Заманбек Нұрқаділов – ел игілігі үшін аянбай еңбек еткен, өз ұлтын шексіз сүйген, әділдігі мен адамгершілігі арқылы халық жадында қалған тұлға. Бүгін қоғам қайраткерінің өмірден өткеніне – 20 жыл. Биыл көзі тірі болса, Заманбек Қалабайұлы 81 жасқа толатын еді. Халқы оны әлі күнге дейін сағынышпен еске алады, ал артында қалған ең үлкен мұрасы – елге сіңірген еңбегі мен өшпес есімі.
Осыған орай El.kz интернет порталының тілшісі Заманбек Нұрқаділовтің қызы, танымал сән дизайнері Құралай Нұрқаділовамен әңгімелесіп, әкесі жайлы жүрекжарды естеліктерін сұрап білді. Құралайдың айтуынша, Заманбек Нұрқаділов саясат пен билік жолында жүргенде де, ең алдымен рухани құндылықты жоғары қойған.
Ол жұртқа саясаткер, қоғам қайраткері ретінде танылған Заманбек Нұрқаділовті өзгеше қырынан жан-жақты талантты, өнер мен білімге құштар әке ретінде еске алды. Оның айтуынша, әкесі Заманбек Қалабайұлы – көп қырлы талант иесі, өмірге өзгеше көзқараспен қарайтын, терең ойлы тұлға болған.
Мен әкем туралы көпшілік біле бермейтін қырын айтқым келеді. Әкем мен үшін ең керемет жан еді. Оны шексіз жақсы көремін және одан көп нәрсе үйрендім. Ол шахматты нағыз гроссмейстер секілді ойнайтын, кәсіби кітаптар оқып, әр партияны терең талдайтын. Сол қасиетінің арқасында өмірде де әр істі стратегиялық тұрғыдан бағалай білетін. Елдің даму бағытын, болашақтағы өзгерістерді алдын ала көре алатын көреген адам еді, – деп еске алды Құралай Нұрқаділова.
Сондай-ақ Заманбек Нұрқаділов тек саясаткер ғана емес, рухани әлемі бай, өнер мен білімді жоғары бағалаған жан болған.
Әкем мені ұлы жазушылардың шығармаларын, ақылды адамдардың сөздерін «жол арасынан оқуға» үйретті. Ол әрдайым өмірге терең оймен қарауға баулыды. 1980-1990 жылдары, менің жастық шағымда, біз әке мен бала емес, тең дәрежеде әңгімелесетінбіз. Психология, саясат, шоу-бизнес пен өнер жайлы пікір алмасатынбыз. Үйімізде кітап ең құнды дүние еді, ол үлкен кітапхана жинаған, – дейді Құралай.
Оның айтуынша, әкесі сурет салуда да шебер болған.
Бірде мен раушан гүлін сала алмай қиналдым. Әкеме жүгіндім, себебі мен үшін «әкем бәрін білетін адам» болды. Сонда ол акварельмен нағыз тірі гүлге ұқсас бейне жасап, жарық пен көлеңкені дәл бейнелеп, мені таңғалдырды, – деп еске алады ол.
Құралайдың сөзінше, Заманбек Қалабайұлы музыкалық білім алмаса да, кез келген аспапта еркін ойнай білген.
Ол бірнеше минутта аспаптың үнін сезіп, 10-15 минуттан соң әуен шығарып, өз музыкасын жаза бастайтын. Бұл қасиеті мені әрдайым тамсандыратын, – дейді ол.
Құралай Нұрқаділованың айтуынша, Заманбек Нұрқаділов тек саясат пен басқару ісін ғана емес, өнер мен білімнің сан саласын терең меңгерген ерекше жан болған.
Әкем каллиграфияны өте жақсы білетін, қарапайым қарындашпен-ақ кез келген шрифтті түрлі стильде жазып шығатын. Араб тілін де қазақ тілі секілді еркін меңгерген еді. Кейін ол Омар Хайям, Рудаки сияқты араб және парсы ойшылдарының өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалаған. Әкем іссапармен шетелдерге шыққанда осы ақындардың сирек еңбектерін жинап, кейін аударып отыратын, – деп еске алады.
Қызының айтуынша, Заманбек Қалабайұлы орыс тілінде де сауатты жазған, бизнес заңдылықтарын жақсы білген және сол білімімен айналасындағыларды таңғалдырған.
Ол кеңес дәуірінде туған адам болса да, ой-өрісі кең, заманауи көзқарастағы тұлға еді. Коммерция мен маркетинг, бизнес жүргізудің қыр-сырын өздігінен меңгеріп, оны іс жүзінде қолдана білді. 1990-жылдары елде алғаш рет көптеген жаңашыл бастамаларды енгізген де сол кісі болатын. Сол кезде ол жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, олардың бизнесін дамыту үшін тіпті ғимараттарды тегін беріп, істерін өрлетуге мүмкіндік жасады, – дейді ол.
Құралай Нұрқаділова әкесінің ел мүддесі жолындағы еңбегін және қарапайымдылығын ерекше ықыласпен еске алады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әкем Алматы қаласының әкімі қызметін атқарып жүрген кезде елімізде алғашқы тегін жекешелендіру жүйесін енгізді. Ол кәсіпкерлікпен айналысқысы келген адамдарға кеңсе немесе ғимараттарды өз қолымен тегін беріп, жаңа бизнестердің қалыптасуына жол ашты. Әкем ешқашан сыйлық қабылдаған емес. Керісінше, өзіне келгеннің бәрін мұқтаж жандар мен талантты адамдарға таратып беретін. Мәселен алғыс ретінде автокөліктер әкелген кәсіпкерлерге «мына көлікті ана отбасыға, мынау ғалымға немесе жазушыға беріңдер» деп отыратын. Солардың арасында өнер адамдары, спортшылар мен ғалымдар көп болатын, – дейді ол.
Құралайдың айтуынша, отбасында қарапайым өмір салты мен адамгершілік басты құндылық болған.
Біздің үйде әкем жиі айтатын: «Үстелде нан мен май болса жетеді» деген сөзі есімде. Ол үшін ең маңыздысы адамның ар-ожданы мен ниеті еді. Сондықтан да халық оны ерекше құрметтейтін. Ол кісі жер телімдерін халыққа бөліп беріп, «Шаңырақ-1» және «Шаңырақ-2» ықшамаудандарын қалыптастырды. Көпшілік тұрғын үй алғысы келсе, әкімнің қабылдауына еркін кіре алатын. Ол кезде адамдардың үміті ақталатын. Қазір ондай қарапайымдылықты елестету де қиын, – деп еске алды.
Әкесімен соңғы кездесуін ерекше тебіреніспен еске алды. Оның айтуынша, бұл әңгіме өмір бойы жадында сақталып қалған.
Әкеммен соңғы рет оның өмірден өтерінен үш ай бұрын, он бес жылдық араға үзілістен кейін кездестім. Ол маған арнайы келіп, бата берді. Сол сәттегі әңгімеміз өте әсерлі болды. Әкем маған: «Қызым, мен өмірімді халық үшін өткіздім, ар-ожданым таза. Уақыт өте сен мұны түсініп, бағалайсың. Сол үшін басыңды тік ұстап жүре бер. Мен әкелік тұрғыдан саған көп нәрсе бере алмадым, бірақ ең бастысы – тәрбие мен намыс дарыттым. Сен бәріне өз еңбегіңмен жеттің, мен сенімен мақтанамын. Парижге барғанда адамдарға «осында менің қызым сән көрсетілімін өткізген, ол бұл жерде танымал» деп айтамын. Сен бір күні мені жақсы көрген, мені есінде сақтаған қазақтың үйіне кірсең, ол саған құрмет-қошемет көрсетеді. Міне, менің әкем Заманбек Нұрқаділов осындай жан болатын, – деген еді деп, еске алады Құралай Нұрқаділова.
Сол күні Заманбек Нұрқаділов қызына өзі оқыған шахмат кітаптарын сыйға тартқан.
Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Заманбек Нұрқаділовтың туғанына 80 жыл толуына байланысты оның еңбегін ерекше атап өтіп, туған жерінде ескерткіш орнату және Алматы қаласындағы тұрған үйіне мемориалдық тақта қою жөнінде тапсырма берген болатын.
Осы тапсырма негізінде 2024 жылдың 2 желтоқсанында Алматы облысы Кеген ауданында мемлекет және қоғам қайраткеріне арналған ескерткіш-бюст салтанатты түрде ашылды. Сондай-ақ Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді.
Заманбек Нұрқаділов – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ықпалды мемлекет және қоғам қайраткерлерінің бірі. Ол 1944 жылдың 15 қаңтарында Алматы облысы Кеген ауданында дүниеге келіп, өмірінің көп бөлігін ел дамуы мен қоғам игілігіне арнады.
Заманбек Нұрқаділовтің еңбек жолы кеңестік кезеңде басталып, тәуелсіздік жылдарында жалғасты. Ол 1985-1991 жылдары Алматы қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Кейін 1991 жылы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, сондай-ақ Алматы қалалық халық депутаттары кеңесінің төрағасы болып тағайындалды.
1992 жылы әкімдіктер жүйесі құрылғанда, Нұрқаділов Алматы қаласының тұңғыш әкімі болды. Осы қызметті 1994 жылдың ортасына дейін атқарып, қаланың әлеуметтік және инфрақұрылымдық дамуына ерекше үлес қосты. Оның бастамасымен сол жылдары Алматыда жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, қала көшелерінің келбеті айтарлықтай жаңарды.
Кейін 1995-1997 жылдары ол ҚР Парламенті Мәжілісінің бірінші шақырылым депутаты, ал 1997-2001 жылдары Алматы облысының әкімі қызметін атқарды. 2001 жылдан бастап Қазақстан республикасының төтенше жағдайлар агенттігін басқарды.
Ол қай салада қызмет етсе де, ел мүддесін бәрінен биік қойды. Сондықтан да Нұрқаділовтің есімі халық жадында әділ, ұлтжанды, турашыл басшы ретінде сақталып қалды.
Заманбек Нұрқаділов ұлы жүздің албан тайпасының қоңырбөрік руынан шыққан. Өмірінде екі рет отбасын құрған.
Бірінші жұбайы – Нұрбике Нұрқаділова. Бұл некеден ұлы Қайрат және қызы Құралай дүниеге келген. Құралай Нұрқаділова бүгінде Қазақстандағы белгілі сән үйінің басшысы, дизайнер және суретші ретінде танымал. Кейін Заманбек Нұрқаділов Қазақстанның халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісовамен отбасын құрды. Екеуінің шығармашылық ортадағы өмірі мен сыйластығы жұртшылық тарапынан жылы қабылданды.
Жылы естеліктерде Заманбек Нұрқаділовты «ақылды, білімді, саяси сауатты» деп сипаттайды. Ол қарапайым әрі зиялы тұлға болған. Әйелге қол көтермейтін, балағаттамайтын, ренішін бір сөзбен жеткізетін азамат еді. Сондай-ақ шығармашылық қабілеті бай Омар Хайям, Хафиз, Александр Пушкин, Николай Гумилев сияқты ақындардың өлеңдерін аударған. Өзі де «Заманбекпін», «Махаббат» сияқты өлеңдер жазған. Оның өлеңдері махаббат, өмірлік тәжірибе мен қоғамдық ойларға толы, мысалы, «Бәрі сатты, жалғыз қалдым» өлеңінде қиындықтарға төзімділік байқалады.
Нұрқаділовтің екінші жары – Қазақстанның халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова Заманбектің өлімінен кейін 20 жыл бойы жылы естеліктерін әлеуметтік желілерде (Instagram) және сұхбаттарда бөлісіп келеді. Әншінің естеліктері – махаббат, қиындықтар мен жоғалту ауыртпалығына толы, бірақ әрқашан жылылық басым.
1990-шы жылдары Мақпал жас әнші ретінде пәтер мәселесімен Алматы әкімі Заманбекке барған. Ол өтінішін тыңдаған Заманбек «20 күннен кейін кел» деген, бірақ Мақпал гастрольге кететінін айтып, тікелей жауап талап еткен. Заманбек ренжіп, оны есікке қарай итермелеп жіберген. Мақпал сол кезде оны «қатыгез» деп ойлаған, бірақ кейін 15 жыл бірге тұрып, оның жан-дүниесін түсінген: «Екі сөйлемейтін, әйелге қол көтермейтін, балағаттамайтын азамат еді. Қателік жасаса, 2-3 күн сөйлеспей қоятын, бұл таяқтан ауыр болатын. Мықты адам болды, ешкімге ұқсамайтын ерекше қасиеттері бар, қазір сондай адам жоқ» деп жазады.
Олардың махаббаты поэзияға да төгілген. Заманбек «Мақпалға» деген өлеңінде: «Сенесің бе? Бір өзіңнен басқа жаннан бір жақсылық көрмеппін. Дарын қонған асыл жанға еркіндікті бермеппін...» деп өлеңмен жеткізеді.
Мақпал Жүнісова өзінің әлеуметтік желісінде үздіксіз Заманбек Нұрқаділовпен болған жылы естеліктерін жариялап отырады. Мәселен 2025 жылдың қазанында әнші Instagram-ында Заманбекпен бірге тотықұсқа ән салып отырған видеосын жариялап: «Топырағыңыз торқа болсын, қайтып келмес күндерді қарап, бір күліп, бір жылап, өтіп жатқан өмір» деп жазба қалдырды.
2025 жылдың шілдесінде Кегендегі ескерткішке барып, гүл шоғын қойған: «Зәкеңнің дүниесін табыстадым» деп жазады. Ақпанда 2005 жылғы соңғы өлеңдерін («Элегия», «Өлең үзіндісі») жариялады. Бұл өлеңдерде Заманбектің өмірлік сынақтары мен Мақпалға арнаған махаббаты байқалады.
Заманбек Нұрқаділовтің өмірі – елге қызмет етудің, әділдіктің және ұлтқа деген адалдықтың айғағы. Ол қай салада еңбек етсе де, бар күш-жігерін ел мүддесіне арнады. Қарапайымдылығы мен биік адамгершілігі оны халық жадында сақтап қалды.
Қызы Құралай Нұрқаділова мен жары Мақпал Жүнісова естеліктерінде Заманбек Қалабайұлының тек саясаткер емес, рухани бай, өнерге құштар, әділ де мейірімді жан болғанын тебірене еске алады. Өмірден өткеніне жиырма жыл өтсе де, Заманбек Нұрқаділовтің ел алдындағы еңбегі мен адал есімі халық жүрегінде мәңгі сақталады.