Әкімдіктер тұрғындардың шағымдарына қалай жауап береді? Прокуратура тексерді

Бүгiн, 18:10 109

Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен жергілікті атқарушы органдардағы (ЖАО) азаматтардың жолданымдарын  қарау бойынша жұмыстың жай-күйі қарау мәселесіне қатысты алқа отырысы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға Президент әкімшілігінің, Үкімет Аппаратының жауапты лауазымды тұлғалары, салалық министрліктердің басшылары, облыс прокурорлары және әкімдері қатысты.

Бас прокурор халықпен кері байланыс орнатуға ықпал ететін «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттарын нығайтуға бағытталған шараларды атап өтті.

Әкімдіктердегі жолданымдармен жұмыс сапасы билікке деген сенім деңгейін ғана емес, сонымен қатар елдегі тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді, - деп атап өтті Берік Асылов.

Бұл ретте халықты ең көп толғандыратын салаларға назар аударылды.

Атап айтқанда, бұл жер, құрылыс мәселелері, әлеуметтік сала, тұрғын үй және коммуналдық қызмет мәселелері, әкімдердің тұрғын үй комиссияларының шешімдеріне қатысты.  

Отырыс аясында прокурорлық тексерулердің нәтижелері мен қабылданған шаралар айтылды.

Биылғы 10 айда орталық мемлекеттік органдарға 2,1 млн, ЖАО – 1,1 млн жолданым түскені атап өтілді.

Тексеру барысында жолданымдарға формальды жауап беру, созбалаңдық, мерзімдер мен рәсімдерді сақтамауға жол берілетіні анықталды.

Прокурорлар анықтаған бұзушылықтар бойынша Үкімет пен облыс әкімдеріне прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Түрлі жауапкершілікке әкімдіктердің 1652 лауазымды тұлғасы тартылды, оның ішінде 601 – басшылық құрам.

Үкімет пен әкімдіктер жасанды интеллект арқылы қоғамға сезімтал мәселелерді талдауды ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарауға және халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының әлеуетін кеңінен пайдалануға бағытталды.

Облыс прокурорларына уәкілетті органдармен бірлесіп, өтініш берушілердің барлық бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және заңсыз шешімдердің күшін жоюды талап ету тапсырылды.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: