Air Astana мен Fly Arystan сияқты компаниялардың былықтарынан халық шаршады – депутат

4 Қыркүйек, 11:29 543

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек соңғы кездері әуе компанияларында шыққан дауға қатысты мәселені көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәжілісте депутаттар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасы мен оған ілеспе құжатты талқылап жатыр. Депутат Бақытжан Базарбек заң жобасына қатысты сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев сауал жолдады.

Жалпы, бұл заң жобасы тұтынушылардың құқықтарын қорғайды, механизмдері бар. Өз басым бұл заң жобасын қолдаймын. Сұрағыма келсек, тұтынушылардың құқықтары қорғалмаған, тапталып отырған салалардың бірі – азаматтық авиация. Air Astana, Fly Arystan сияқты компаниялардың бассыздығы, заңсыздығы, былықтарының кесірінен халық шаршады, мемлекеттің тісі батпай отыр. Өкінішке қарай, билеттерді қайтармайды, рейстерді кейінге қалдырады, сорақысы – мүгедектігі бар азаматтар мен жасөспірімдерді рейстен қалдырып отыр. Кезінде лоббистердің ісімен тексерістердің бәрін тұтынушылардың қорғау саласын да алып тастады. Мынау лоббистер әлі де күшінде. Олар енді онсыз да көтерілген билеттің құнын қайтадан көтеруге тырысып жатыр. Бәлкім бұл жерде мәселе халықаралық конвенцияда шығар. Кезінде Варшава конвенциясына қосылғанбыз, бірақ ол құжатта тетіктер жоқ. Мүмкін ол конвенциядан шығып, Монреаль конвенциясына қосылу керек шығар. Әуежай мен әуекомпания басшылықтарын рейстерді кейінге қалдыруға байланысты осы заң жобасы («Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң жобасы мен оған ілеспе құжат – ред.) аясында мүліктік жауапкершілікке тарту жоспарда бар ма, жоқ па? - деді мәжілісмен.

Министр әуе билеттерін қайтармау тұсында кемшіл тұстары барын жоққа шығармады. Сонымен қатар «100 пайыз ақшаны қайтармаймыз» деген мүмкіндікті жаңа заң жобасында алып тастағанын атап өтті.

Сонымен қатар бұл мәселеге қатысты Көлік министрлігінің өкілі де жауап берді.

Біз 2015 жылы Монреаль конвенциясына кіріп, ратификацияладық. Құжат жолаушыларды тасымалдау тетіктерін қарастырады. Бүгінде біз сол конвенцияның аясында жұмыс істеп жатырмыз. Рейстерді кешіктерген кезде немесе рейстер болмай қалған жағдайда, жаңадан өзгерістер енгізу бойынша жұмыс істеліп жатыр. Бүгінде рейстерді кешіктіргені үшін енді авиакомпаниялар ғана емес, әуежайлардың да жауапкершілігін қарауды қарастырып жатырмыз. Неге десек, кейбір уақытта әуежайлардың өздерінің дайындығы болмай қалған жағдайлар да бар. Мүгедек адамдар, балаларға, жүкті әйелдерге дұрыс қызмет көрсетпеген жағдайда, оларға айыппұлдар салу пакеті дайындалды. Осындай айыппұлдар әуе компаниялар мен әуежайлардың басшылығына беру жөнінде дайындалған түзетулеріміз бар. Олармен сіздерге келетін боламыз, - деді Көлік министрлігінің өкілі.

Миражан Махан
Бөлісу: