Аида Балаева: «Qaitadan» - бюджет қаражатын бес есеге артығымен ақтаған алғашқы жоба

Аида Балаева: «Qaitadan» - бюджет қаражатын бес есеге артығымен ақтаған алғашқы жоба

Мәдениет және ақпарат министрі көптің көңілінен шыққан «Qaitadan» фильмінің шығармашылық ұжымын құттықтады. Ведомство басшысының мәліметінше, бұл кино өндірісіне жұмсалған бюджет қаржысын бірнеше есеге ақтаған тұңғыш жоба, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл туралы министр желі парақшасында жазды.

Үш аптадан бері отандық кинопрокатта көш бастаған «Qaitadan» көркем фильмі 1 млрд теңгеден астам табыс тапқандығымен шығармашылық ұжымды шын жүректен құттықтаймын! Бұл кино өндірісіне жұмсалған мемлекет қаражатын бес есеге артығымен ақтаған алғашқы жоба. 2023 жылы питчинг жеңімпазы атанған кинотуынды – жас режиссёр Думан Еркімбектің толықметражды дебюті. Осындай креативті, бастамашыл әрі отаншыл жастарды қолдау бәріміздің ортақ міндетіміз,-деп жазды Аида Балаева.

Фильмде отбасы институты дәріптеліп, әлеуметтік жауапкершілік пен адамгершілік қағидаттары көрініс табады. Себебі өзіңді ғана емес, айналаңды, тіпті тұтас қоғамды құтқаруға ұмтылу – әр адамның міндеті. Киноның әр диалогы – қоғамға ой тастайды, әр көрінісі – көрерменнің жүрегіне жақын.
       
Айта кетейік, қазіргі таңда «Qaitadan» фильмі еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетілуде. Өз жазбасында министр барша көрермен қауымды осы туындыны бірге тамашалап, ұлт рухын асқақтатар отандық жобамызды қолдауға шақырды.

Арнайы алтын уақыттарыңызды бөліп, киноға келіңіздер. Фильмнен жағымды әсер алып, бір толқында болып, бірге ой түйейік. Шынайы еңбектің бағасын беріп, киногерлерімізге дем берейік.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында киноға қатысты: «Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек» - деген болатын. Кино ұлтты ұйытып, болашақ ұрпақты тәрбиелеуі тиіс. Сапалы, сауатты, талғамы биік картиналар саны артқан кезде ғана отандық киноның еңсесі биік болады. Сондықтан министрлік ұлттық киноны дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді. Баршаңызға сәттілік тілеймін!,-делінген жазбада.

Біз бұған дейін қазақстандық режиссёр Думан Еркімбектің дебюттік толықметражды фильмі «QAITADAN» үш апта ішінде 1 млрд теңгеден астам табыс жинап, отандық кинопрокатта көш бастағанын жазған болатынбыз.