Сауд Арабиясындағы «Эр-Рияд» стадионында «Әл-Наср» мен американдық «Интер Майами» арасында жолдастық кездесу өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Матч алдында ойынға португалиялық Криштиану Роналдудың қатыспайтыны белгілі болды. Ал аргентиналық Лионель Месси алаңға тек 83-минутта шықты.
Негізгі құрам:
«Әл-Наср»: Оспина, Аль-Амри, Лапорт, Теллес, Аль-Элевай, Аль-Бушал, Аль-Сулайхим, Брозович, Талиска, Отавио, Маран;
«Интер Майами»: Коллендер, Авилес, Кривцов, Аллен, Альба, Грессель, Грегоре, Бускетс, Руис, Суарес, Кампана.
Бастапқы 12 минутта-ақ алаң иелері қарсылас қақпасына үш гол соғып үлгерді: Отавио, Андерсон Талиска мен Эмерик Лапорт көзге түсті.
Екінші таймның басында Талиска тағы бір рет мергендік танытса, Мохаммед Маран есепті ұлғайтты. Осыдан соң Талиска хет-трик авторы атанды.
Осылайша «Әл-Наср» 6:0 есебімен жеңді.