Алғыс айту – шынайы ықыластың мерекесі

26 Ақпан 2021, 17:33 4930

Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде Алғыс айту күні аталып өтті

Мерекелік іс-шараға Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің, жастар ұйымдарының өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық және салалық ұйым белсенділері қатысты. Достық үйіндегі 22 этномәдени орталықтың мүшелері мол дастархан жайып, келген қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.


Алғыс айту күніне арналған шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Қорғаныс министрлігі сондай-ақ «Жас Сарбаз» патриоттық жастар қозғалысының қолдауымен өтті. Онда әлемнің төрт дүркін Гиннестің рекордтар кітабына енген және Қазақстаннның алты дүркін рекордшысы Сергей Цырульников «Біртұтас Қазақстан!» атты флешмоб ұйымдастырды. Танымал атлет барша қазақстандықтарды алғыс айту күнімен құттықтады. «Күш атасын танымайды»,– демекші алып күш иесі Сергей Цырульников өзін жауырыны жерге тимеген қазақтың әйгілі палуандары Қажымұқан мен Балуан Шолақтың жалғасы көретінін мақтанышпен айтты.


– Тарихтан біз білетіндей Столыпиннің аграрлық реформасы кезінде Қазақстанның шекарасына көптеген өзге ұлт өкілдері депортацияланған болатын. Сол қиын кезеңдерде қазақ халқы оларға көмек қолын созған еді. Біз сондықтан өз тарихымызды құрметтеп, қазақ халқының мейірімділігі мен қонақжайлылығын ұмытпауымыз керек. Барша қазақ жұртына шексіз алғысымызды білдіремін,– деді Сергей Цырульников.


Бағдарламаның екінші бөлімінде Алғыс айту мерекесіне арналған дөңгелек үстел өтті. Аталған шараға ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі, ҚР Парламенті депутаттары, дипломатия өкілдері, Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері сондай-ақ мемлекеттік органдардан келген меймандар қатысты. Сөз тізгінін алған Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкенұлы барша Қазақстан халқын Алғыс айту күнімен құттықтады.


Одан кейін Ассамблея мен этномәдени орталық мүшелері Достық үйіндегі мерекеге арналған көрмемен танысты.

– Күллі қазақстандықтарды Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын,- дейді Нұр-Сұлтан қаласы ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі Наргизам Ділмұратқызы. – Пейілі кең қазақ халқы бір шаңырақ астына 130-дан астам ұлтты біріктіріп, тату-тәтті өмір сүрулеріне жағдай жасап отыр. Түрлі ұлт өкілдерінің бейбіт аспан астында, береке-бірлікте, татулықта айрандай ұйып отыруы – тәуелсіздіктің арқасы. Қазақ ұлтына шексіз алғысымды білдіремін. Сонымен қатар бізді білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызға, жанымыздан табылатын достарымызға, әріптестерімізге ризашылығымды білдіремін.


Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістегі депутаттық тобының жетекшісі, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Сауытбек Абдрахманов Алғыс айту мерекесі биыл елімізде алтыншы рет мерекеленіп отырғанын айтты.


– Алғыс айту күнін кең ауқымда мерекелеу Тұңғыш Президент Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың идеясы,- дейді Сауытбек Абдрахманұлы. – Міне бірнеше күннен бері республика деңгейінде оның ішінде елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында бірқатар шаралар өтеді деп жоспарлануда. Бұл күні Қазақстандағы барлық этнос өкілдері осы ел мен жердің иесі қазақ халқына тағзым етіп, алғысын айтуда. Өйткені қазақ халқы осы жерде тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған сан ұлттың басын қосқан текті ел. Басты байлық жердің астында да, не үстінде де емес адамдардың жүрегінде екенін ерекше сезінеміз. Қазақ халқының төңірегінде топтасқан ниеті түзу өзге ұлт өкілдеріне алғысымызды айтамыз.


 Нұр-Сұлтан қаласы «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығы басшысының бірінші орынбасары Равиль Валиев:

Бүгін біз Достық үйінде Алғыс айту күнін атап өтіп жатырмыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі ретінде бұл мерекенің орны мен үшін ерекше. Қиын-қыстау кезеңде репрессияға ұшыраған халықтарды бауырына басқан қазақ жеріне алғыс білдіреміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай : «Біздің күшіміз – бірлікте».

Іс-шара соңында Ассамблея мүшелері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің алғыс хаттарымен марапатталды. Мерекелік жиын этномәдени бірлестіктер өткізген көрме-жәрмеңкеге ұласты. Шара соңында жиналғандарға концерттік бағдарлама ұсынылып, онлайн-байқау қорытындыланды.

 

 

 

Акжан Ибрагимова
Бөлісу: