Әділжан Толықбаев: «Жақсы музыка адамды тәрбиелейді...»

17 Мамыр 2019, 18:06 10653

    Халықтың рухани байлығын арттыру – басты мақсатымыз

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы дaлaның жетi қыpы» мақаласында «Aуызшa және мyзыкaлық дәcтүрді жaңғыpту қaзiргi зaмaнғы aудитopияға жaқын әpі түcінікті фopматтa бoлуы кepeк», – деп атап өткен болатын. Елорданың төсінде «Saz & Soul» вокалды-аспапты тобы алғаш рет өзінің заманауи тыңдарманның талғамына сай, керемет музыкалық шығармашылық кешін өткізді. Осы орайда, «Saz & Soul» вокалды-аспапты тобының көркемдік жетекшісі, мультиинструменталист Әділжан Толықбаев және кәсіби әнші, солист Салтанат Меңдіғалиева «El.kz» интернет-жобасына талантты шығармашылық топ және оның шығармалары, кәсіби вокалдық музыка, қазақ халық әндерінің түрлі жанр мен стильде орындалуы секілді көптеген тақырыптар төңірегіндегі сауалдарға жауап берді.

Фотода: Топтың көркемдік жетекшісі, мультиинструменталист Әділжан Толықбаев

 

El.kz: Әділжан мырза, бүгін «Saz & Soul» вокалдық-аспаптық тобы алғаш рет өзінің шығармашылық кешін ұсынбақшы. Шығармашылық тобыңыз жайлы айтып өтсеңіз...

Әділжан Толықбаев: Топ мүшелерін айтар болсам, топтың көркемдік жетекшісі әрі мультиинструменталисті ретінде мен – Әділжан Толықбаев, ал топтың кәсіби әншісі, солист Салтанат Меңдіғалиева. Пернелі аспапта орындаушы Аслан Қуатов, соқпалы аспапта Болат Тұрабеков, баян аспабында Самғар Толқынхан, бас гитарада Азамат Темірбаев және гитарада Камиль Шаяхметов секілді өнерпаздарымыз бар. Сондай-ақ, бүгінгі кеш қонағы ретінде әнші Қайрат Сарыбаев та өз өнерін көрсетеді.

Фотода: әнші Қайрат Сарыбаев

 

«Saz & Soul» – 2017 жылы жоғары кәсіби білімі бар, өнерпаз, дарынды жастардан құралған шығармашылық топ. Жанды дауыста қазақ халық әндері мен күйлерін орындау арқылы халыққа өнерімізді көрсетеміз.

Негізгі бағытымыз репертуарымызда кавер-топқа негізделген қазақ ән-күйлерін ұлттық бояуын жоғалтпай джаз, классика, рок, т.б. стильдерде орындау. Басқа топтармен салыстырғанда айырмашылығымыз осылай ерекшеленеді деп ойлаймын. Ең бастысы, тобымызда көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүрген әнші, солист Салтанат Меңдіғалиева өнер көрсетіп келеді.

Фотода: талантты әнші, солист Салтанат Меңдіғалиева

 

Салтанат Меңдіғалиева: Вокалдық-тобымыздың аты «Saz & Soul» деп аталады. Олай аталу себебі: қазақ композиторларының халық әндерін жаңа форматта жеткізіп, халықтың рухани жан дүниесін байыту. Топтың көркемдік жетекшісі, композитор әрі музыкалық көркемдеуші (аранжировщик) Әділжан Толықбаев. Бүгінгі концертімізде шығармашылық топқа қосымша ретінде скрипкалық квартет қосылып, яғни сахнада жалпы 12 адам өнер көрсететін боламыз. Сонымен қатар, Қазақстан халық әртісі, әнші, композитор Алтынбек Қоразбаевтың әндері және инструменталды екі күйі орындалады. Мұның барлығы композитор Әділжан Толықбаевтың аранжировкасының нәтижесі. Осылайша, Әділжанның шығармашылығы паш етіледі.

 

Еl.kz: Вокалды-аспапты топты құру идеясы қалай келді? Және оны құруға не итермеледі?

Әділжан Толықбаев: Балалық шақта дастархан басында айтылатын әндерді құлағымыз естіп өсті. Ата-анам домбыра, баян аспаптарын тартатын әрі жаны музыкаға өте жақын кісілер. Сол кісілерден бойыма сіңген қасиет болса керек. Осы себептер шығармашылықты топты құруыма түрткі болды десем қателеспеймін.

Ал өзім Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында «Скрипкашы» мамандығын бітірдім. Бұл классикалық мектептің маған әсер еткені соншалық, осындай керемет вокалдық-аспапты топты құруыма септігін тигізіп жатыр деп айта аламын.

Салтанат Меңдіғалиеваның айтуынша, «Керім-ау, айдай» халық әнінде фольклорлық, джаз, эстрада, поп музыка стилінде орындалып, әннің нақышын бұзбай орындалады. Яғни, әр әннің бір қатып қалған ұстамды бір стилі болмайтыны тыңдағанда және тамашалаған кезде байқалады.

Еl.kz: Көрермендердің рухани жан дүниесін түрлі стильдегі шығармаларыңыз арқылы байытады екенсіз, ал сіз қайдан шабыттанасыз?

Әділжан Толықбаев: Рухани азық пен шабытты әрбір елден аламыз. Шетел музыкасын, әсіресе джазды ұнатамын. «Арай» тобы, A'Studio тобы және әйгілі Стиви Уандер, Ринат Гайсин  сияқты композиторлардың шығармаларын тыңдап, ләззат алып, шабыттамын.

 

Еl.kz: Не себепті «Қазақ әндерінің жаңа лебі» деген атау қойылды? Жалпы бұл атау қалай таңдалды?

Әділжан Толықбаев: «Қазақ әндерінің жаңа лебі» атауының қойылуы қазақ ән-күйлерінің джаз, блюз тағы басқа стильдерде халыққа жеткізе білу. Бұл стильде музыкант Ринат Гайсин қазақ әндерін әрлеп, оған өз үлесін қосып келеді. Осыған байланысты шығармашылық кешімізде қазақтың халық әндері мен замандас авторлардың әндерін түрлі стильде табиғатын бұзбай орындалуынан «Қазақ әндерінің жаңа лебі» деп атадық.

 

Еl.kz: Вокалды-аспапты шығармашылық кешке дайындық қашан басталды?

Әділжан Толықбаев: Шығармашылық топтың 2017 жылы құрылғанын айтып кеткенімдей,  бұл кешке дайындық он жыл бұрын басталды деп айта аламын. Үш жылдан бері Астанада тұрамын. Мұндай шығармашылық топты Алматы да құрғанмын. Елордаға көшуге мәжбүр болдым. Мұнда келіп, осылай вокалдық топ құрдым. «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына келгеннен кейін маған топты құру жеңілдеу болды. Өйткені, мұнда барлық жағдай жасалған.

Салтанат Меңдіғалиева: Осы шығармашылық концерт бойынша дайындықты бір жылдан аса уақыт бұрын бастадық. Ал білек сыбанып кіріскеніміз үш ай бұрын басталды десем қателеспеспін. Өйткені, «Қазақконцерт» ұйымының ішінде түрлі іс-шаралар өтеді. Дайындық – уақытты, репитицияны қажет етеді.  Аз уақыттың ішінде шығармашылық кешіміздің жақсы өтуіне бар күш-жігерімізді салып, талаптандық. Кешіміз ойымыздағыдай өтті деп ойлаймын.

Фотода: Әділжан Толықбаевтың пианино аспабында ойнауы

 

Еl.kz: Халық әндерін заманауи нақышқа келтіріп орындауда әннің ұлттық бояуын жоғалтып аламыз деп ойламайсыздар ма?

Әділжан Толықбаев: Ондай ой болды. Бірақ, біз әннің мәтінін, формасын, табиғатын бұзбаймыз. Тек екі-үш стильдің қосындысы ғана, басқа өзгеріс енгізілмейді. Концерттен байқап көрерсіз, оны айтып жеткізу мүмкін емес.

Салтанат Меңдіғалиева: Өзекті сұрақ. Біздер әннің мәнін, сөзін өзгертпейміз. Тек сүйемелдеуі ғана өзгереді. Әнді түрлі жанрда орындап, халыққа жеткізу көрермен тарапын жақсы қабылданады деп ойлаймын.

Концерттің әр кеші бізге «паспорт» десе де болады. Әр кешке, әр өлеңге жүрегіміз ерекше соғады

Еl.kz: Алтынбек Қоразбаевтың, Бауыржан Тұрғараевтың, Нұрғиса Тілендиевтің және тағы да басқа хит әндерді джаз, фанк, рок-баллада, блюз, латина, мюзетта, танго, неоклассика жанрында орындайды екенсіздер. Қай жанрда орындау жүректеріңізге ең жақын әрі сәттірек шықты деп ойлайсыз?

Әділжан Толықбаев: Шығармашылық топтың «паспорты» болатын белгілі. Әрине, бұл шығармашылық кеш он жыл дайындықтың арқасында қалыптасты деп айта аламын. Сол себептен концерттің әр кеші бізге паспорт десе де болады. Әр кешке, әр өлеңге жүрегіміз ерекше соғады.  

 

El.kz: Поп музыкадан жұрттың назарын бері аудару және тыңдарманды кәсіби вокалдық музыкаға «келтіру» үшін не істеу керек?

Әділжан Толықбаев: Күрделі сұрақ. Менің ойымша, әнші мен музыканттан шығатын дүние – қандай да бір ән адамның ішкі дүниесін, мәдениетін, сана-сезімін тәрбиелейді. Сол үшін интеллектуалдылығы, әдемілігі мен гармониясы болу керек. Музыкалық талдау жасау арқылы реттемесе жәй сөзбен айту қиындау болады.

Салтанат Меңдіғалиева: Осындай вокалды-аспапты концерттерді жиі өткізіп тұру керек. Әр адамның өз талғамы бар. Жастар мен жасы үлкен кісілер басқа музыка тыңдайды. Меніңше, концертті талғамай бара беру қажет. Сонда өзгерер. Мұндай концерттер «Қазақконцерт» ұйымында жиі өтіп тұрады. Мәселен, «Астана сазы»(Astana Sazy) фольклорлық ансамблі, «Солисттер академиясы» мемлекеттік камералық оркестрі, театралдар бар.

Афишаларға қарап, қазақ концерттерін жіберіп алмауға кеңес береміз!

 

El.kz: Осындай вокалдық-аспаптық топқа мемлекет тарапынан қандай қолдаулар жасалып жатыр? Көп жағдайда олардың кең танылмай жүруі неге байланысты?

Әділжан Толықбаев: Мемлекеттің қатысы шамалы немесе болмау керек деп ойлаймын. Мемлекет қолдауды қай кезде көрсетеді? Шығармашылық топ жарыққа шығып таныла бастаған кезде қолдау көрсету керек. Бұл кезеңге дейінгі жағдай музыканттар мен вокалисттердің өз кәсіби біліктілігі мен шеберлігіне байланысты.

Салтанат Меңдіғалиева: Елімізде 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланғанына байланысты, концерттердің қойылуына жағдай жасалып  жатыр. Осындай үлкен мүмкіндік беріп жатқан «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымына, бізге сенім білдірген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, композитор Жеңіс Сейдоллаұлына және өнерге жаны жақын ҚР Мәдениет және спорт министрі  Арыстанбек Мұхамедиұлына алғысымызды білдіреміз.

El.kz: Қазіргі таңда елімізде мұндай жаңа форматта орындалатын әндерге деген қажеттілік қандай?

Әділжан Толықбаев: Біріншіден, мұндай топтар аз. Ринат Гайсин сияқты музыканттың шығармашылығымен сусындағанымызды тілге тиек еттім. Оның артынан еліктедік. Танымал музыканттары бар «The Magic of Nomads» тобы, Батырхан Шүкеновтың қазақша альбомдары бар. Екіншіден, мұндай жанрдағы музыкалар аз, қажеттілік бар.

Салтанат Меңдіғалиева: Бүгінгі өтетін концертіміздің бағдарламасы Қазақстанда болып көрген емес. Сондықтан, шетелде де бізді жақсы қарсы алады деп үміттенеміз. Тап осындай  формат әлі болып көрмеген. Түрлі ремикстер болады. Оның барлығы бүгінгі таңдағы әндер емес. Өйткені, Әділжан Толықбаевтың ойы сан қилы. Нақты бір ойда емес, әр стилді бір жерге «топтап» әнді шығару – өте үлкен еңбек. Ол әнді бірнеше айда жазуы мүмкін, бір түнде де. Шабытқа байланысты, әрине. Әділжан аға өте дарынды композитор, қарапайым жан. Сондықтан, «алғашқымыз» деп айтуыма болатын шығар...

 

El.kz: Шетелдік шығармашылық топтармен байланысыңыз немесе гастрольдік сапарға шығып тұрасыздар ма? Мұндай вокалды музыкалық топты шетелдіктер қалай қабылдайды?

Әділжан Толықбаев: Гастрольдік сапарға шығып тұрамыз. Шетелдік әйгілі музыканттармен бір сахнада өнер көрсететін сәттер көп болған жоқ. Алдағы уақытта  болады деп үміттенемін.

Салтанат Меңдіғалиева: Шетелдік байланысымыз енді басталады. Шетелдіктер мұндай вокалды-музыкалық топты жақсы қабылдайтынына сенімдімін. Бұл шығармашылық топқа келгеніме бір жылдан енді асты. Шығармашылық топ та, біз де «Қазақконцерт» музыкалық ұйымына келіп, қызмет етіп келеміз. Композитор Жеңіс Сейдоллаұлының қолдауымен осы шығармашылық топқа келдім әрі жақсы репертуар да дайындап шықтық.

Әділжан аға айтқандай, 2017 жылдан бастап бұл шығармашылық топтың ойлары, жобалары басталған. Содан бері қойған талаптары, бүгін шыңына жетіп деп ойлаймын.

Фотода: скрипкалық топ

 

El.kz: Соңғы жылдары елімізде түрлі музыкалық топтар көбейіп келеді. Ұжымның өнерпаздары ретінде қандай қиындықтарға кез болдыңыз?

Әділжан Толықбаев: Музыканттарды жинап басын қосып, толық ұжыммен репитиция жасау қиынға түседі. Өйткені елордада жақсы музыканттар бірнеше жерде жұмыс істейді. Жақсы музыканттар жетіспейді. Мәселен, жоғары деңгейдегі барабаншы, саз-гитарист аспап шеберлері аз. Осындай жағдайларға кезігіп жатамыз.

Салтанат Меңдіғалиева: Жұмыс барысында бағдарламаны талқылау кезіндегі титімдей істерді айтпасақ, тап сондай қиыншылық көріп отырғаным жоқ. Қолымыздан іс келмей қалған кездер болған емес. Өйткені кәсіби, дарынды, беделді адамдармен жұмыс істеген кезде қиындықтар тумайды. Ол музыканттардың кәсіби деңгейіне байланысты деп ойлаймын.

16 жасымда жазған тырнақ алды «Япурай» фортепианолық пьеса шығармам отандық пианистердің репертуарына енді

El.kz: Әділжан аға, «Япурай» фортепианолық пьесаңыз республикалық және халықаралық байқауларда жиі орындалған. Фортепианоға арналған пьесалар жинағыңыз тағы жалғасын таба ма?

Әділжан Толықбаев: Әрине, бұл ойда бар дүние. Алла жазса, жинақ жалғасын табады. Енді фотоға түсіру жұмыстары ғана қалды. Мұндай нота жинақтарға деген сұраныс көп. Музыкалық аспапта орындаушылар, мектептер, колледждер әр түрлі аспаптарға қазақ композиторларының шығармаларын көбірек болса деген арман бар. Тек саны ғана емес, сапалы әрі әлемдік деңгейде болу керек.

Тырнақ алды «Япурай» фортепианолық пьеса шығармам 16 жасымда жазған отандық пианистердің репертуарына енді. Бұл шығармалар республикалық және халықаралық байқауларда жиі орындалып келеді. Сондай-ақ, 18 жасымда өзімнің алғашқы фортепианоға арналған пьесалар жинағым жарық көрді. Сондай-ақ,скрипкаға арналған пьесаларым қазақстандық скрипка мектебінің хрестоматиясына енді.

Фотода: Әділжан Толықбаевтың гитара аспабында ойнауы

«Saz & Soul» вокалды-аспапты тобының көркемдік жетекшісі, мультиинструменталист Әділжан Толықбаев кино саласына да өз шығармашылығы арқылы үлес қосуға қатысты мынадай ойымен бөлісті:

«Шынымды айтсам, қатты қызуғушылығым жоқ. Бірақ бірнеше фильмде шығармашылығым көрініс тауып үлгерді. Екі көркем фильмнің музыкасын жаздық. Мәселен, «Путь лидера» фильмінің екінші бөлімше Абулқайыр Жарасқан, мен және жұбайым Шырын Базарқұлова  үшеуіміз бірігіп сол киноның т.б. сериалдардың музыкасын жазған болатынбыз...  

Естеріңізде болса, Кеңес өкіметі тұсында түсірілген Нұрғиса Тілендиевтің «Ақсақ құлан» мультфильмі өте күрделі шығарма. Сол шығарма адамның жан дүниесіне әсер етпей қоймайтыны сөзсіз».

El.kz: Дәстүрлі сұрағымыздың бірі.. Қандай ақын-жазушыларды сүйіп оқисыз?

Әділжан Толықбаев: Хәкім Абай, Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаевтың шығармаларын оқығанды ұнатамын.  

Салтанат Меңдіғалиева: Ұлы ақын Абай Құнанбаевтың шығармалары және ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың поэзиясы ұнайды.

Мақатаев демекші, болашақта оның өлеңдеріне ән шығарғымыз келеді. Көбінесе әндерге, оның сөзіне мән беремін. Сондықтан әр әнші әнді орындамастан бұрын алдымен сөзіне қарап, мән берсе... Ақын танымал, танымал емес те болуы мүмкін. Сондықтан, сөзі жүрекке жетіп жатса, неге оларды айтпасқа, тыңдамасқа, неге оқымасқа? 

 

El.kz: Кешіңіздің сәтті өтуіне тілестеспін... Қандай жобаларды қолға алмақсыз? Алдағы жоспарларыңыз қандай?

Әділжан Толықбаев: Елімізде мұндай вокалды-аспапты концерттерді жиірек қойып, одан қала берсе шетелде қасиетті ұлттық өнерімізді дәріптеу. Біздің мақсат – жалпы халықтың, тыңдарман қауымның ішкі рухани байлығын арттыруға үлес қосып, кәсіби музыкант болу. Өйткені, жақсы музыка адамды тәрбиелейді. 

Салтанат Меңдіғалиева: Қазақстан бойынша қалаларды, ауылдарды аралап гастрольдік сапармен концерт беру. Әділжанның осындай керемет шығармашылық өнерін алдымен Қазақ еліне паш етеміз бе деген ой бар. Одан әрі көре жатармыз...

Әңгімеңізге рахмет. Сіздерге тек шығармашылық табыстар тілеймін!

Руслан БЕГЕН
Бөлісу: