Ахыска түріктерінің Қазақстанға жер аударғанына – 75 жыл

6 Қараша 2019, 10:45 2001

Ахыска түріктерінің Қазақстанға жер аударғанына 75 жыл толып отыр. Осыған орай Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында мерекелік іс-шара өтті.


Алқалы жиынға қала басшылығы, Қазақстандағы Түркия елшілігінің өкілдері, ассамблея мүшелері мен жастар қатысты.


Іс-шара қонақтары алдымен Ахысқа түріктерінің Қазақстанға келу тарихынан сыр шертетін көрмені тамашалап, ұлттық тағамдарымен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен кеңінен танысты.


Салтанатты жиында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Бұхарбай Парманов, Алматы қаласындағы Түркияның Бас консулы Али Рыза Акынжын құттықтау сөз сөйлеп, екі халықтың арасындағы бауырластық байланыстар мен достықты нығайтудың маңыздылығына тоқталды.


Мерекелік басқосуда елдің бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар Шымкент қаласы әкімінің және «Ахысқа» түрік этномәдени бірлестігінің алғыс хаттарымен марапатталады.


Өңірде түрік этномәдени бірлестігі 1999 жылы құрылып, жиырма жылға жуық уақыт бойы қоғамның саяси, мәдени өміріне белсене араласып келеді. Былтыр осы этномәдени бірлестік қалалық мәртебесін алып, осындағы 7 257 мың түрік этносы өкілдерінің қазақстандық қоғамның ортақ құндылықтарын қастерлеуіне ұйытқы болып отыр.

Бірлестік жанындағы ақсақалдар алқасы, жастар қанаты және шығармашылық ұжымдар Шымкенттің дара дәстүрін жалғап, қоғамдық-мәдени тұрмысын байытып келеді. Жыл басынан бері елдің бірлігін бекемдеу бағытында 30-дан астам іс-шара ұйымдастырған бірлестік, қайырымдылық шараларына белсене қатысады. Осы жылы апаттан зардап шеккен Арыс қаласының тұрғандарына 6 450 000 теңгенің көмегін көрсетті.


Айта кету керек, Қазақстандағы түріктердің дені қазіргі Грузияның оңтүстік-батыс аудандарынан жер аударылып келгендер. Оларды «Ахыска түріктері» деп атайтыны да содан. Сталиндік саясаттың озбырлығын бір түннің ішінде туған өлкесінен күштеп көшірілген 550 мыңдай түріктің 17 мыңы жолда мерт болған. Қазақ жеріне ешбір дүние-мүліксіз көшіп келген түрік халқының жан сақтауы тек қазақ халқының бауырмалдылығының арқасы деп біледі олар.

Бөлісу: