Айдында қалған аққулар

26 Қазан 2017, 18:39 13292

Көлдің шетіне мұз түссе де, аққулар неге айналшықтап кете алмай жүр?

Астана қаласының іргесіндегі Талдыкөл көлін елордалық тұрғындардың бәрі біледі. Елбасының тапсырмасына сай жағымсыз иісі бар көл кіршіксіз тазаланып, айдынына құстар қайта оралған еді. Әсіресе жаз маусымында көлдің айналасы жасыл желекке оранып, ерекше құлпырып тұрады.

Осы Талдыкөлдің жанындағы тағы бір шағын көлшік бар. Қамысы қаулаған кішкентай көлшікте құстардың түр-түрі мекендейді. Топ-топ үйрек, шағала, тіпті тырна да бар. Әсіресе айдын көлдің бетінде қалықтаған қос аққу ала жаздай жүзіп жүретін. Қамыс арасына ұя салған әсем құстар көлдің көркіне айналған еді.

Дәл осы көл маңында жаңа салынған үйлердің бірінде тұрамын. Үйіміздің терезесі тура көлге қарап тұр. Жақында күн райы күрт суытып, аңызғақ жел күшейіп кеткені белгілі. Тіпті шағын көлшіктің бетіне жұқа мұз түсіп, қата бастаған. Алайда, жоғарыда мен сөз еткен қос аққу кішкентай балапандарын ертіп, көл бетінде әлі жүзіп жүргенін күнде байқап жүрдім. Күн салқындады, енді бәлкім жылы жаққа ұшып кететін шығар деген ой болды. Алайда, күнде таңертең ұйқыдан тұрған бетте терезеге бір көз салып, аққулар көріне ме деп қарап қоямын. Олар да жүзіп жүреді, кейде балапандары көрінбей қалады. Арасында қамыс ішінде ағараңдап жүзгенін байқап қаламын.

Күн суытқан сайын, аққулар үшін уайым ұлғая түскендей. Көлдің бетін мұз құрсауласа қалай болмақ? Бәлкім, балапандарының қанаты қатаймағаннан кейін аялдап жүр ме екен? Әйтпегенде жылы жаққа ұшып кететін мезгілдері болды ғой, деген сан сауал маза бермеді.

Астана қаласында жануарларды қорғайтын қандай да бір мекеме болуы тиіс қой деп ғаламторды бір торып шықтық. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті деген мекеме бар екен. Хабарласып мән-жайды түсіндіруге тырыстым.

Телефон тұтқасын көтерген Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылық басқарамасының бастығы Бақытбек Задаұлы аққулардың өміріне алаңдап, қоңырау шалғанымызға қуанып қалғанын айтты. Бірден тиісті мекемеге тапсырма беріп, бұл мәселені жақын уақытта шешуге уәде берді.

Артынша Ақмола облысының Орман шаруашылығы жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы Астана бөлімінің басшысы Мұхит Рамазанов хабарласып, мәселенің анық-қанығын сұрады.

Мұхит Рамазановтың айтуынша, дәл осындай жағдай былтыр да болған екен. Ол жолы тек бір аққу мезгілінде жылы жаққа ұша алмай қалып, мұз кешіпті. Алаңдаушылық танытқан елорда тұрғындарының бірі хабар беріп, аққуды осы мекеменің мамандары құтқарыпты. Суыққа төтеп бере алмаған сыңар аққу тіпті сырқаттанып қалғанын айтты. Құтқарушы инспекторлар аққуды «Астана орманы» ЖШС-не  табыстаған. Мекеме мамандары сыңар құсты жылы жерге орналастырып, тамақтандырып, көктемге дейін бағыпты. Сырқатына байланысты ұша алмай қалған аққуды олар кейіннен Астана қаласының орталық саябағына тапсырған көрінеді.

Мұхит Рамазанов бүгіннен қалдырмай инспектор мамандарды көлге жіберетінін айтты.

– Алдымен мамандар барып құстарды бақылап қайтсын. Десе де әлі уақыт бар. Аққулар әзір көлдің беті қатқанша үйірін күтіп жүруі мүмкін. Бәлкім балапандарының қанаты қатайсын деп тосқауылдап жүрген болар. Біз құстарды бүгіннен бастап бақылауға аламыз. Күн қатты салқындап, олар кете алмай қалып жатса, міндетті түрде қажетті көмек көрсетіліп, қорғауға алынатын болады, - дейді ол.  

Аққуды қазақ халқы қашан да адалдықтың, махаббаттың символы ретінде ерекше құрметтейді. Талдыкөлдің көркіне айналған әсем жаратылыс иелерін инспекция мамандарымен бірлесіп, алдағы бір аптада бақылайтын болып келістік. Біздің де қаупіміз сейіліп, көңіліміз орныққандай!

Бақытгүл Абайқызы
Бөлісу: