Әкім Таразидің 90 жылдық мерейтойы Астанада өтті

23 Қыркүйек 2023, 16:53 806

Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында жазушы, драматург, киносценарист, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әкім Әшімовтің 90 жасқа толған мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Толғауы тоқсан Тарази» тақырыбында ұйымдастырылған айтулы кешке ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Сенат және Мәжіліс депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылар, ақындар, еліміздің мәдениет қайраткерлері – танымал әртістер, зиялы қауым өкілдері және жазушының шәкірттері қатысты.

Шығармашылық кеште Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мерейтой иесіне арналған құттықтау хатты оқып берді.

Халқымыз өзіңізді кемел ойлы, аса көрнекті қаламгер, дарынды драматург, қажырлы еңбегімен, асыл қасиеттерімен абыройға бөленген қоғам қайраткері ретінде жақсы біледі және құрметтейді. Еңбек жолыңызда отандық әдебиеттің алтын қорына қомақты олжа салып, ұлттық мәдениет пен кино өнерінің кең қанат жаюына сүбелі үлес қостыңыз. Көрікті ойдан нәр алып, кестелі сөзбен өрілген классикалық үлгідегі тартымды туындыларыңызда уақыт өлшемі мен шексіз кеңістікке жаңа тұрғыда зер салатын философиялық ой-толғамдарыңыз өте көп. Қоғамға сыни көзқараспен қарап, замандастарыңыздың кескін-келбетін шынайы суреттеп, барша адамзатты толғандырған мәселелерге жұрт назарын аудара білдіңіз. Алдағы уақытта да халқымыздың құрметі мен ыстық ықыласына бөленіп, ғибратты ғұмыр кеше беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық және отбасыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін!» – делінген құттықтау хатта.

Көрнекті жазушы, Қазақстанның Еңбек ері Әкім Таразидың шығармашылық кеші қаламгердің сан қырын танып, сырын ұғуға негізделді. Қазақ руханиятына қомақты үлес қосқан асыл сөздің алтын зергеріндей болған жазушының әр салада жазылған туындыларының кейіпкерлері осы кеште ортаға шығып, «сөйледі». Бірі кәсіби актердің орындауындағы прозадан келсе, енді бірі экран арқылы кино тілінде өз арман-мақсатын айтты. Кейбір образдар театр сахнасы арқылы санаға сәуле құйды.
Ал дәстүрлі әншілердің орындауындағы есті әндер шығармашылық кештің көркін аша түсті.

Концерттік бағдарлама шеңберінде фольклорлық этнографиялық ансамбльдің орындауында халық күйлері шырқалса, ҚР Мәдениет қайраткерлері Клара Төленбаева, Ардақ Балажанова, Ерлан Рысқали и Нұркен Әшіров секілді өнер майталмандарының орындауында «Сегізаяқ», «Қара-ай көзім», «Үш қара», «Жігер Ақжелең» халық және авторлық әндер шырқалды.

Асқар Таудай
Бөлісу: