Алғысқа бөленген ақ халаттылар

21 Маусым 2020, 10:16 6819

Науқастардың дәрігерлерге алғысы

Маусым айының үшінші жексенбісі  – медицина қызметкерлерінің күні. Бұл мейрам КСРО заманында басталып, бүгінгі күнге дейін атап өтіледі. Осы күні үздік қызметкерлер марапатталып, алғысқа бөленеді. Медицина атасы Гипократ: «Дәрігер арыстандай айбатты, қыздай икемді және анадай мейірімді болуы керек» деген екен. Сондықтан кез келген қоғамның негізгі байлығы – адам. Ал адамның басты дәулеті – денсаулық. Адам денсаулығын қорғау арқылы дәрігерлер халықты сақтайды, мемлекеттің күш-қуатын арттырып, тәуелсіздігіне үлес қосады. Демек олардың мойнына жүктелген кәсіби міндеттің салмағы бір емес, бірнеше атанға жүк боларлықтай. Дәрігерлік атты абыроймен алып жүрген Нұр-Сұлтан қаласындағы ұжымның бірі – «Салауатты Астана» отбасылық-дәрігерлік орталығының ақ халаттылары. Біз дәрігерлерді төл мерекелерімен құттықтай отырып, орталықтың жұмысымен танысып, ем алып жүрген науқастардың пікірін білуді жөн санадық.


Орталықтың бөлім меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Алма Жеңісқызы Базарова Семей мемлекеттік Медициналық Академиясын 1991 аяқтаған. Нұр-Сұлтан қаласында 10 жылға жуық жұмыс істеп жатқан жанның негізгі мамандығы – жалпы отбасылық дәрігер. Жұмыс өтілі 20 жылдан аса уақытты қамтитын Алма Жеңісқызы «Салауатты Астана» отбасылық-дәрігерлік орталығында бөлім меңгерушісінің қызметін атқарады.

– Бүгінгі таңда 18 мыңға жуық халыққа қызмет етеміз. Сауығып кетіп, ем-домын алып, денсаулықтары жақсарып, ризашылықтарын білдіріп жатқан кісілер көп. Барлығына қолымыздан келгенше медициналық көмек көрсетіп жатырмыз. Менің қызметім осы ұжымды басқару және де дәрігерлердің барлығының жұмысын бақылау болып табылады. Ұжымда қазіргі уақытта 11 участок, 7 учаскелік дәрігер, 1 жалпы тәжірибелік дәрігер, балалар дәрігері, гинекологтар мен акушерлер, фельдшерлер бар. Бүгінде әлемді жаулаған пандемияға байланысты біздің орталыққа келіп жатқан науқастар көп. Орталықтың медицина қызметкерлері дене қызуы көтеріліп, басы ауырып, балтыры сыздап келгендерді үйлеріне қайтармай, фильтр бөлімінде қабылдап, емдеу шараларын жүргізіп жатыр, – деді Алма Базарова.


Сонымен қатар бөлім меңгерушісі Алма Жеңісқызының айтуынша, отбасылық-емдеу орталығы жалғыз басты әйелдерге, жағдайы төмен отбасыларға, толық емес жанұяларға, мүгедектергекөмек көрсетеді екен.

– Біз әр науқасқа ерекше қарым-қатынаспен қараймыз. Сонымен бірге бізде әлеуметтік қызметкеріміз бар. Ол кісі әкімшілікпен тікелей байланыс жүргізеді. Тіркеуде тұрған көп балалы аналардың ішінде тұрмысы жақсы отбасылар да бар. Біз негізінен жағдайы төмен отбасыларға, жалғыз басты аналарға қаржылай да көмек көрсетеміз, – деді дәрігер.

Орталықта тұрақты түрде тіркеуде тұрып, ем алып жүрген елордамыздың тұрғыны Залина Мейіржанқызы орталық дәрігерлеріне деген өзінің шексіз алғысын білдірді.


– Мен бұл орталыққа басқа емханадан ауысып келдім. Қаншама рет денсаулығым сыр беріп, баламның мәселелерімен келсем де дәрігерлер үнемі көмек көрсетуге дайын тұрады. Туындаған барлық мәселелерімді шешіп береді. Бөліп жарып айтпай-ақ қояйын барлығы өз істерінің мамандары, жұмыстарын тыңғылықты орындайды. Кеше кешкі сағат жетілерде баламның мәселесімен орталыққа келдім. Орталық жұмысы 18.00-де аяқталса да, бөлім меңгерушісі, отбасылық дәрігер Алма Базарова жұмыс орнында отыр екен. Тым кеш болып кетсе де, маған уақыт бөліп, келген мәселем бойынша өз көмегін көрсетті. Сондықтан да мен тек бұл ұжымға емес, барлық ақ халатты абзал жандарға алғысымды білдіргім келеді,– деді қала тұрғыны.


Ал екінші емделуші жас ана Құндыз Бейсенова болса екі жылдан бері осы орталықта тіркеуде тұрғанын айтты. Жақында босанған нәрестесінің аман-сау дүниеге келуіне септігін тигізіп, уақытында екпелерін қабылдауға шақырып отыратын, ем алып жүрген орталықтың жалпы тәжірибелі дәрігері Сәуле Қалиқызына алғысын білдірді. Сәуле Тлеукенова отбасылық-емдеу орталығының біліктілігі жоғары, жалпы тәжірибелі дәрігері. Бүгінде ол өз бөлімінде 1700-ге жуық адамның денсаулығына жауапты. 30 жылдан астам тәжірибесі бар дәрігерге алғыс айтқандардың саны көп. Сабырлы әрі қарапайым маманның келген емделушілердің көптігінен бізбен тілдесуге уақыты аз болды.

