АЭС салсақ, оның радиоактивті қалдықтарын қайда жібереміз?

21 Шілде 2023, 12:13 1988

Бүгінгі таңда атом энергетикасы әлемдік электр энергиясын өндірудің шамамен 10% қамтамасыз етеді. Дүниежүзінде 32 елде 427 реактор жұмыс істейді. АЭС салған елдер қатарына Қазақстан да енуді көздеп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұған қатысты пікір сан алуан. Бірі оны салу кезінде-ақ талай қиындыққа тап боламыз десе, екінші тарап құрылыс жұмыстарының сапалы болатынына сенбейді. Дегенмен билік өкілдері мәселе жан-жақты зерттеліп, халықаралық тәжірибелі мамандарды тартамыз деп отыр. Осы жерде тағы бір жайттың ұшы қылаң берді. Мамандардың сөзіне қарағанда, әлемде әлі радиоактивті қалдықтардың көзін жоятын тәсіл табылмаған екен.

Атом энергетикасын негізінен дамыған елдер пайдаланады. Олардың ішінде жалпы көлемнің рекордтық үлесі (69%) Бельгияға тиесілі – 50,8%. Одан кейін Швеция (30,8%), Швейцария (28,8%), Оңтүстік Корея (28%), АҚШ (19,6%), Ұлыбритания (14,8%), Канада (14,3%)  және т.б. елдер бар. АҚШ-та 92 реактор жұмыс істесе, Канадада – 19, Қытайда – 55, Францияда – 56, Жапонияда 21 реактор бар.

Қазіргі уақытта 18 елде жалпы қуаты 57,6 ГВт болатын 56 реактордың құрылысы жүргізілуде. Бұл ретте Беларусь, БАӘ, Бангладеш және Түркия сияқты елдер өздерінің алғашқы атом электр станцияларын салуды қолға алған. Эстония, Польша, Египет, Сауд Арабиясы және Өзбекстан секілді тағы 5 ел алғашқы атом электр станцияларын салу үшін қажетті инфрақұрылымды дайындауға кіріскен. Ал Чехия, Болгария, Франция, Венгрия, Аргентина және Бразилия қосымша реакторлар салуды жоспарлап отыр.

МАГАТЭ-нің болжамынша, атом генерациясының өсімі енді Орталық және Шығыс Азияда байқалады. Дегенмен бұл өсімнің негізгі драйвері Қытай болып қала бермек. Аспан асты елінде алғашқы энергетикалық реактор 1991 жылы салынған. Осы 30 жыл аралығында Қытайдағы реакторлар саны 55-ке жетсе, тағы 18-і салынып жатыр.

Статистикалық мәліметтер атом электр энергиясының генерациясын пайдалану көрсеткіші артқанын аңғартады. Бұл көрсеткіш пандемияға байланысты 2020 жылы аздап құлдыраған – сағатына 100 ТВт, ал 2021 жылы 2653 ТВт/сағ жетті. Бұдан былай ол тек арта бермек.

Осының бәрін ескере келе, Қазақстан да АЭС салу бастамасын қарастырып жатқанына біраз жыл болды. Ол үшін Қазақстан АЭС салуда тәжірибесі мол мемлекеттер мен бұл істі жақында ғана қолға алған елдердің ярдролық-энергетикалық бағдарламаларын жіті зерттеуге кіріскен.

2022 жылы қазақстандық делегация Оңтүстік Кореяға барып, қолданыстағы АЭС пен салынып жатқан нысандарды аралап көрді. Тіпті жергілікті компаниямен өзара түсіністік және серіктестік туралы келісім де жасалды.

Сонан соң Францияда жұмыспен егжей-тегжейлі танысу үшін өндіріс нысандарында болды. Сонымен қатар Түркияда салынып жатқан «Аккуя» мен Венгриядағы «Пакш» атом-электр станцияларын көріп келді.
Осылайша еліміз болашақта туындайтын электр энергиясы тапшылығының алдын алмақ. Себебі үкімет АЭС осы мәселені шешетіндігіне сенімді. Ал еліміздегі өндіруші жабдықтардың жағдайы онсыз да белгілі.

Елімізде жалпы қуаты бар 2,8 ГВт болатын екі реактор салу жоспарлануда. Үкіметтегілер АЭС салудың ешқандай қаупі жоқтығын айтып сендіруде. Ол үшін халықаралық өндірушілер мен мердігерлер тартылмақ.

Дегенмен мамандар қауіпті АЭС-тің өзінен емес, оның қалдықтарынан іздеген жөн дегенді алға тартады. Сaneecca.org сайтында жарияланған материалға сәйкес, әлемде бүгінге дейін ядролық қалдықтарды утилизациялайтын тәсіл табылмаған.

Инженер-физик және Ресейдің әлеуметтік-экологиялық одағының «Радиоактивті қалдықтар қауіпсіздігі» бағдарламасының сарапшысы Андрей Ожаровский радиациялық апат болмаса да, радиоактивті қалдықтардан құтылу мүмкін еместігін алға тартады. Оны көміп тастау шешім емес дейді маман. Бұған Германияның тәжірибесі дәлел.

Ядролық қалдықтарды шахтада көму – Германияда қалыпты процедура. Сарапшылар шахтада су жоқ деп есептеді, әйтпесе тұз суда еріп кетуі мүмкін. Яғни судың жоқтығынан қалдықтар миллиондаған жыл бойы қоршаған ортадан оқшауланады деп санайтын. Алайда 900 немесе 700 метр тереңдікте шахта тесілгені анықталды. Оған жер асты сулары бағытының өзгеруі себеп болған шығар. Шахта мен көмілген жерлердің эрозияға ұшырағаны соншалық, радионуклидтер қазір жер бетінен көріне бастады, – дейді Ожаровский.

Маман тиісінше бұл іс болашақ ұрпақ үшін қауіпті екенін алға тартады.

Егер 60-жылдары қалдықтар жер бетінде сақталса, қазір біз мұндай проблемаларға тап болмас едік. Тесілген контейнерді ауыстыру оңайырақ болар еді. Бүгінгі күні Германия тесілген қоймадан қалдықтарды алып шығу үшін бюджеттен миллиард еуродан астам қаражат жұмсап жатыр. Осылайша, жер астына көмуді көздейтін болсақ, бұл дегеніміз проблемаларды болашақ ұрпаққа артамыз деген сөз, - деді ол.

Сонымен қатар ол алдағы уақытта әлемде раекторлар саны қысқаратындығын айтады.

2050 жылға болжамды алсақ, әлемде 50-ге жуық реактор қалады, қазір олардың саны 440, – деді Андрей Ожаровский.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: