішке қарай, Алцьгеймер ауруының жолын кесу, тоқтату мүмкін емес. Бірақ, дамуын кешеуілдетуге әбден болады.  

Айтпақшы, деменцияның бұл түрімен профилактиканы өзіңіз де жүргізе аласыз. Оның қатарына мыналар кіреді:

- Рационыңызға жеміс-жидек, көкөніс, балық, жаңғақ  пен зәйтүн майын енгізіңіз. Ең дұрыс жерортатеңіздік диета ұстаңыз.

- Күн сайын миға жаттығу жасаңыз: көбірек оқып, кроссвордтар мен басқатырғыштар шешіп, жаңа нәрсені білуге ұмтылыңыз. Әңгімелесудің де пайдасы бар.

- Физикалық жүктемеге мән беріңіз: жаяу жүріп, жүгіріп, суда жүзумен айналысыңыз. Велосипед теуіп, аэробикамен шұғылданыңыз.

- Темекіден бас тартыңыз: шылым шегуге құштарлық Альцгеймер ауруының дамуына жол ашады.

Альцгеймер ауру туралы көпшілікті қызықтыратын бірнеше сауалдарға жауап іздеп көрген едік. Сонымен, бұл дерт өлімге алып келе ме? Неге әйелдер жиі ұшырайды?

Альцгеймер дерті ажалға жетелеуші

АҚШ-та өлімге алып келетін себептердің ішінде Альцгеймер ауруы 6-орында тұр. Адамдар бұл диагноздан қатты қорқатындықтан, өздеріндегі симптомдарын ашып айтпай жатады. Оның кесірінен науқасқа дер кезінде көмек көрсетілмей, іс насырға шабуы ықтимал.  Бірақ қазір осы дертке шалдыққандарға белсенді өмір сыйлап, жағдайын бір қалыпқа түсіруге көмектесетін әдіс бар.

Оны болдырмаудың жолы әлі анықталған жоқ

Альцгеймерге қарсы тұруға жәрдемші екпелер әлі өмірге келген жоқ. Десе де, физикалық белсенділік адам миының жақсы сақталуын қамтамасыз етеді. Жоғарыда айтып кеткен профилактиканы күнделікті өміріңізге енгізіп алсаңыз, сізге тек Альцгеймер емес басқа сырқаттардың тісі батпайды.

Генетикалық бейімділікті алдын ала анықтауға болады

Альцгеймер ауруына апарыуы мүмкін АпоЕ4 генін анықтайтын тест бар. Ол жер шарындағы 20 % халықта кездеседі. Бірақ, олардың барлығы егде жасқа келгенде ақыл-парасат кемістігіне ұшырайды деген сөз емес. Дәрігерлер бұл тестен өтудің маңызы жоғын айтады, себебі ол нақты жауапты бермеуі мүмкін. Оның үстіне АпоЕ4 гені барын білген адамдар миға жаттығу жасауды мүлде қойып кететін көрінеді.  

Отбасы мүшелерінде Альцгеймер ауруы кездессе, менің де ауруым мүмкін бе?

Бұл – қауіп факторы. Егер ата-анаңыз, туған ағаңыз бен әпкеңізде кездессе, ауруға шалдығу коэффиценті екі еселене түседі. Сонда да ең негізгі фактордың жас екенін ұмытпау керек. Альцгеймер ауруымен күрес Ассоциациясының мәліметінше, 65 жастан кейін аурудың еселенуі әрбір бес жылда орын алады, ал 85 жастан асқандарда оның қаупі 50%-ды көрсетеді.

Бұл дерт әйел адамдарда көп кездеседі

Науқастардың үштен екісі – әйелдер. Ұзақ уақыт бойы оған себеп – әйелдердің ер адамдарға қарағанда ұзақ жасайтындығы деп келген еді. Бірақ, бұл нақты жауап болмай шықты. Әйелдердің ағзасында АпоЕ гені басқаша жұмыс істеуі мүмкін. Оған қоса гормоналды айырмашылықтың да әсері бар.

(Суреттер ашық ғаламтордан алынды)

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: