Айжұлдыз Microsoft семинарында

18 Қыркүйек 2018, 18:45 7656

Жасанды интеллект туралы қыздар не білуі керек?

Айжұлдыз Надирханова –  Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқиды. Оның  ІТ-саласына, физикаға қызығушылығы жоғары. Үнемі аталған салалардағы жарыстарға үздіксіз қатысады. Оқуда белсенді, алдағы уақытта өз жобаларымен елімізге пайдасын әкелетін дүниелер жасағысы келеді.  Алдына қойған мақсатына жету үшін тынбайтын еңбекқор. Еңбекқорлығы және ізденімпаздығының арқасында ол  жақында атышулы Microsoft-тың жасанды интеллект туралы қыз балаларға арналған семинарына қатысып қайтты. Біз Айжұлдызбен тілдесіп, жасанды интеллект пен қыздар арасындағы байланысты анықтауға тырыстық.

Қазіргі таңда көптеген алпауыт компаниялар жасанды интеллект саласында минут сайын жаңалықтар ашып, оның адамзатқа жұмыс істеуін жақындатып келеді. Мұнымен қоса, жасанды интеллект туралы сауат ашу жұмыстарын жастар арасында өткізуде. Сондай шаралардың бірі 26-30 тамыз аралығында Microsoft компаниясының ұйымдастыруымен Грецияның Афина қаласында өтті. «Алиса болашақты болжайды» деген ұраны бар Boot Camp тұңғыш рет қыздарға арналды.  

Бұл төрт күндік Boot Campтың басты мақсаты – қыз балалардың ІТ саласына қызығушылығын оятып, соның ішінде жасанды интеллект туралы түсінік қалыптастыру. Жалпы, жасанды интеллект қызық тақырып болғанымен көбі бұл салаға атүсті қарайды. Ал бұл кездесуде 16 елден келген 150 қыз және 50 ұстаз оның жұмысымен танысып, боттарды бағдарламалауды үйренді, - дейді Айжұлдыз сапары жайлы.

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДЕГЕНІМІЗ НЕ? ОЛ ҚАЛАЙ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ?

Жасанды интеллект – бұл компьютерлік алгоритм мен бағдарламалаудан тұратын технология. Олар интеллект жүйе секілді жұмыс істейді, яғни ақпаратты сақтайды, өңдейді, жинақтайды, алған білімін қоршаған ортаға қолданады, туындаған мәселелерді шешуге бағыттайды. Ғалымдар ХХ ғасырда адам сияқты ойлай алатын, шешім қабылдап, іс-әрекет ете алатын робот құрастыруды алғаш айта бастады. Жасанды интеллект туралы естігенде оның өмірде шындыққа айналуы алыс болып көрінгенімен, қазіргі таңда көптеген жүйелер жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейді. Мәселен, Google корпорациясы браузерлердің іздеу жүйесіне аудиоіздеу жүйесін қосса, Apple корпорациясы өзіңіз күнделікті қолданып жүрген Siri жүйесіне аудиоіздеу жүйесін қосып, ол нәтижесінде сіздің сұрақтарыңызға адам секілді жауап бере алатын деңгейге дейін жетті. Ал  Hanson Robotics корпорациясы құрастырып шығарған София роботы жасанды интеллекттің біздің өмірімізге нақты енгендігінің көрінісі.

Жасанды интеллект  әлсіз және күшті  деп екіге бөлінеді. Бөліну негізінде оның жұмыс жасауы мен қолдануы да бөлінеді.

Әлсіз жасанды интеллект (ӘЖИ) – қолдану аясы шектеулі бағытта жұмыс істейді және көптеген функцияларды орындай алмайды.

Күшті жасанды интеллект (КЖИ) – бірнеше бағытта жұмыс істей алады, қолдану аясы кең. Мәселен, робот белгілі бір сұраққа жауапты сараптап, статистика жүргізіп жатып, жүріп бара жатуы деген секілді.

Жасанды интеллектті кез келген бағдарламада жасауға болады, бірақ код жазуға тиімді бағдарламалар ретінде LISP бағдарламасы тиімді деп жатады. Бірақ жасанды интеллект кодын жазып үйрену үшін Python бағдарламасы тамаша үлгі.

Адамзат жасанды интеллектті әзірге бес бағытта қолдану үстінде. Ол қауіпсіздік, медицина, қаржы, коммерция және өндіріс. Бұл салаларда әлі де талай өзгерістер болады.

MICROSOFT АЙЖҰЛДЫЗҒА НЕ ҮЙРЕТТІ?

Айжұлдыз корпорацияның осындай Boot Camp өткізетіндігін ойламаған жерден білгендігін айтады. Оның айтуынша, бұл оған ерекше қызық көрінген.

Мен бағдарламалау саласында өз қабілетімді арттырып, білімімді шыңдау мақсатында Ақтаудағы «Mediana» ІТ компаниясына тәжірибе өтіп жүрдім. Сол жерде отырғанымда Telegramға жасанды интеллект туралы арнайы оқу өтетіндігі, оған қатысу үшін технологиялар болашағы туралы екі минуттық видео түсіру керек екендігі айтылған хабарландыру келді. Тек қана қыздарға арналғандығы қызықтырды. Жоба бойынша жетекшім, мектебіміздегі информатика пәні мұғалімі Айжан Қанатқызына хабарласып, екеуміз екі минуттық видео түсірдік. Біз технологияларды тиімді пайдалану бойынша бірнеше ұсыныстар айтқан едік. Шілденің аяғында бізге Boot Camp шарасына өткендігіміз туралы хабарлама келді. Біз жедел Microsoft компаниясының Қазақстандағы кеңсесімен байланысып, құжаттарымызды рәсімдедік. Барлық шығынды мекеме өздері көтерді, - дейді Айжұлдыз.

Жасанды интеллект саласындағы қыз балалардың білімін арттыру арқылы олардың қызығушылығын оятуды мақсат тұтқан мекеменің жұмысын Айжан Ержанова да ерекше бағалайды.

Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазақстаннан бар болғаны жеті қыз барды.Кейін білгеніміздей, өтініш бергендер көп болған. Жазғы оқытылу кезінде жетекшілерге де түсіндіру жұмыстары жүргізілді, - дейді ол.

Айжұлдыз –жасанды интеллект адамзаттың өміріне өте пайдалы болатындығына сенімді. Бір өкінетіні көптеген жастардың бұл салаға үрке қарайтыны. Адам жақсы ниетпен жасаса,кез келген нәрсе оң нәтижесін береді деп сенеді ол.

Афинада шетелдік студенттерімен танысып, олармен тәжірибе алмастық. Жазғы оқуда біз чат бот жасаумен, робот құрастырумен, код жазумен айналыстық. Сонымен қоса соңғы күндердің ішінде Майкрософт бізге хакатон(қысқа уақыт ішінде берілген тапсырмалардың шешімін табу) ұйымдастырып, олардың Azure атты серверімен, дереққормен жұмыс жасадық. Сонымен қоса, қолымызға балға мен шегені алып ағаштарды бір біріне біріктіру арқылы сөрені құрастырдық, ал сол сөрелер кейін қайырымдылыққа тапсырылды. Шынымды, айтсам бір топта Польша, Кипр, Чехия, Сербия, Словакия секілді әртүрлі оқушылармен ақпарат алмасып және де соңғы заманауи тақырыптарда жұмыс жасаған мен үшін үлкен тәжірибе болды. Енді алған білімімді мектебіміздегі  оқушылармен бөлісу, үйрету ойда бар, - деді жас зияткер.

Жас та болса, білімін шыңдап жасанды интеллектті достары мен оқушыларын қызықтырғысы келіп жүрген Айжұлдызға сәттілік тіледік.​

 

Дайындаған: Рысгүл Рамазанова

Бөлісу: