Алматыда ТМД, Балтық және Грузия елдерінің V Жастар театр форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.
Аталған форум театр саласына қатысты мәселелер бойынша пікір алмасып, өзара тәжірибе бөлісуге арналған. Осы жылдар ішінде форумның өтуі театр ісін насихаттауда, театр дәстүрі мен біртұтас мәдени кеңістікті сақтауда және мәдени байланыстарды дамытуда елеулі оқиға болды.
Жоба аясында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Халықаралық театр одақтарының конфедерациясы мүшелерімен және әртүрлі елдердің театр қайраткерлері одағының төрағаларымен кездесті.
Министр V Жастар театр форумының қатысушыларына елдер арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға елеулі үлес қосып, заманауи театр өнерін насихаттағаны үшін алғысын білдірді.
Айта кетейік, іс-шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген екі жүзден астам режиссер, драматург, актер, сценограф және театр сыншылары қатысты.
Айта кету керек, осы жылдың 9 маусымында форумда жеңіске жеткен үздік спектакль белгілі болады. Жеңімпаздар 2025 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында Мәскеуде өтетін А.П. Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестиваліне қатысады.