Африка одағының астанасында Қазақстан киносының көрсетілімі өтті

23 Қазан 2023, 22:34 713

Африка құрлықтық ұйымының астанасында Республика күнін мерекелеу және Қазақстан мен Африка одағының қарым-қатынасының 10 жылдығы құрметіне Эфиопияның «Әлем синема» бірінші жеке кинозалында Қазақстан киносының көрсетілімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Іс-шараға шет мемлекеттердің елшілері, Эфиопия жұртшылығының, БАҚ өкілдері, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің диаспоралары қатысты.

Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ қолдауымен Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алтын тақ» және Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» көркем фильмдері Африканың қалын жұртшылығына алғаш рет көрсетілді.

Қазақстан Елшісі, Африка одағы жанындағы Тұрақты өкілі Барлыбай Садықов өзінің құттықтау сөзінде биылғы жылы 14 қарашада еліміздің Африка одағы жанынан бақылаушы мәртебесін алудың 10 жылдығы болатынын атап өтті. «Африка елдерімен ынтымақтастықты нығайту Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды бағыттарының бірі болып табылады және біз түрлі жобаларды іске асыру арқылы Африка одағымен тығыз ынтымақтастықты жалғастырамыз», – деді Елші.

Оның пікірінше, мәдениетаралық диалог бейбітшілік пен төзімділікті ынталандырудың маңызды құралы, сондай-ақ Африканың 2063 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму Күн тәртібінің басым бағыттарының бірі болып табылады. Мәдени іс-шаралар елдер арасында көпір құруға мүмкіндік жасайды және бір-бірін жақсы түсінуге көмектеседі, осылайша басқа салалардағы ынтымақтастыққа ықпал етеді.

Африкалық көрермендер XV ғасырда қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуы мен нығаюы туралы баяндайтын Р. Әбдірашевтің тарихи фильмін үлкен қызығушылықпен қабылдады.

Көрермендер А. Сатаевтың қазақстандықтарға да, африкалықтарға да жақын туыстарына деген сүйіспеншілік, аға ұрпақ алдындағы жауапкершілік, басынан өткерген барлық ауыртпалықтарға терең жанашырлық сезімін қозғайтын «Анаға апарар жол» фильмін өте эмоционалды және жылы қарсы алды.

Жалпы, кино көрсетілімі Қазақстан, оның мемлекеттіліктің ежелгі тарихы, тәуелсіздік жолындағы жетістіктері туралы көптеген оң пікірлер тудырды. Көрермендер заманауи қазақстандық киносының сапасын жоғары бағалады. Көптеген африкалық көрермендер қазақстандық киноиндустрияның өнімдерін көрсету тәжірибесін жалғастыру туралы өтініш білдірді.

Перизат Саденова
Бөлісу: