Адвокаттардың құқығы тапталуда – Айман Умарова

22 Ақпан 2023, 13:32 2193

Адвокаттар алқасының ұлттық баяндамасында қорғаушылардың әлеуетін көтеру мәселесі талқыланды

Қоғам арасында танымал адвокат Айман Умарова адвокаттардың тәуелсіздік принципі тапталып жатқанын жеткізді. Адвокаттарға қатысты заңнамада кемсітушілік нормалар барын айтып, билік өкілдеріне дабыл қақты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Прокурорлар адвокаттарды тең санамайды. Тергеу ісінде жариялық принципі бойынша мен және менің әріптестеріме заң тарапынан шектеу қойылған. Қорғалушыны ақтап алу үшін қандай да бір дәлел мен дәйекті алуға немесе жариялауға өкілеттілігіміз жүрмейді. Бұл бірінші кезекте халықтың  сапалы адвокаттық қызмет алуына нұсқан келтіруде», - деді ол.

Баяндамасында адвокаттар жалақысы мәселесін де көтеріп, көмекке зәру азаматтардың көпшілігі әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар екенін айтты. Бүгінгі таңда Айман Умарова балаларды зорлау ісі бойынша 19 істі тегін жүргізіп жатқанын жеткізді.

«Балалардың болашағы үшін мен зорлық-зомбылықтан жапа шеккен балалардың құқығын тегін түрде қорғаудамын. Себебі көп жағдайда кінәлілер мықты адвокаттар жалдап, жазадан құтылып кетіп жатады. Ал қарапайым отбасыдан шыққан зардап шегуші көмексіз қалып қояды. Сондықтан осыған ұқсас істерді тегін жүзеге асыруға мәжбүрлімін», - дейді адвокат.

Оның айтуынша, адвокаттар барлық тараптан қысым көруде. Жоғарыда баяндалған қылмыстық істерде адвокат өзінше экспертиза жүргізе алмайды. Адвокаттардың конституциялық-құқықтық миссиясын орындайтыны және тергеуші немесе прокурор сияқты маңызды функция орындайтыны ескерілмей, мемлекеттік органдар адвокаттың рөлін қарапайым азамат рөліне дейін төмендетілген.

«Біз адам құқығын қорғап жүріп, өзіміздің құқығымыз тапталып жатыр. Бізден ақпаратты жарияламау туралы қолхат алынады. Ал прокурорлар ашықтан ол дәлелдерді жариялай алады. Тең құқық деп айтылғанымен, іс жүзінде ол өтірік. Степногорск қаласының 5-ші мекемесінде қорғалушымен кездесу үшін мені толық тінтіп шықты. Сонымен қатар, кездесу бақылаушының қатысуымен өтіп, оған қоса бейнебақылауға түсірілді. Заң бойынша біз арнайы бөлмеде, бөгде өкілдің қатысуынсыз, құпия түрде өту керек», - деп наразылығын білдірді.

Айым Даниярқызы
Бөлісу: