Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылында ел тарихындағы алғашқы атом электр станциясының (АЭС) құрылысын бастауға арналған салтанатты шара өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Іс-шара барысында АЭС-тің алғашқы макеті де таныстырылды.
Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, бүгінде жобаның бастапқы кезеңі — инженерлік-іздестіру жұмыстары басталып отыр. Бұл кезең болашақ станцияны орналастыруға ең қолайлы жерді анықтап, жобалау процесіне қажет инженерлік және геологиялық деректерді жинауға мүмкіндік береді.
АЭС құрылысының жалпы бюджеті 14–15 миллиард АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар, Үлкен ауылында заманауи инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандар салуға қосымша 1 миллиард доллар бөлінеді.
Станцияны ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы салады. Жобаны қаржыландыру Ресей тарапынан қарыз түрінде ұсынылады. Қазақстан бұл жобаға байланысты экспорттық қаржыландыру мәселесінде еш қиындық болмайтынына сенімді. Вице-премьер Роман Склярдың айтуынша, АЭС құрылысы Қазақстан мен Ресей арасындағы жеке үкіметаралық келісім аясында жүзеге асады.
АЭС жобасы аясында Үлкен ауылында жаңа мектептер, ауруханалар, жолдар мен инженерлік инфрақұрылым салынып, елді мекеннің келбеті түбегейлі өзгереді деп күтілуде.