Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай шығармалар жинағы жарық көреді

5 Қыркүйек 2022, 15:35 1547

Ахмет Байтұрсынұлының есімі республикамыздағы 1 ауылға, 200-ден астам көшеге және 39 мектепке, 1 әуежайға, 1 музейге берілген

Қазақстанда ұлы ағартушы ғалым, қоғам және саяси қайраткер Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы аталып өтуде, деп хабарлайды El.kz Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерейтой аясында бірқатар маңызды ғылыми-зерттеу, мәдени және қоғамдық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жыл соңына дейін Ахмет Байтұрсынұлының 12 томдық еңбектер жинағын басып шығару және оны еліміздің кітапханаларына тарату жоспарланған. Сондай-ақ мерейтой аясында ұлы ағартушының өмірі мен қызметі туралы толықметражды көркем фильм түсірілімі жоспарланып отыр. 

«Бүгінде біз ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің атасы, төл әліпбиіміздің негізін қалаушы Ахмет Байтұсынұлының 150 жылдығын атап өтудеміз. Өкінішке қарай, киелі Торғайдағы бүгінгі торқалы той тілсіз жаудың кесірінен тоқтатылып отыр. Кешелі бері Қостанай халқына қол ұшын созып жатқан жандардың саны артып келеді. Бұл – бірлігіміз бен ынтымағымыздың белгісі. Халқымыз қандай қиындықты да осындай бірлікпен еңсерген. Ең бастысы, ел аман болып, ұлы тойдың қайта жаңғыруына тілектеспін», – деді Еуразия ұлттық университетінде өткен «А.Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы және жаңа Қазақстанның зиятркерлік сабақтастығы» атты ғылыми-практикалық конференция аясында ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Айта кету керек, жыл басынан бері Ахмет Байтұрсынұлының есімі республикамыздағы 1 ауылға, 200-ден астам көшеге және 39 мектепке, 1 әуежайға, 1 музейге берілген. Сондай-ақ, шетелде іс-шаралар жоспарланған. 2021 жылы ЮНЕСКО-ның Бас конференциясында қазақ педагогының мерейтойлық күнін осы ұйымның атаулы күндерінің халықаралық күнтізбесіне енгізу туралы шешім қабылданған.

Сонымен қатар, бүгін елордадағы Жазушылар аллеясында «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Бөлісу: