«Әкімдіктер қайда?» Олжас Бектенов жергілікті атқамінерлерге тапсырма берді

9 Шілде, 11:24 786

Автожол саласын дамыту мәселесі қаралған Үкімет отырысы барысында премьер-министр Олжас Бектенов биыл елімізде бірқатар ірі жобалар аяқталатынын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Олардың қатарында «Қарағанды – Алматы», «Ақтөбе – Қандыағаш», «Атырау – Астрахань» және «Талдықорған – Өскемен» бар. Сондай-ақ шамамен 2,5 мың шақырым республикалық жолдарда жөндеу жұмыстары қолға алынды.

Іске асырылып жатқан жобалардан басқа, жаңаларын уақтылы жобалау мен дайындауды қамтамасыз ету қажет. Бірінші кезекте, жер учаскелерін алдын ала резервке қою керек. Жобалардың іске асырылуы алдымен осыған байланысты. Келесі өзекті мәселенің бірі – қаржыландыру. Кейбір өңірлерде жалпы сипаттағы трансферттерді игеру қарқыны төмен. Мысалы, мұндай проблемалар Ақтөбе, Түркістан және Ұлытау облыстарында бар, — деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы құрылыс маусымы қысқа деп сипатталатын солтүстік және шығыс өңірлерде ерекше маңызды жобаларды іске асыру мерзімдерінің мүлтіксіз сақталуы мәселесін көтерді. Осыған байланысты қойылған міндеттерге қысқа мерзімде қол жеткізу үшін барлық шараларды қабылдау тапсырылды.

Олжас Бектенов қазақстандықтардың негізінен жергілікті маңызы бар жолдардың жай-күйіне қатысты шағымдарына да тоқталды.

Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғындары Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасында биыл төселген асфальттың сапасын көрсетті – жаңадан төселген асфальт қолмен үгітіліп жатыр. Ал Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылының тұрғындары асфальт төсеу технологиясын сақтамаған мердігер компанияны өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Әкімдіктер қайда, неліктен күнделікті сапалы бақылау жүргізілмей жатыр? Бірінші кезекте тұрғындардың шағымдарына дереу жауап беру керек, — деп атап өтті премьер-министр.
Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: