Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі «Әкелер күнімен» толыққан еді. Содан бері маусым айының әр үшінші жексенбісінде осы бір ерекше мереке кеңінен аталып өтетін болды.
АҚШ, Аргентина, Армения, Ұлыбритания секілді әлемнің 30-дан аса елінде дәл осындай Әкелер күні кеңінен аталып өтіп, отбасындағы құндылықтарға баса назар аударылады. Биыл еліміздегі Әкелер күні 15 маусымға келіп тұр. Жалпы, «Аналар күні» мен «Әкелер күнін» мерекелеу – әлемнің көптеген елінде отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасы және ата-ана институтын нығайту мақсатында қалыптасқан. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев та Түркістандағы Ұлттық құрылтай¬дың кезекті отырысында өскелең ұрпақ тәрбиесінде атқаруға тиіс шаруа өте өзекті һәм маңызды екенін алға тартқан еді. Елімізде 2012 жылдан бері «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі жұмыс істейді, Оның 12 өңірде филиалы бар. Бүгінде ұйымға мыңдаған әке тіркелген. Астананың әр мектебінде дәл осы ұйымның өкілдері жұмыс істейді. Одақ, сонымен қатар, ЮНИСЕФ-тің ерте жастағы балаларға, денсаулыққа және қыздарды тәрбиелеудегі әкенің рөліне қатысты 3 жобаға қатысады. Бұдан бөлек, бұл күні ел бойынша жауапты, саналы және позитивті ата-аналарды қалыптастыруға, оларға қолдау көрсетуге арналған көптеген кездесулер, талқылаулар, мәдени шаралар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Әкелер форумының да жөні бөлек. Аймақтық, облыстық, тіпті, республикалық деңгейде ұйымдастырылатын форумда болашағына бей-жай қарамайтын азаматтар бас қосып, бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерді талқылайды.