– Бізде бөлімде бұрын бір дәрігер 3500-ге дейін науқасты қараса, қазіргі кезде әр учаскелік дәрігер 1700 адамнан қарайды. Оның ішінде екпеге, анықтама алуға келген, денсаулығына байланысты амбулаториялық емдеу жүргізіп жүрген, диспансерлік бақылаудағы кісілер бар. Осы адамдардың барлығы дәрігерлерге келеді. Солардың барлығын қабылдайтынбыз. Қазір екпе егу керек болса, өз уақытында шақырып отырамыз. Ол педиатрдың жұмысына кіреді. Орталық екі зонаға бөлінген. Бір бөлігінде екпеге келген балаларды аналарымен бірге қабылдаймыз. Екінші бөлігіндегі науқастарды қабылдаймыз. Олар бір-бірімен байланыста болмайды. Әр дәрігер емделушіге толық кеңес беріп, қай уақытта келетіндігін уақыт бойынша белгілейді. Учаскелік дәрігер науқастарды уақытында шақырып отырады. Немесе олардың үйлеріне барып, денсаулықтарын бақылауда қадағалап отырады, – деді бөлім меңгерушісі Алма Базарова.


«Салауатты Астана» отбасылық емдеу орталығы тұрғылықты халыққа сақтандыру қорынан тегін қызмет көрсетеді. Бүгінде коронавирусқа байланысты адамдардың барлығының денсаулықтары сақтандырылған. Жұмысы бар кісінің еміне жұмыс беруші жалақысының бір бөлігінен төлем жасап отырады.

– Біздің орталықта үш гинеколог дәрігер бар. Әр гинеколог дәрігер 120 әйелден қарайды. Және де үш акушеріміз бар. Олар жүкті әйелдерді жағдайына байланысты қарап, кеңес беріп отырады. Сонымен қатар жеке акушер-генеколог бар. Ол 15-49 жастағы бала табуға мүмкіндігі бар әйелдерді қабылдайды. Оларды емдеп порталға тіркейді. Балалы болардың алдында әйелдердің денсаулығын жақсартуға сол кісі көп көмек көрсетеді. Және де фильтр кабинеті бар. Онда дәрігер коронавирус, басқа да жұқпалы аурулармен келген кісілерді жедел жәрдем шақырғанша, аузынан жағынды алып,изолятор бөлмесінде ұстайды. Ол кісі басқа адамдармен байланыста болмайды. Сонымен қатар бізде дәрігерге дейінгі кабинет бар. Онда фельдшер келген кісілердің қан қысымын өлшейді. Кейбір базада жоқ кісілерді тіркеп отырады. Әйелдер мен ер кісілерді скринингтан өткіземіз. Бұрын бұл шара екі жылда бір рет өтетін еді. Биылдан бастап жыл сайын қатерлі ісіктің алдын алу үшін тексеріс жүргізіліп отырады. Орталығымыз жұмысқа қажетті барлық құрал жабдықтармен жабдықталған,– деді дәрігер Алма Жеңісқызы.


– Дәрігер көбіне қазіргі таңда коронавирус белгілері бар науқастар, сонымен қатар қан қысымы, қант диабеті және бүйрек ауруларымен жиі ауыратын науқастардың көп екендігін айтты. Жалпы ауруларға себеп болатын жағдайлар өте көп. Ол салауатты өмір салтын ұстанбау, артық салмақ, қоршаған орта, тамақтану мен генетика әсер етеуі мүмкін, – дейді дәрігер.

Және де жүре және туа пайда болған аурулардың түрлері де жиі кездесетін көрінеді. Орталықта жалпы тәжірибелі дәрігер болып жұмыс істейтін Динара Қожахметова өз ауданы бойынша №8 участоктегі адамдарды, шақырту бойынша науқастардың үйіне барып және орталыққа келгендердің денсаулығын қарайды. Бүгінде вирусқа байланысты келетін науқастар мен көп шақыртулар келіп түсетіндігін айтқан дәрігер ем алуға келген адамдардың сауығып кетуіне бар күш-жігерлерін салып жатқандығын айтты.

Орталықтағы фильтр кабинетінде науқастарды қабылдап отырған Цхе Роза Александровна елдегі вирусқа байланысты тазалық сақтап, маска киіп, сақтық шараларын ұстанып жүруге шақырды. Себебі жалпы тәжірибелі дәрігерге күніне әр түрлі жағдайдағы науқастар кеңес алып,емделуге келеді екен. Олардың бірінен вирус анықталса, екіншілері туыстарының коронавирусқа шалдыққандықтарын айтып, өз денсаулықтарына алаңдап көмек сұрап келеді екен.

Сөз соңында барша медицина қызметкерлерін төл мерекелеріңізбен құттықтаймыз. Ел басына күн туғанда денсаулық сақтау ұйымдарындағы көптеген медицина қызметкерлері жоғары жауапкершілікпен, кәсіби біліктілік көрсетіп, ерекше еңбек етіп келеді. Барлық медицина қызметкерлеріне шексіз алғысымызды білдіреміз!

 

(Суреттер: Кейіпкерлердің жеке мұрағатынан алынды)
Акжан Ибрагимова
Бөлісу: