Актер Кеңес Нұрланов: Қазір театрдың көрермені көбейіп келеді

27 Наурыз, 17:00 1323

Бүгін, 27 наурыз – Халықаралық театр күні. Бұл мереке 1961 жылы Венада өткен ЮНЕСКО жанындағы Халықаралық театр институтының ІХ Конгресінде бекітіліп, дүниежүзінде 1962 жылдан бері тойланып келеді. Халықаралық театр күні – бұл өмірін сахнаға арнаған әртістердің ғана емес, барша өнерсүйер қауымның төл мерекесі. 

Қазақстанда қанша театр бар?

Ұлттық статистика мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 73 театр жұмыс істейді. Оның ішінде 39 – драма, 11 – қуыршақ, 7 – жас көрермен театры, 4 – музыкалық комедия, 4 – опера және балет, 8 – басқалары.

Театрлар саны бойынша бірінші орынға дәстүрлі түрде 23 театрмен Алматы қаласы жайғасты. Екінші орында – 9 театры бар Астана, одан кейінгі орында – 6 театры бар Шымкент қаласы тұр.

2022 жылы республика театрлары 15,3 мың іс-шара өткізілген, оның 8,3 мыңы – балаларға арналған іс-шаралар.

Өткен жылы әртістердің ойынын тамашалауға 2,1 миллион көрермен барды. Ал ең көп келушілер Алматы (726,4 мың адам), Астана (461,3 мың адам) және Қарағанды облысының (272,1 мың адам) театрларында болды.

«Театрымыздың әр әртісін мақтан тұтамын»

El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі мерекеге орай, Астана қаласындағы үздік театрлардың бірі болып саналатын Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының актері,  Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Нұрлановпен сұхбат құрды.

Кеңес Нұрлановтың сахнада жүргеніне 40 жылдан астам уақыт өткен. Ол Мұқағали Мақатаевтың «Дариға жүрек» қойылымында Мұқағалидің, Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» спектаклінде Қозының, Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» қойылымында Есімсейіттің, Еркін Құшуақтовтың «Қызыл алма» спектаклінде шал сынды түрлі кейіпкердің рөлін сомдаған.

Актердің айтуынша, Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрында тек өнерлі, жан-жақты әртістер ғана қызмет етеді.

Қазір жастар өте мықты, өнерлі. Ән десе әнін айтады, би десе биін билейді. Біздің театр музыкалық-драма театр болғандықтан, әртістердің ән айту қабілетіне басымдық беріледі. Осылайша тек үздіктердің үздігін іріктеп алады. Себебі құрамы күшті болған театр ғана көпшілікке танылады ғой. Сондықтан театрымыздың әр актерін Қазақстанның ең мықты әртісі деп мақтанышпен айта аламын, – дейді ол.   

Кеңес Нұрлановтың сөзінше, театр әртістерінің барлығы қойылымдарда тек жанды дауыста ән шырқайды.

Кино актері театрда ойнай ала ма?

Кейіпкеріміз театр мен кинода ойнайтын әртістердің рөлі де, қызметі де бір-бірінен ерекшеленетінін айтты.

Әрине, театр мен кино актерлерінің арасында айырмашылықтар болады. Театр әртістерінің кез келгені киноға түсе береді. Бірақ оларға режиссерлер «театрдағыдай ойнама» деп талап қоюы мүмкін. Театрда әсерлеу болады, әртіс рөлін бастан-аяқ алып шығып, дауысын барша көрерменге естірте білуі тиіс. Ал кино актерлері театрда керемет өнер көрсетеді деп айта алмаймын. Ол тәжірибеде де кездескен. Кино барынша шынайы өмірге жақын ғой, – деді актер.

Кеңес Нұрланов театрдағы тәжірибе біртіндеп дайындықтың арқасында келеді деген ойда.

Театрда бір қойылымды екі-үш айлап қоюы мүмкін. Сол уақыт аралығында әртіс өзінің кейіпкерін зерттеп, дайындықтың арқасында шыңдала түседі.  Кинода ұшқырлық керек, берген рөлді бір-екі дайындықтан соң бірден алып шығу қажет. Себебі түсірілім барысында бірнеше дубль жасай бермеген абзал, – деді ол.

«Театрда тек өз ісін жақсы көретін әртістер ғана қызмет ете алады»

Кейіпкеріміз театр қызметкерлерінің айлығына қатысты мәселесі әлі күнге дейін өзекті екенін айтады.

Былтыр Қалибек Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрына «Ұлттық» мәртебе берілген еді. Сол кезде айлығымыздың көтерілетіні жайлы сөз қозғалды. Қазіргі таңда жалақымыздың өскенін күтіп отырмыз. Сахна жүргеніме 40 жылдан асты. Жасыратын ештеңесі жоқ, айлығымыз шайлығымызға жетпейді. Кейде оны намыстанып айтқым да келмейді. Театрда бірнеше жыл қызмет етіп жүрген үлкен буынның айлығы 250 мыңға жетпейді. Ал бізден кейінгі жастар тіптен төмен алады. Олардың қатарында жалдамалы пәтерде тұратындар, кредит алған әртістер де бар ғой, – деді актер.  

Оның сөзінше, театрда тек нағыз өнерді бағалайтын, өз ісін жан жүрегімен жақсы көретін әртістер ғана қызмет ете алады.

Елімізде театрға баратын көрермендер көбейген

Кейіпкеріміз бүгінде елімізде театрға баратын халықтың саны уақыт өткен сайын артып келе жатыр деген пікірде.

Құдайға шүкір, қазір театрға баратын көрермендер көбейіп келеді. Алайда олардың театрға бару мәдениеті әлі күнге дейін қалыптасып келе жатыр. «Көш жүре түзеледі» дейді ғой. Кейбір адамдар қойылым басталып кеткен соң кешігіп кіреді. Кіргізбейін десең, тағы болмайды. Қанша дегенмен билетін алып келген соң есіктің алдынан қайтарып жіберу қиын деп ойлайды-ау. Кейбір көрермен спектаклдің жүріп жатқанына қарамастан, телефонның дауысын шығарып сөйлеседі. Мұның бәрі басқа көрермендерге қойылымды тамашалауға кедергі келтіреді, – деді актер.

Десе де кішкене кемшіліктердің бар болғанына қарамастан, Кеңес Нұрлановті көрермендердің театрға үйреніп келе жатқандығы қуантады. Ол көрермендердің театрға деген ерекше махаббаты бар екенін айтады.

«Мықты режиссері бар театр өседі, режиссері нашар театр өшеді»

Театр және кино актері Қазақстандағы театр саласы шетелмен салыстырғанда еш кем емес деп есептейді.

Былтыр Португалияға барып келдік. Мұнда шетелден келген түрлі әртістер өнер көрсетті. Біздің сол келген әртістерден артықшылығымыз болмаса, ешқандай кемшілігіміздің жоқ екенін аңғардық, – деп пікірін білдірді кейіпкер.

Сондай-ақ ол кез келген театрдың өркендеуі режиссерға байланысты екенін айтты.

Мықты режиссері бар театр өседі, режиссері нашар театр өшеді. Актерлерге де айтылатын сөз осы. Егер рөлдерді құрамы мықты актерлер сомдаса, тәжірибелі режиссер керемет қойылымдарды қояды. Театрды театр ететін – режиссер мен әртістер. Көрермен қабылдаған қойылымды мен дені дұрыс спектакл деп атай аламын, – дейді актер Кеңес Нұрланов.  

Ажар Лаубаева
Бөлісу: