Ақмола облысының 9 киелі жері

29 Мамыр 2018, 10:26 17874

Туған жер тарихынан...

«Уәли хан» мазары

Уәли хан 1741 жылы туылып, 1821 жылы дүниеден өткен. Ол 40 жылдан аса уақыт хан тағында отырған Орта жүз ханы, Абылай ханның ұлы. Бала кезінен билікке араласып, әкесінің тапсыруымен бірнеше рет елшіліктерді басқарып, өзінің біліктілігімен көзге түскен. Әкесі Абылай дүниеден өткен соң, Уәли Орта жүздің құрылтайында арнайы сайлау арқылы таққа отырды. Ол хан сайлана сала, Ресей мен Қытайға елшіліктер жіберіп, көршілермен бейбіт болуды ойлайды. Көп ұзамай Екатерина ІІ мен Цин императоры Уәлиді хан ретінде мойындап, арнайы грамоталар жіберді. Уәли өзінің саяси білімділігінің арқасында бірнеше ушыққан мәселелерді уақытында шешіп, орта жүздің билігін қолында ұстады. Бірақ, Ресей қазақ даласындағы хандық билікті жою үшін рулар арасына іріткі салып, өз ырқына көндіруді ойлады. Соның кесірінен, Уәли билігі де тым әлсіреп кетті. Ол Орталық Азия мен Қытай мойындаған қазақтың соңғы ханы болып қалды. Айта кетерлігі, қазақтың данышпаны Шоқан Уәлиханов осы Уәлидің немересі.

Осындай ұлы ханның ескерткіші Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Қазақстан ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 2,3 шақырым жерде орналасқан. Мазар Уәли ханның 270 жылдығына арнайы тұрғызылған. Сәулет композициясы тік төртбұрышты, қызыл кірпіштен қаланып, кіші ай тәріздес күмбез ретінде салынған. Бірақ, дұрыс құрылыс жүргізілмегендіктен, мазарға біраз зиян келіп, оны қалпына келтіру жұмыстары 2017 жылы толық аяқталды. Қазір көпшілік тәу етіп баратын орынға айналып отыр.

«Ханның қызыл ағашы»

Ақмoлa oблысына қарасты, Бурабай ауданында «Ханның қызыл ағашы» деген атаумен белгілі қасиетті оpын баp. Абылай ханның бұл ағашы Ақмола облысының киелі нысандарының қатарына еніп отыр. Ауыздан-ауызға жеткен аңызға сүйенсек, Абылай хан есімімен байланысты үлкен және кіші қос алаң бар. Ал сөз етіп отырған «Ханның қызыл ағашы» деген жер негізгі алаң болып есептеледі. Қазір бұл жерде ХХ ғасырдың аяғына таман орнатылған мәрмәр тас бар. Бізге жеткен деректерде бұл жердің өте маңызды шешімдер шығарылып, тарихи сахна болғаны айтылады. Мәселен, осында Абылай хан Орта жүз ханы Әбілмәмбет және жүзден аса старшинамен Ресей азаматтығына өтуіне келісім беру хақында Орынборға бару туралы  шешімі шыққан. Сол сияқты осы алаңда бірнеше батырлардың басы қосылып, тарихи жеңістердің алғышарты жасалған. Сонымен, «Ханның қызыл ағашы» – құрылтай, ірі жиналыстар, ауқымды шаралар өткен киелі орын.

Жәнібек-Шалқар кесенесі

Жәнібек-Шалқар есімімен Қазақ хандығы тікелей байланысты екенін белгілі. Міне, сол хандықты құрған негізгі тұлғаның кесенесі алыс ХV ғасырда тұрғызылған. Ол Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында орын тепкен. Орта ғасырға жататын тарихи ескерткішті салу үшін Орта Азиядағы ең мықты шеберлер мен қолөнершілер шақырылған делінеді. Сондай-ақ, ескеркішті тұрғызу үшін арнайы 50 мың кірпішті пеште күйдірген. Бұл мазар шоқының үстіне салынған, ал маңында өзендер әсем табиғаттың қойнында еркін ағып жатыр. Бұл мазарды кейінірек жергілікті аңшы тапқан деген деректер кездеседі. Арнайы барған зерттеушілер ол маңнан қыш тақташаларды тауып алған екен. Табылған материал тіпті, Қожа Ахмет Яссауидің кесенесінде қолданған тақташаларға ұқсас. Соған қарағанда, қазақ үшін аты ерекше тарихи тұлғаның кесенесі құнды құрылыс тастарымен салынған.

М.Хабдулина жетекшілік еткен топ сегіз жыл бұрын ортағасырлық тарихи ескерткіштерін зерттеген болатын. Экспедиция бұл кесененің порталды-күмбезді үлгіге жататындығын баса айтты. Ескерткіштің алдыңғы бөлігі зерленген тақта, өсімдіктер мен геометриялық өрнектермен қиыннан қиыстырылып оюланған. Сондай-ақ, кесене сол кездегі ақсүйектердің ғана шамасы жететін полихромды жапқышпен көмкерілген. Қазіргі уақытта Нұра өзенінің төменгі ағысында «Кepeй», «Жәнiбек-Шалқap» және «Cұлтaн келді» деген секілді жер-су аттары бар. Әрине, ол атаулар сонау Қазақ хандығы құрылған уақытта пайда болғанына күмән келтірілмейді.

Алыптомар мазары

Бұл кесене ХІХ ғасырға жататын сәулет өнері ескерткіші. Аталған кесене туралы Ақмола облысы тарихи және мәдени мұрасы жинағында біршама мәліметтер кездеседі. Мазар Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Қорғалжын деп аталатын ауылдың шығыс-оңтүстік-шығысқа қарай 10 шақырымда орын тепкен. Алыптомр мазары – 2006 жылы Қамалованың жетекшілігімен «ҚазЖоба қалпына келтіру» республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен зерттелген. Кесене мөлшері қатты үлкен емес, шикі өңделген кірпіштерден өрілген. Бірақ, күмбез уақыт пен табиғаттың тосын мінездеріне шыдамай опырылған. Мазардың күншығыс жағындағы кірер есігі барлық биіктігіне жететін екі тірек аралығында доға секілді жабыны қуыс етіп салынған. Оның орта тұсының биіктігі шамамен үш метрден асады. Кесене әдемі көріну үшін ақ пен күңгірттеу түсті кірпіштер алма-кезек қаланған. Діни сәулет ескерткіш – атадан мирас болған құнды тарихи дүние болып есептеледі.

Беспақыр мазары

Беспақыр кесенесі Нұра өзенің оң жағынан орын алған, Ақмола облысындағы Қорғалжын ауданында тұрғызылған. Яғни, Қорғалжын–Астана тас жолынан Абай ауылына бұрылатын тұстан күншығысқа қарай он бір км қашықтықта, кең далада, ескі мазардың қоршалған жерінде орналасқан. Мазар екі рет «ҚазЖоба қалпына келтіру» республикалық мемлекеттік кәсіпорны ғылыми-зерттеу және жобалау филиалының мамандарымен зерттелген. Оның алғашқысы 1987 жылы зерттелсе, екінші рет егемендікке қол жеткізген соң, берірек 2006 жылы ұйымдастырылған. Кесененің жалпы көлемі 30х22х10 см және 50х25х10 см болса, құрылыс материалы ретінде шикі өңделген кірпіш пайдаланылған. Ал оның құрамында қойдың сүті, жүні, жылқының жалы мен саз балшық бар.

Біздің заманымызға жетем дегенше мазардың біраз бөлігіне зақым келген. Атап айтар болсақ, күмбездің үстіңгі жағы, кіреберістегі арканың қабырғалары жапа шеккен. Шығыстан батысқа қарай салынған мазар екі бөлмеден тұрады. Шығыс жағындағы қос тіректің арасындағы доға іспеттес есік диаметрі үш метрге жетеқабыл бір бөлменің ішіне жеткізеді. Мазар Ақмола облысының киелі орындарының тізіміне қосылып отыр.

Кенесары үңгірі

Кенесары – қазақты соңғы ханы, атақты Абылай ханның немересі болып келеді. Көкше жерінде қазақтың тарихи тұлғасының атымен байланысты үңгір бар. Ол нақты айтсақ, Ақмола облысы, Бурабай ауданында орналасқан. Бурабай көлінен оңтүстік-батысқа қарай 500 метр жерде. Ол Көкшетау қыратының гарнитті сілемінің үгілуінен пайда болған. Үңгірге кіреберісінің биіктігі үш метрге жетеді. Ары қарайғы екі бөлікті бір-бірімен тар қуыс жалғастырып жатыр. Екінші бөліктен сырқа шығуға болады.  Үңгір дөңгелек пішінді болып келеді, оны диаметрі бес-алты метрге жетсе, биікті 1-3 метр. Тағы бір айырмашылығы үңгірдің температурасында, яғни сыртқы ауа-райынан 2-3 °С ерекшеленеді. Мұнда Бурабайға келетін саяхатшлардың басым бөлігі ат басын бұрады. Бұл үңгірде Кенесары бала кезінде болған және осында  өзінің сенімді серіктерімен жаудың бетін қайтаруды, соғыстың барысын жоспарлайды екен. Кейінірек құнды жәдігер ретінде үңігрден Кенесары ханның бойтұмары табылған. Ол қазір тарихи мұражайда сақтаулы тұр.

Ботағай кесенесі

Ботағай кесенесі (кей жерлерде Бытығай, Татағай) – ХІ-ХІІ ғасырларға жататын сәулет өнерінің туындысы. Ескерткіш Ақмола облсы, Қорғалжын ауданы, Қорғалжын ауылынан 2,5 шақырым жерде орналасқан. Бұл кесене еліміздегі ортағасырға жататын жалғыз кесене. Ол ХІХ ғасырға дейін қалыпты сақталып, кейін біршама көнерген. Бұл киелі жерге көптеген экспедициялар арнайы келіп зерттеген. Бірінші рет алыс ХVІІІ ғасырда Рычниковтың еңбектерінде кездеседі. Арнайы топ қазба жұмыстарын жүргізгенге дейін кесененің диаметрі отыз метрге жуық болса, биіктігі екі метрді құраған. Ал қазба жұмыстары кезінде күйдіріліп саздан жасалған түрлі өсімдік пен геометриялық өрнектер салынған ілменақыштар табылған.  

Ескерткіш негізінде оңтүстік-батысқа қарай бағытталған, қызыл кірпіштен өрілген тік бұрышты шамамен 11,5 және 9 метрдей, ал биіктігі он метрден аса, үш бөлмелі болып келеді. Порталды-күмбезді құрылысты зерттеушілер мен тарихшылар орта ғасырға жататын тарихи орын деп отыр. Кесене Нұра өзенінің сол жағалауында орналасқан.

Ақ Еділ Қожа мазары

Ақ Еділ Қожа мазары Ақмола облысы, Қорғалжын ауданы, Жұмай аталатын ауылда орын тепкен. Еділ Қожа исламды таратушы ретінде аты шыққан дін адам болған. Негізі, ескерткішті Жалмағанбет қажы мазары деп те атап жатады. Бірақ, Ақ Еділ оның ұлы болып келеді. Мазар ХІХ ғасырға жататын ірі діни сәулет өнерінің туындысына жатады. Бұл дөнкелекше келген мазар өзіміздің киіз үй сияқты тұрғызылған. Ғимарат жел мен жауын-шашынға шыдас бермей зақым көрген. Күмбездің үстіңгі жағы мен есіктің кіреберісі аздап опырылған. Биіктігі бес метрге жететін мазардың жалпы көлемі 7,8х7,6 метр. Шығыс тұстан бөлмелерге қарай кіретін биіктігі үш жарым метрге жететін тік бұрышты есік бар.

Қаныкей мазары

Халық зиярат етіп баратын орын жайында халық арасында аңыздар жетерлік. Бұл мазар орналасқан жер бұрындары елсіз болған. XVІІ ғасыр қазақ халқы үшін тым ауыр кезеңнің бірі еді. Себебі, жан-жақтан ұлан-ғайыр қазақ даласын басып алуды көздеген дұшпандар жетерлік еді. Солардың бірі – жоңғарлар. Бұл мазар тұрған жерде қазақ пен жоңғарлардың қантөгіс ұрысы өткен. Ұрысқа 15 жасар хан қызы Қынекей де аттанып, қаза табады. Қаны төгілген жерде Қаныкейді жерлеп, қызыл кірпіштен мазар тұрғызған екен. Содан кейін-ақ, мұнда қоныстанушылар көбейіп, тіршілік қыза түседі. Қорғалжын ауданы, Өркендеу ауылында сол заманда бір байдың үміт артқан жалғыз ұлы қаза тауып, әкесі оның басына мазар тұрғызыпты. Мазарды халық «Қаныкей мазары» деп атап кетеді. Ол шикі кірпіштен қаланған. Мазардың бір бөлігіне зақым келген.

Фотосуреттер ашық ғаламтор көздерінен алынды

Бөлісу: