Ағайын мені «Иран сал» дейтін болды – Иран Тасқара

10 Қараша 2022, 00:44 3305

Ақын Ғафу «Қазақ әдебиеті» газетіне үлкен мақала жазып, маған «Иран сал» деген атақты теліпті

Тағдырдың жазуымен Ресейдің Омбы облысында дүниеге келген Иран Тасқара өзінің ата жұрты  Көкшетау өңірі екенін есейгенде ғана біліпті. Қиыр жайлап, шет қыстаған қазақтың бәріне ортақ бір аңсар атамекенге оралу емес пе?! Осындай балауса арманнан бастау алған асау арын Иранды дегеніне көндіріп, 1957-ші жылы Алматыға алып келді.  Жолы болған жігіттің басына бақ қонды. Қазақ тау-кен металлургия институтына оқуға түсіп, оны ойдағыдай бітірді. Еңбек жолын кенді өлке Жезқазған кенішінен бастады.

Қатардағы шеберден тау-кен орны басшысының орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Алайда, Иран Тасқараға сал-серілік дәстүр жақын еді. Ол, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай және Балуан шолақ әндерін бала жастан тыңдап өсті. Сөзі мен сазы үндескен арқа әуезі кен инженерін үнемі тылсым әлемге жетелейтін. Өзі де талантсыз емес еді. Сондықтан болар бұл әлем оны кеудеден итермеді. Керсінше,  өзіне тартты. Осы дарыны  Иран Тасқараны қазақ әдебиетінің тума таланттарымен табыстырды.

«Қоғам қайраткері, ақын Кәкімбек Салықов маған кеншілік жағынан да, ақындық жағынан да ұстаз бола білді. Екеуміз кенші болғандықтанба Жезқазғанда жүргенде аға мен інідей араластық. Ол кісінің «Өсиет» деген екі шумақтан ғана тұратын өлеңін мен әнге айналдырдым. Әуені дұрыс болды-ау деймін, Кәкімбек аға қатты риза болды. Содан бастап, мен ақынның өлеңдеріне ән шығаруды бастадым», – дейді Иран Тасқара.

Иректетпей, иін қандыра айтсақ, өзіне тән ақындық қолтаңбасы бар Иран Тасқараұлы бүгінде әнші-сазгер атанды. «Қошқар болар қозының маңдайы дөңес келеді», дейді атам қазақ. Балғын шағынан домбыра шертіп, «әнші бала» атанған оның киелі өнерге деген махаббаты сонау жылдардан бастау алған екен. Бойға біткен қасиет бой бермесі анық.                                                         

Жезкиіктері желіп жүрген Жезқазғанда жүріп-ақ желдей есілдіріп ән салғанда дүйім жұрт «Иран сал» деп атағаны бар. Жақсының шарапаты қашанда жарық шашып тұрады емес пе?! 1970-ші жылы қазақтың арынды ақыны Ғафу Қайырбековпен бірге қасиетті Ұлытау өңірін ала жаздай  аралап қайтқан соң, қайран Ғафекең осы жол сапарлары жайлы жазған мақаласында «Иран сал» деп оның атын атағаны ақиқат.

«Атақты ақын Ғафу Қайырбеков Жезқазғанға келгенде басшылық қызметте жүрген Кәкімбек Салықов ол кісінің қасына мені қосты. Ауыл-ауылды аралап, кездесулер өткізді, мен ән айтам, Ғафу өлең оқиды. Сол сапардан алған әсер шығар ақын Ғафу «Қазақ әдебиеті» газетіне үлкен мақала жазып, маған «Иран сал» деген атақты теліпті. Содан бастап мені елдегі ағайын «Иран сал» дейтін болды», – дейді өзі де.

Көшпенділер дәуірінен тәуелсіз заманымызға дейін есен жеткен сал-серілік өнер ұлттық дәстүріміздің алтын қоры. Міне, Иран Тасқара осы алтын қордың бауын үзбей келе жатқан жан. Адамның ең үлкен байлығы – болмысында. Ал, болмысы айқын жанның мерейі асқақ. Жоғалып, құрдымға құлап бара жатқан Арқаның сал-серілік өнерін өрістетіп жүрген Иран сал 130-дан астам әннің авторы. Оның бірнеше өлең өрнегін белгілі компазиторлар ән тілінде сөйлетті. Дегенмен, өнерде күндестіктің де қатар жүретіні бар. Осы бір аяқтан шалушылық Ирна Тасқараны да сырт айналған жоқ.

«Саған осы атақтың не керегі бар» дейтіндер болды. Осы жайында Кәкімбек ағама уәж аттым, ол кісі: айтатын адам айта берсін. Өзіңе өзің теліп алған жоқсың ғой, атақты ақын Ғафудың берген бағасы емес пе? Керсінше, көре алмайтындардың алдында айқайлап айт,-деді. Содан өзім де «Иран салмын» дейтінді шығардым», – деген еді Иран ағамыз.

Иран сал Мұхиттың 150 жылдығына арналған ән фестивальінде, Кенен Әзірбаевтың әндерін орындаушылар байқауында лауреат атанды. «Сарыарқа-сал-серілер – ән бесігі» атты компакт дискесі жарық көрді. «Жаңа ғасырға – жаңа ән» республикалық байқауда жүлдегерлер қатарынан көрінді. Мағжанның, Сәкеннің, Шәкәрімнің, Мұқағалидың және Кәкімбектей ақындардың өлең сөзіне ән жазып, жалпақ жұртқа жария етіп жүрген салың

«Қазақ халқы  өзінің тарихи даму жолында болмысына, таным-түсінігіне тән ұлт ерекшелігін айқындайтын дәстүр, әдет-ғұрып, әдебиет, мәдениетін қалыптастырды. Жазу-сызу болмаған есте жоқ ескі заманнан бері бабадан балаға ауызша жеткен осы құндылықтар әлі күнге дейін мәнін жойған жоқ.   Ұлы түркілер мұрагері ретінде біз қандай құндылықтармен мақтана аламыз?  Ол құндылықтарды насихаттау үшін қандай қадамдарға баруымыз керек?  Ұлы дала ұғымын ұрпақ санасына қалай сіңдіреміз? Өйткені, бұл құндылықтар жойылса қазақ ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс шындығынан, дүние танымынан айырылады емес пе?! Ендеше ұлттық құндылықтан безінуге болмас», – дейді Иран Тасқара.

Иранның жыры туған өңіріне арнаған  өз көңілінің шұғыласы, асыл нұры. Талай-талай ардақты азаматтарға арнаулары бар болса ол да жетістік. Кешегі керенау кеңес идеологиясы тап осындай еркіндікпен айтқызбады. Қазір оның жаңа заман сырын шертетін өлеңдері көп-ақ.                                                               

Жаңа өмірдің жаңа толқын арнасы,

Құдай жазса, табар ағын жалғасын, - деп ақын бүгінгі жас ұрпаққа деген сенімін жеткізеді. Оның өзі жайлы бір өлеңінде:

Пана іздеп, жамандарға жағынбадым,

Өнердің алла берген бағындамын.

Тірегі өр көңілдің сырғымайтын,

Халқымның сал-серілік тағындамын,-дегенінде Ақан, Біржан, Үкілі Ыбырайлардың екпіні жатыр.

«Ертедегі ел үшін ертегідегідей ерлік жасаған тұлғалардың тарихи тұлғасын жасау, зерттеу-зерделеудің маңызы зор. Әсіресе, жаһанға жар салып, мақтана алатын дала данышпандарының,  билер мен батырлардың болашағы үшін жасаған жасампаз жанкештілігін ұлықтайтын уақыт жетті.  Мыңдаған жылдық тарихы бар дала этнографиясын жасау – сананы рухани жаңғыртумен мүдделес. Шоқан Уәлиханов көшпелі қазақ қоғамында фольклордың  мәндік сипатқа ие болғанын ерекше атап көрсетті. Ол шешендік өнер – билер институтының да, әділ сот ісін жүргізудің де рухани құралы болғанын айтып кеткен. Фольклор зерттеуде  заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің де еңбегі зор», – дейді ол.

Қазақ халқының эпосында батырлар жыры – ең бай сала. Бұл дастандар көбінесе сонау бір бағзы заманда Орта Азия, Қырым мен Еділ бойын жайлаған көшпенді қазақ тарихының поэтикалық көрінісі.

«Батырлар жырынан қазақ халқының көркемсөздегі даналығын да аңғаруға болады.  Жалпы батырлар жырын пайда болу кезеңдеріне қарай ірі үш топқа бөлеміз. Бірінші, ең көне заманғы ертелік эпос. Екінші тарихи кезеңдердің эпосы. Үшіншісі, жаңа дәуір эпосы, тарихи жырлар. Осы эпостағы халық аузында кең тарағаны «Қобыланды батыр» жыры. Жалпы халық арасындағы бай фольклор мұрасын жинақтау маңызды. Көне аспаптар тарихына тіл бітіріп, музыка шежіресін заманауи цифрлы форматқа түсіру керек. Шетелдік саз, мағанасыз музыкаға бой алдырған ұрпаққа даламен үндескен әуен керек,-дейді әдебиеттанушы Ерболат Баятұлы.

Қазақ мәдениетінің  сыр-жұмбағы сұлу тұрпатында жеткізіп,  ән-әуезге малынған  алуан үндестігі ұрпақтар сабақтастығына ұласу керек. Осы бір сыршыл көңілге самал сазды ұялататын ұлттық өнердің өрісін кеңейту-қазіргі заман талабы. Сондықтан да мәдени интеграция аясында өнерімен өзектес әрі тағдырлас таланттар үшін жаңа жол ашқан абзал. Бұл пікірді жыршы-сазгер Иран Тасқара  қолдап отыр.

«Қазір өнер саласындағы жандарға көп мүмкіндік ашылып жатыр. Кеңес уақытында шетелге шығу мұң еді ғой. Қаншама тексеруден өтетінбіз. Бүгінде бәрі басқаша. Қазақ халқының өнерін шетелдерге таныту,  оны насихаттау, ұлттық өнерді жоғары деңгейлі өзге мемлекетпен теңестіру жолында аянбай жұмыс істеу керек. Яғни, мәдени байланысты нығайту міндет. Мәдени байланыс ол  елдің айнасы, ол тарихы, ол шежіресі, ол келешегі. Оның даму аясын кеңейтуде мәдени интеграцияның шарапаты мол-ақ. Қазіргі күні Қазақстанның барлық аймақтарында ұлттық өнердің қайталанбас ғажап болмысын ұлағаттау барысында іс-шаралар қолға алынған. Соны дамыта беру керек», – дейді Иран Тасқара.

Көнеден келе жатқан қобыз, сыбызғы, сазсырнай – бабадан қалған асыл мұра. Алайда, олардың халық арасында кең тарағаны – домбыра,-дейді дәстүрлі әнші Жасұлан Наурызбайұлы.

«Қазақ халқының дәстүрлі әуені – рухани мұраның ең бай қазынасы. Ғасырлар тезінен өтіп,  даналығын көрсете білген күй өнері  – қазақ халқының ең басты рухани байлығы. Жан-дүниесін тылсым әуезге бөлейтін құдіретті күші. Бұрындары, ауылдағы ағайынның басы қосылса домбыра шертіліп, күй тартылатын. Осы күйдің құдіретін жан-жақты зерттеген этнограф-ғалым Ақселеу Сейдімбек те осындай ортада күй тыңдап өсті. Ендеше мәдени салаға да мән беру керек. Ұлтымыздың фольклоры да назардан түспесе екен. Көне дәуірден жоғалмай жеткен осы өнер шетел сахналарында жарқырып көрінсе қуаныш қой.  21-ші ғасырдағы азаматтық қоғамының бет пердесі өзгерді. Қазір өркениетке өріс іздеген елдер өзінің мәдени ерекшіліктеріне барынша мән берген. Мақсат, ұлттық айшықтағы бай мұраны әлем жұртшылығына таныту. Мұндай мүмкіндікті Қазақстан да қажетіне жаратса игі», – дейді Иран аға.

Біздің халық жақсы мен жайсаңға тапшы емес. Елдің, тәрбиеліктің, сөздің қадірін білетін, бағалайтын, асып-тасып аузына құс тістегендерге «бұларың не?» деп ақыл айтатын азаматтар әлі де қалған сияқты. Даналардың алдын көрген, әке мен шеше дарытқан адамгершілік қасиеттерді бойына сіңірген асыл азаматтың бірі – Иран Тасқара. Оның кісілгі мен көрегендігі, әділін айтатын турашылдығы талай адамға өнеге.  Қара басының қамынан аса алмайтын, қарны тойса өзгенің мұң-мұқтажы селт еткізбейтін, сөйте тұра бедел жинағыштардан Иран сияқты азаматтардың орны бөлек. 

Жанат Жанұзақов
Бөлісу: