Қалқанша безінің бұзылысы жайлы не білеміз?

31 Тамыз 2022, 19:44 7773

Дәрігер терапевт Балжан Ақылбековамен сұқбат

Егер бойыңызды әлсіздік билеп, салмақ қосу, шаршағыштық және ұйқышылдық пайда болса, бұл қалқанша безінің бұзылысына әкеліп соғуы мүмкін. Осы орайда адам ағзасындағы қалқанша безінің қызметі, қалқанша безінің гармоны, жиі кездесетін ауру түрлері және өзге де сұрақтар төңірегінде дәрігер терапевт Балжан Ақылбековамен сұқбаттасқан болатынбыз.

– Балжан Рүстенбекқызы, адам ағзасында қалқанша безі қандай қызмет атқарады? Қалқанша безі жайлы не айтасыз?

– Қалқанша безі – адам ағзасындағы маңызды рөлді атқаратын, алмасу процестерін реттейтін, ішкі секрецияның үлкен безі болып табылады. Қалқанша безі тироксин, трийодтиронин сияқты гормондарды бөлу қызметін атқарады. Адам ағзасындағы йодты сақтап тұратын және құрамында йод бар гормондарды бөлетін без болып табылады. Сонымен қатар зат алмасу мен энергия алмасуды бақылайды.

– Қалқанша безінің бұзылысына тоқталып кетсеңіз? Жалпы жиі кездесетін қандай ауру түрлері бар?

– Қалқанша безі бұзылысынан болған ауруларға гипотиреоз, гипертиреоз, аутоиммунды тиреоидит, микседема, кретинизм, эутиреоз, тиреотоксикоз, жемсау( зоб), диффузды токсикалық жемсау, түйінді жемсау, эндемиялық жемсау және ісік аурулары (қалқанша безінің аденомасы) жатқызуымызға болады. Солардың ішінде ең жиі кездесетіні гипотиреоз және гипертиреоз.

– Қалқанша безінің гормоны жайлы айтсаңыз?

– Қалқанша безі гормондары түрлі жіктемеден тұрады. Иодтиронин және полипептидті гормон кальцитонин. Қалқанша безінен екі түрлі метаболикалық белсенді гормондар тироксин және трийодтиронин бөлінеді.

Тироксин дегеніміз – ол қалқанша безі тиреоидты гормонының негізгі формасы.Негізгі қызметі энергия алмасуын реттеу. Тироксин адам ағзасындағы барлық тіндерге әсер етеді. Дене температурасының көтерілуі, адам ағзасының өсуін қадағалау, нәруыз алмасуына қатысады. Сонымен қатар жүректің жиырылу жиілігін ұлғайтады, жатырдың шырышты қабығын қатайту қызметін атқарады. Жалпы адам ағзасындағы метаболизм мен дәрумен алмасуын реттейді.

Трийодтиронин нәруыз алмасуына, көмірсу, май алмасуына қатысады.Трийодтиронин қалқанша безінде синтезге ұшыраса да негізгі бөлігі қалқанша безінен тыс, яғни бауыр мен бүйректе түзіледі. Көп бөлігі қан плазмасындағы нәруызбен байланысса, қалған бөлігі бос күйінде белсенді болады.Тіндердің оттегімен қамтамасыз етілуін, өттің шығуын, май алмасуын, қандағы глюкозаның мөлшерін жоғарылап немесе төмендетіп реттеп отыру қызметін, адам ағзасындағы сүйектердің өсуін реттейді.

Ол А дәруменінің синтезіне қатысып, В 12дәруменінің ішектерде сіңірілуін реттеп отырады.


– Қалқанша безінің қызметінің бұзылысы қандай ауруларға алып келеді?

– Гипотиреоз қалқанша безі гормондарының жеткіліксіздігінен дамитын синдром. Біріншілік жағдайда қалқанша безінің гипоплазиясыжәне аплазиясынан, тиреоидты гормон синтезінің бұзылысынан, тағаммен йодтың ағзаға жеткіліксіз түсу салдарынан болады. Дәрілік препаратты көп қолданудан, ота жасалғанда (қалқанша безін алып тастағанда), сәулелі терапия салдарынан болуы мүмкін. Екіншілікті жағдайда гипофизарлы, гипоталамикалық түрде,синтез жеткіліксіздігінен тиролибериннің гипоталамустан гипофизге тасымалдауы бұзылысы салдарынан дамуы мүмкін.

Гипертиреоз қалқанша безі қызметінің жоғарылауы, яғни гормондарының шектен тыс бөлінуімен көрініс табатын синдром. Біріншілік жағдайда қалқанша безінен,екіншілік жағдайда гипофиз салдарынан, үшіншілік жағдайда гипоталамус салдарынан болады.

– Қалқанша безі бұзылысы қандай клиникалық белгілермен көрінеді?

– Гипотиреоз жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, баяу әрекет,тез щаршағыштық,ұйқышылдық және есте сақтау қабілетінің төмендеуі,терінің құрғауынан көрініс табады. Сонымен қатар тырнақ сынғыштығы, шаштың сынғыштығы,іш қату белгілері,тәбеттің төмендеуі, дене салмағының ұлғаюы, күндіз ұйқысы келіп, түн мезгілінде ұйықтай алмау сияқты белгілерінен байқауға болады. Сонымен қатар иммунитеттің төмендеуі салдарынан жиі аурушаң ,тұмау сияқты ауруларды тез қабылдап алады. Ас қорыту жүйесіндегі өзгерістер асқазан тұсының жиі ауруы, кекіру. Науқастар қандай мезгіл болмасын тоңғақ болады.

Гипертиреоз кезінде тәбеттің жоғарылауына қарамастан дене салмағының азаюы,тершеңдік, іш өтуі,терінің ылғал болуы, шаштың жұқаруы, ерте жастан шаштың ағаруы байқалуы мүмкін.Сонымен қатар адам баласында мазасыздық, тітіркенгіштік, есте сақтаудың жеңіл бұзылыстары, қол дірілдеуі тремор, депрессия белгілерінің байқалуы, әйел адамдарда етеккір цикл бұзылысы аменореяға дейін (яғни етеккірдің мүлдем келмей қалуы), жалпы бұлшықеттердегі әлсіздік, шаршағыштық сияқты белгілермен көрініс табады. Сонымен қатар жүрек қантамыр жүйесіндегі өзгерістер аритмия,тахикардиямен көрінеді. Ер адамдарда жыныс жүйесіндегі өзгерістерге де алып келеді.

Тиреотоксикалық криз кезінде қалқанша безі гормонның шектен тыс жоғарылауы салдарынан күтпеген жерден дене температурасының жоғарылауы (лихорадка), жүрек жиырылу жиілігінің шамадан тыс жоғарылауы, кей жағдайларда делирий яғни психикалық бұзылыстарға алып келіп, науқасқа шұғыл түрде көмек қажет болуы мүмкін.

– Қалқанша безі бұзылысын анықтау үшін қандай зерттеу әдістері қолданылады?

– Қалқанша безі бұзылысынан болған ауруларды диагноз ретінде эндокринолог дәрігері қояды.Эндокринолог келген науқастың ауру тарихын сұрастырып, зертханалық және құралдық зерттеу әдістеріне жібереді. Жалпы қан анализі, биохимиялық қан анализдері соның ішінде ТТГ (тиреотропты гормон) ,Т 3 (бос трийодтиронин),Т4 (бос тироксин), АнтиТПО (тиреопероксидазаға антидене ) онкомаркер кальцитонин алынады.

УДЗ (ультрадыбыстық зерттеу) қалқанша безінің құрылымы мен тіндердегі өзгерістерді анықтауға, бездегі түйіннің бар жоғын анықтауға көмектессе, биопсия әдісі қалқанша безі ағзасының ішіндегі қатерлі ісіктердің бар жоқтығын анықтауға, сцинтиграфия дәрігерлерге қалқанша безіндегі паталогиялық ошақтарды анықтауға көмек береді.

Гипотиреоздың тума формалары неонатальді скрининг кезінде жаңа туылған сәбидің 4,5 тәулікте анықтайды.

– Қалқанша безі бұзылысынан болған аурулардың еміне тоқталсаңыз?

– Қалқанша безінің бұзылысынан пайда болған аурулардың емін тек эндокринолог дәрігері тағайындайды. Препараттың тағайындалуы әр науқасқа жеке жүреді. Препараттың дозасы клиникалық көрінісіне қарап тағайындалады.Гипотиреоз кезінде гормон жеткіліксіздігін толықтыратын препараттар қолданылса, гипертиреоз кезінде гормон деңгейін төмендетуге бағытталған ем жүргізіледі.Сонымен қатар хирургиялық емге көрсеткіштер болса егер науқаста қалқанша безінің обыр ісіктік ауруларына күдіктенсе, түйінді жемсау (зоб) кезінде яғни түйін шамадан тыс ұлғайып мойынды қысып, тыныс алу мен жұту процесіне кедергі жасаса, дауыстың шығуы бұзылып өзгеріске ұшыраса,токсикалық жемсау (зоб) кезінде егер бірнеше жылдар бойы дәрілік препарат көмегі әсерін тигізбеген жағдайда жасалынады. Кез келген ота жасау алдында науқастар міндетті зерттеу әдістерінен соның ішінде жалпы қан талдауы, тромбоцит деңгейін анықтау, вассерман реакциясы, қандағы глюкоза мөлшері, биохимиялық талдаулар креатинин , мочевина, билирубин, жалпы белок, АЛАТ, АСАТ, коагулограмма МНО, фибриноген, ПТИ( протромбинді индекс), иондалған кальций , гормональді статус ТТГ, свТ4, свТ, св Т3, АТ к ТПО және құралдық зерттеулер ЭКГ (электрокардиограмм), УДЗ ( ультрадыбыстық зерттеу), қалқанша безінен биопсия, эндокринолог және ЛОР дәрігердің консультациясынан өтуі қажет болады.

– Қалқанша безі бұзылыстарының алдын алу шаралары қандай?

– Гипотиреозды болдырмау үшін адамдар тамақтану режимін қалыптастыру керек. Ол дегеніміз құрамында йод мөлшері бар тағамдарды пайдалануы қажет. Йодтың тағаммен күнделікті түсіп отыруы жасқа да байланысты болады. Бала туылғаннан бастап бір жасқа дейін 60 мкг йод,1 жастан 3 жасқа дейін 70 мкг, 3 жастан 7жасқа дейін 90мкг, 7 жастан 11 жасқа дейін 120 мкг, 11 жастан 18 жасқа дейін және ересек адамдар 150 мкг жүкті әйелдер 220 мкг, емізу кезеңіндегі әйелдер 290 мкг йод ағзаға түсіп отыруы қажет. Сонымен қатар салауатты өмір салтын ұстау темекі тарту алкоголь сияқты зиянды әрекеттен арылу керек.

– Сұқбатыңызға рахмет!

Бөлісу: