АЭС құрылысына байланысты 10249 учаске өз жұмысын бастады

6 Қазан, 07:27 288

АЭС құрылысына байланысты референдумда дауыс беру басталды. Орталық референдум комиссиясында учаскелердің ашылуы және дауыс берудің басталуы туралы ақпарат таратылып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

ОРК төрағасының орынбасары Константин Петров сағат 7:00-дегі жағдай бойынша өңірлердегі 10249 учаске дауыс беруге кіріскенін атап өтті.  

Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес 2024 жылғы 6 қазанда сағат 7.00-дегі жағдай бойынша  өңірде барлық 10 249 учаске дауыс беруге кірісті. 84 учаскеде аумақтық комиссиялардың қабылдаған шешімдеріне сәйкес дауыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды, – деді ОРК төрағасының орынбасары.  

Тізімдерге 12 млн. 244 мың 683 азамат енгізілген. Учаскелік комиссиялар азаматтардың жазбаша өтініштері бойынша дауыс беру құқығын беретін барлығы 10 623 есептен шығару куәлігін берді. 

Айта кетейік, референдум өткізуге барлығы 10 569 аумақтық және учаскелік комиссия, оның құрамында 70 029 адам тартылды. 

Республика бойынша барлығы дауыс беруге арналған 10323 учаске бар.  

ҚР шет мемлекеттердегі өкілдіктері жанынан әлемнің 59 елінде дауыс беру үшін 74 учаске құрылды.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: