Ағаштан түйін түйген

25 Қыркүйек 2018, 11:48 9237

 Қарағаштың қадірін ұсталық еткен білер.

Тәуелсіздік алғалы  «Өшкеніміз тұтанып, өлгеніміз тіріліп» жатқаны ақиқат. «Мұсылман болу әсте-әсте» демекші әлі де ұмытылып қалған, жаңғыруды талап етіп тұрған салт-дәстүрлеріміз, жандандыруды талап ететін,  атадан балаға мұра болып қалатын өнерлеріміз  де жоқ емес. Егемендіктің  алғашқы жылдары «Байтал түгіл  бас қайғы» болып кеткені жасырын емес.  Дегенмен, қиын жылдар артта қалып, ел етек-жеңін жинай бастаған сыңайлы.

Бұлай деуіміздің себебі бар. Қазір ортамызда қолөнершілерге деген сұраныс артып келе жатыр. Жұрт, үйінің төріне домбыра мен қамшысын қайта іле бастады. Қонаққа бара қалсаңыз, кейбіреулер алдыңызға ағаш астауға толтырып ет әкеледі. Қазақтың аяқ-табақ деп атайтын байырғы тостаған, астау сынды ұлттық нақыштағы ыдыстарын қазір сыйлас адамдарға сыйлық ретінде апарып жүрміз. Бұл сыйлығыңызды алушы тарап та еш қомсынбайды. Себебі, расымен де қарасаң көз тоймайды және көрінген жерде қалмайтын, пайдаға асатын сыйлық екені һақ.

Бұл мақаламда Түркістан облысы, Сарыағаш ауданының тұрғыны Қарсыбаев Нұржан ағамыз жайлы сөз қозғаймын.

- Мен 1991 жылы Шымкент қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы колледжге түскен болатынмын. «Ағаш өңдеу» факультетіне қабылданған 12 баланың бірі мен. Колледжде қолөнер саласында шыңға шығуға бағыт-бағдар берген ұстаздарым жетерлік болды. Ұстаздың да ұстазы бар ғой. Дегенмен, арасында бізге жігерлі сөздер айтып, істерімен дәлелдей білген ұстаздарыма қазір басымды иіп рахметімді айтамын. Ол кісілер бізге «Бір дүниені екінші рет жасама, қайталап жасаған жұмысыңды сатпа» деген ақыл айтатын. Ол кезде бала болдық қой. «Бұл дүниелерді сатпасам неге істеп жатырмын?» деп сол кезде ойланып, жауабын таба алмаған едім. Сөйтсем, ол кісілер баланың бала болып ізденуіне, бір дүниені қайталап жасай бермей басқа дүниелерді де жасауына ықпал еткен екен ғой. Студент кезіміздің өзінде қасық-шөміш, сандық-кебеже, бесік секілді дүниелерді істеп көрдік. Қазір сол тәжірибенің жемісін жеп отырмын.

Біз 1995 жылы оқуды тамамдадық. Ол жылдары өздеріңіз білесіздер, «Балапан басына, тұрымтай тұсына» кетіп жатқан заман ғой. Біздің бұл өнеріміз ешкімге керек болмады. Күн көріс қамымен оқудан соң  Каспий жаққа бет алдым. Қашаған проектісінде жеті жылдай жұмыс істедім. 13 жылдай ұстаздықпен айналыстым. Жалпы, бертінге дейін қолөнермен айналысып кетемін деп ойлаған жоқпын. Жылдар өтіп жатты. Миымның бір бұрышында «Қолөнерге уақыт келер. Сұраныс туар әлі» деген ойдың болғаны рас. Сұраныс туа бастаған кезде қолымда станоктар алатын қаржы болмады. Көп дүние тиын-тебенге байланысты ғой. Содан айналамдағы адамдардың ақылымен үкіметтің кәсіпкерлерге бөліп жатқан қайтарымсыз несиелеріне жүгіндім. "Қазақстан-2020" бағдарламасы аясында 3 млндық гранттарға қатыстым. Сөйтіп, арман болған 3 млн теңгені ұтып алдым. Көкейде сайрап тұрған сызбаларды енді іс жүзінде көрсету керек болды. Қасыма бірден 6 адамды жұмысқа алдым. Жұмыс қызу түрде басталды. 15 күнде 2 млн кіріс кірді. Бұның барлығы студенттік шағымда көп дүниені меңгергенімнің нәтижесі деп білемін. Былайша, қолөнерді қолыма қайта алғаныма 4 жыл ғана болды. Қазір, ұстаздық еңбегімнің де жемісін көрудемін. Менің алдымнан өткен, биік белестерді бағындырған шәкірттерім де бар.

Қазіргі таңда қарамағымда 7 адам қызмет етеді. Ең аз дегені 100 мың, ең көп дегені 200 мың теңге алып отыр. 150 мың теңге айлығы бар жұмысшым да бар. Барлығы, еңбектері мен шеберліктеріне қарай ақысын алуда. Қазір жұмысымыз қарқынды жүруде. Себебі, бірден 20 астау, 50 астауға тапсырыс беретін тұтынушыларымыз  пайда бола бастады.  Қымызға арналған ыдыс-аяқ жиынтығын да жасаймыз. Күбісінен бастап, тостағандарына дейін бар ол жиынтықта. Осы бағыттағы кез-келген көлемдегі тапсырыстарды қабылдай береміз.

Бастапқы кезде ағашты қайдан алу керек, қандай ағаштарды алу керектігін білмедік қой. Шіри бастаған қарағаштарды аралап алып, өзіміз тіліп, дайындап, сол ағаштардан небір дүниелерді істеген кезіміз болды. Одан кейін Шымкенттегі арнайы ағаш сататын орындардан ала бастадым. Мен барлық заттарымды қарағаштан жасаймын. Себебі, өзінің табиғи түсі өте әдемі ағаш. Табиғи қоңыр түсі көз тартады. Шымкенттен 60 мыңға алып жүргенбіз.  Сол жерден ағаш ала жүріп, олардың қай жақтан алатынын да біліп алдым. Сөйтіп, бұрын  60 мың теңгеге алып жүрген ағаштарымды 20 мың теңгеден Алматыдан алдыра бастадым. Бір келгенде 25 кубқа дейінгі көлемдегі тапсырыстарды аламын. Қазіргі таңда қолымда ағаштарды тілетін, кесетін станоктардың барлығы бар.  Жақында, ағаш кептіретін вакумды құрғату камерасын жасатып алдым. Бұл камера ағаштың суын сорып алады.

 Ал, заттардың жасалу жолына келсек. Біз көп  заттарымызды су ағаштан, яғни, дымқыл ағаштан  жасап шығамыз. Бірақ, аялап, мәпелеп отырып кептірмесең жасаған дүниеңнің формасынан айнып кетуі әбден мүмкін. Бұл ерекше ыждахаттылықты талап ететін еңбек. Дымқыл ағаштан бір күнде он астау істейтін болсаң, кепкен, қатты ағаштан үш астау ғана істейсің. Тек, кесе мен тостағандарды ғана кепкен ағаштан жасаймыз. Жалпы, аяқ-табақтардан бөлек бесік, домбыра-қобызды да тапсырыстар болса жасай береміз, - дейді қолөнер шебері.

Мінекей, «Еңбек түбі – береке» деген осы. Нұржан ағамыз бүл күндері тек өз бала-шағасын ғана емес, бақандай  жеті отбасының ешкімнен кем күн көрмеуіне жағдай жасап отыр. Мемлекетіміздің беріп отырған мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, кәсібін дөңгелетіп отырған Нұрекеңе алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Бөлісу: