Айқожа Ишан кесенесі (ХІХ Ғ.)

31 Наурыз 2017, 15:53 7017

Тарихты білу – тағылымды іс

Ескерткіш күмбезді-орталықты типке жатады. Жоспарында шаршы пішінді болып келген негізгі аумақ күмбез асты барабандарда тұрған күмбезбен жабылған Айқожа ишан кесенесі Жаңақорған кентінен оңтүстік-батысқа қарай 49 шақырым жерде орналасқан.

Ескерткіш Сырдария өзенінің оң жағалауындағы биіктеу жерде, үлкен қорымның ішінде орналасқан. Ғимараттың негізгі қасбетінің алдында ұқсас бес қабір үсті ескерткіші орналасқан. Оның күншығыс жағындағысы – әйелінікі, батыс бөлігіндегі төртеуі (біреуінің көктасы бар) – көмекшілерінікі. Кесенені шаршы пішінді күйдірілген кірпіштерден (жарты кірпіштер де пайдаланылған) тұрғызылған (26х26х5 см, 10 қатар + 10 жым = 0,78 м). жоспарындағы аумақтық өлшемі – 8,42х8,46 м, биіктігі – 7,70 м. Ескерткіш күмбезді-орталықты типке жатады. Жоспарында шаршы пішінді болып келген негізгі аумақ күмбез асты барабандарда тұрған күмбезбен жабылған. Ескерткіш бас қасбетімен оңтүстік, оңтүстік, шығысқа бағытталған, бүйіріндегі екеуі жебе тәрізді кескіндегі аркалы текшелермен өңделген. Негізгі қасбеттің екі құламалы жабумен шектелген қабырғасындағы текшеде екі жармалы есікпен жабылатын кіреберіс ойығы бар. Батыс қасбеттегі текшеде де есік бар.  Бұл есік ойығы Меккеге қарай бағытталған, екінші бүйірлік қасбеттің текшесі бітеу. Күмбезі жарты шар тәрізді. Күмбез асты барабаны – сегіз қырлы, оның шаршы пішінді төрт терезесі құрылыстың ұзына бойы және көлденең осьтерінде орналасқан. Қазіргі уақытта ескерткіш қайта жөнделген, күмбездің үстіне металдан істелген жарты ай орнатылған, күмбез асты барабанындағы терезелерге ағаш торлар қойылған. Кесененің қасбеттері сыланбаған, бірақ та күмбездегі сылақ қалдықтарына қарағанда ол алғашында сыланып, әктелсе керек. Камераның шаршы пішінді негізінен күмбез шеңберіне өтуі қабырғаларға 45о бұрышпен жонылып қойылған бөренелерден тұратын пандативтер арқылы іске асырылған. Әр қабырғаның ортасында, камераның төменгі бөлігінде жебе тәрізді кескіндегі аркалы қуыстар бар. Алғашында ескерткіштің ішкі көрінісі геометриялық және өсімдік сипаттағы өрнекті суреттермен безендірілген. Қайта жөндеу жұмыстары нәтижесінде қабырғадағы құнды суреттер жоғалып кеткен. Жерлеу камерасының ортасында ақ матамен жабылған, жоспарында тікбұрышты қабір үсті ескерткіші орналасқан. Айқожа кесенесі Сырдарияның төменгі ағысындағы ХІХ ғасырда салынған мемориалдық құрылыс архитектурасын байытып қана қоймай, оған жаңа типологиялық (центрлі, жартылай ашық аумақ) және құрылымдық (күмбездің сына тәрізді қалануы) өзгерістер енгізді. Өкінішке қарай, кесененің ішін безендіріп тұрған суреттер келмеске кетті. Айқожа ишан күмбезі республикалық маңыздағы тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне алған.

 

Бөлісу: