Қазақстанда отандық Aitu платформасын қаржы секторында қауіпсіз байланыс құралы ретінде пайдалану бастамасы талқыланып жатыр. Бұл ұсыныс банктік емес қаржы ұйымдары мен клиенттер арасындағы өзара іс-қимылды қосымша қорғалған арнаға көшіруді көздейді.
Бастама Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тарапынан көтерілген. Оған соңғы уақытта қаржылық алаяқтықтың жиілеуі және дербес деректердің қауіпсіздігіне қатысты тәуекелдердің артуы себеп болған.
«Аталған мәселе қаржылық қызметтер көрсету барысында алаяқтық әрекеттердің өсуі аясында ақпараттық қауіпсіздікті күшейту, оның ішінде дербес деректерді қорғауды қамтамасыз ету қажеттілігіне байланысты қарастырылып жатыр», – делінген агенттік хабарламасында.
Сонымен қатар бұл бастама қаржы ұйымдары мен қызмет тұтынушылары арасындағы байланыс арналарының бірыңғай стандартын қалыптастыруға бағытталған.
Aitu платформасының басты ерекшелігі – барлық сервер мен деректердің Қазақстан аумағындағы қорғалған контурда орналасуы. Бұл деректердің шетелге шығу қаупін азайтып, қауіпсіздік деңгейін арттырады.
«Aitu платформасының техникалық архитектурасы барлық сервер мен деректердің Қазақстанның қорғалған контуры ішінде орналасуының арқасында шетелдік мессенджерлерде жоқ тиісті қауіпсіздік деңгейін қамтамасыз етеді. Бұл қаржылық трафикті ұстап қалу және дербес деректердің трансшекаралық таралу тәуекелдерін жояды», – деп мәлімдеді агенттік.
Платформадағы барлық хат алмасу end-to-end шифрлау арқылы қорғалады.
«Әрбір транзакцияның қауіпсіздігі шифрлаудың (end-to-end) әдісін қолдану арқылы қамтамасыз етіледі, мұнда қол жеткізу кілттері тек пайдаланушылардың құрылғыларында сақталады, бұл сервер немесе провайдер тарапынан хат алмасуды оқуды мүмкін емес етеді», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ жүйеде биометриялық сәйкестендіру мен бұлттық ЭЦҚ-ны қамтитын Aitu Passport қарастырылған. Бұл пайдаланушыларды нақты верификациялауға мүмкіндік береді.
«Міндетті биометриялық сәйкестендіру мен бұлттық ЭЦҚ-ны қамтитын Aitu Passport жүйесін қолдану жіберуші мен алушыны заңды тұрғыдан мәні бар түрде верификациялауды қамтамасыз етіп, фишинг пен тұлғаны қолдан жасау қауіптерін іс жүзінде жоққа шығарады», – деп атап өтті агенттік.
Сонымен қатар платформадағы ашық API мен бизнес-кабинеттер қаржы ұйымдарына, әсіресе шағын компанияларға, дайын инфрақұрылымды пайдаланып, өз сервистерін қауіпсіз түрде біріктіруге мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта бұл бастама нарық қатысушыларымен бірге жан-жақты талқыланып жатыр.
«Қаржы нарығында Aitu платформасын пайдалану бастамасы мессенджердің барлық артықшылықтары мен нарық қатысушыларының мүдделерін ескере отырып, жан-жақты пысықталатын болады», – делінген ресми хабарламада.