Әділдік – реформалардың тиімділігін айқындайтын индикатор

11 Қараша 2022, 10:29 4103

Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаевамен сұхбат

 Үлкен саяси науқанның қарсаңында тұрмыз. Елдің көкейінде сауал көп. Халыққа саяси реформалардың мазмұны мен мәнін талдап, қарапайым тілде түсіндіру міндеті тұр. Осы мақсатта Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Балайым Кесебаевамен хабарласып, сұхбат алдық.

 – Расында ел алдында үлкен саяси науқан тұр. Бұл сайлауды өзге сайлаудан өзгешелігі неде? Сайлаушылар не үшін дауыс беруі керек. Соны талдап берсеңіз...

– Қайта жаңғыру, мемлекеттік басқару моделін, бүкіл қоғамды трансформациялау қарсаңында тұрмыз. Мемлекет басшысы өзінің Сайлауалды тұғырнамасында еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басқанын атады. 20 қарашада мемлекеттің стратегиялық бағытын айқындайтын президенттік сайлау өтеді.

Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы шеңберінде «Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғам» қағидасына негізделген түбегейлі өзгерістер жарияланды.

Мемлекет кірістердің әділ бөлінуін қамтамасыз етеді, әлеуметтік-экономикалық мәселелер, жұмысқа орналасу мәселелері тиімді әрі әділ шешілетін болады. Әділдік – мәлімделген реформалардың тиімді болуының негізгі, түйінді әрі басты индикаторы болмақ.

Алдағы саяси науқанның бір ерекшелігі – халық референдумда конституциялық реформаға қолдау білдірді. Сонымен бірге жарияланған реформаларды толық әрі тиімді жүзеге асыру үшін сайланатын адамдардың да жауапкершілік жүгі артпақ, себебі халық зор үміт артып отыр. Атап айтқанда, референдум Қазақстанның билік институттарының қалыптасуы мен өзара іс-қимылының сапалы жаңа моделіне көшуін, жаңа саяси мәдениеттің тамыр жаюын, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын белгілеп берді. Алда болатын саяси науқан елдің және қоғам өмірінің барлық саласына әсер ететін конституциялық реформаның логикалық жалғасы, іске асырылуы. Қазақстанның бүкіл азаматына, болашақ ұрпаққа жаңа мүмкіндік беріп, перспективаға жол ашады.

Осы тарихи сәтте қоғамның бірігуі, ел игілігі үшін барлық қазақстандықтардың азаматтық ұстанымының белсенді болуы аса қажет. Жаңашылдықтың бәрін жүзеге асыру үшін азаматтардың жаңа сенім мандатын алу өте маңызды. Менің ойымша, әрқайсымыз қоғамды өзгерту қажеттігін түсініп, жағымды өзгерістер билік өкілдеріне, жекелеген адамдар тобына емес, қоғамның әрбір мүшесіне әсер ететіндігін сезініп, осы бағытта әрекет ету керек.

Біздің басты мақсатымыз – еліміздің әр азаматының, әр отбасының, қоғамның мұң-мұқтажы мен сұранысына жауап беретін әділетті Қазақстан құру.

Реформалардың түпкі мақсаты – ел тәуелсіздігі мен тұрақтылығын сақтау, мемлекеттілікті нығайту, мықты азаматтық қоғам құру, заң үстемдігі мен әлеуметтік әділдікті қамтамасыз ету.

Яғни реформалар қоғамның барлық саласына әсер етеді: мемлекеттік басқарудың жаңа моделі құрылып, жаңа әлеуметтік-экономикалық саясат іске асырылады. Барлық реформаның негізгі индикаторы – әділдік болады.

Кәсіби заңгер әрі саясаткер ретінде елдегі саяси реформалардың бағдарын қарапайым тілде қалай түсіндірер едіңіз?

– Саяси реформаларды «Әділетті мемлекет – Әділетті экономика – Әділетті қоғам» қағидаты бойынша қарастыруға болады.

Әділетті мемлекетті қалай түсінеміз?

Әділетті мемлекет құру үшін Қасым-Жомарт Тоқаев нақты тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесіне негізделген мемлекеттік басқарудың жаңа моделін ұсынды. Онда «суперпрезиденттік» модельден президенттік модельге көшу атап көрсетілді. Тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің негізгі формуласы: қоғамды одан әрі демократияландыратын Күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкімет.

Конституциялық реформаның үш бағыты бар. Біріншісі, Президенттің өкілеттігін шектеуге байланысты. Екіншісі, Парламенттің күшеюімен, Парламенттің жұмыс істеу тәртібінің өзгеруімен, заңдар қабылдау тәртібінің өзгеруімен және есеп беретін Үкіметпен байланысты. Үшіншісі, демократиялық институттардың енгізілуіне, қоғамның демократиялануына және адамның басты құқығын қорғауға байланысты.

Жалпы алғанда, бұл саяси өзгерістер мен реформалар мемлекеттік басқарудың жаңа моделін құруға бағытталғанын айтуға болады. Түзетулердің бірінші тобына келетін болсақ, партиялық құрылымдарды мемлекеттік аппаратпен біріктіру мүлде қажет емес. Саясаттағы монополия сөзсіз әр түрлі әлеуметтік кеселдер мен мемлекеттің кері кетуіне алып келеді. Осыған байланысты билік тармақтары қайта форматталып, заңнамаға өзгерістер енгізілді.

Демократияның маңызды аспектісі – билікті орталықтан өңірлерге беру ісін жалғастыра отырып, қоғамды одан әрі демократияландыру.

Мемлекет басшысы «билікті орталықсыздандыру процесін тереңдете түспесек, саяси жаңғыруды табысты жүргізу және азаматтық қоғамды дамыту мүмкін емес» деді.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі өңірлерде маңызы бар мәселелерді сапалы, ұтымды шешуге мүмкіндік береді. Сондықтан Президенттің мәслихаттарды жаңғыртуға ерекше назар аударуы өңірлерді дамытуға, әрбір азаматтың өмір сүру сапасын арттыруға және халықтың жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысуына жаңа серпін беруге мүмкіндік жасайды және озық халықаралық тәжірибеге (Жергілікті өзін-өзі басқару туралы Еуропалық Хартия) сәйкес келеді.

Конституцияға енгізілген түзетулер азаматтардың құқығы мен бостандығының конституциялық кепілдігін күшейтуге бағытталды. Осыған байланысты Конституциялық Соттың құрылғанын атап өту қажет. Бүгінгі таңда Конституциялық Кеңес қабылданған заңдардың ғана емес, Президент қол қоймаған заңдардың да конституциялылығын қарастырып, алдын ала конституциялық бақылау және одан кейінгі конституциялық бақылау жүргізеді. Яғни күшіне енген заңдар мен нормативтік актілер соттардың өтініші бойынша Конституциялық Кеңесте тексеріледі.

Алайда қолданыстағы модельде барлық рәсімдік қағидаттарды қолдана отырып, жеке шағымдарды қарау көзделмеді. Атап айтқанда, бұл Конституциялық Сотқа тән. Бұл тұрғыда Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен прокуратураның күшеюін атап өткен жөн. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің конституциялық мәртебесін бекіту маңызды демократиялық қадам болып табылады.

Осылайша, Конституциялық Сот институтын жандандыру, Адам құқығы жөніндегі уәкіл мен прокуратураның қызметін күшейту ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын Қазақстанды демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруда маңызды рөл атқарады.

Президенттік сайлаудан кейін Парламент пен жергілікті деңгейдегі мәслихаттың сайлауы өтеді. Сосын Үкімет жаңаруы тиіс. Бұл – саяси транформацияны жүзеге асырудың төте жолы ма, әлде өзгерістер ішінара ғана бола ма? Халық осының жауабын білгісі келетіні анық...

– Президент негізгі билік институттарының (Президент, Парламент Мәжілісі, барлық деңгейдегі мәслихаттар) кезектен тыс сайлауын өткізу мерзімін ашық айтты. Электоралды кестенің ашық болуы Президенттің халық сенімін нығайту жөніндегі демократиялық әрі салмақты қадамы болып табылады.

Барлық сайлау науқанын мерзімінен бұрын өткізу одан арғы реформаларға шоғырлануға мүмкіндік береді. Конституциялық реформа шеңберінде негізгі билік институтының: Президенттің, Парламенттің, жергілікті өзін-өзі басқарудың, партиялық және сайлау жүйесінің негізгі өкілеттіктері қайта қаралды. Мүлдем жаңа, орнықты тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі қалыптасатын болады.

Сондықтан Президенттің келесі жылдың бірінші жартыжылдығында Парламенттік сайлау өткізу туралы ұсынысы қисынды.

Мәселен, 70 пайыз пропорционалды жүйе әртүрлі бағыттағы саяси партиялардың кеңеюі мен өкілдігін арттырады, яғни Парламентте саяси партиялардың саны артуы мүмкін. Пропорционалды жүйе саяси әртүрліліктің ауқымды түрде есепке алынуын қамтамасыз етеді. Пропорционалды жүйе барлық ірі, сол сияқты кіші саяси партиялардың пропорционалды өкілдігінің Парламентте сақталуына мүмкіндік береді: осылайша көппартиялылықтың қалыптасуына және плюрализмнің дамуына ықпал етпек. Егер әйелдер мен азшылық кандидаттары партиялық тізімдерге енгізілетін болса, жаңа жүйе олардың сайлану мүмкіндігін арттыратын болады.

30 пайыздық мажоритарлық жүйе әр сайлау округінен кандидат таңдауға мүмкіндік береді, өйткені еліміз халық саны шамамен бірдей округтерге бөлінеді, олардың әрқайсысынан кандидаттар ұсынылады. Бұл халықтың өкілдік етуін арттырады.

Мажоритарлық сайлаудың бірден бір артықшылығы – оның қарапайымдылығы, сайлаушылардың кандидатуралар ұсынуға қатысу мүмкіндігі, барлық үміткерлердің аты-жөндерімен тізімделуі, өйткені ең көп дауыс жинаған кандидат қана жеңіске жетеді.

Әрине, Парламенттің құрамы сайлаудың жаңа аралас жүйесінің нәтижесінде жаңартылатын болады, алайда, менің ойымша, басқа шақырылымдарда өз функцияларын кәсіби әрі адал атқарған, заң шығару қызметінде тәжірибесі бар депутаттардың да жаңа мерзімге қайта сайлануға мүмкіндіктері бар. Сайлау қорытындысы бойынша саяси партиялардың арақатынасын халық өзі айқындап, бір мандатты сайлау округтерінен депутаттар таңдай алады.

Осылайша, 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдумда қабылданған жаңа конституциялық нормалар практикада іске асырылады.

Күзгі маусымда Мәжіліс Конституциялық өзгерістерге байланысты бірқатар заңды қабылдауы тиіс. Осы заңдардың маңыздылығы мен құрылымын түсіндіріп берсеңіз.

– Президент 8 конституциялық заңға түзету енгізуді көздейтін «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселесі бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды.

«Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңға енгізілген түзетулер Конституцияның Президенттің өкілеттік мерзіміне қатысты жаңа ережелеріне сәйкес келтіріледі. Бұдан басқа, президенттік кезеңде президенттің саяси партияларға мүше болуына шектеулер енгізуді; оның жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары лауазымдарына орналасуға шектеулер енгізуді және басқа да бірқатар түзетулерді көздейтін түзетулер енгізілді.

«Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға Сенатты қалыптастыру тәртібін өзгерту бойынша нормалар енгізілген. Мәселен, президенттік квота 10 мандатқа дейін қысқартылады, оның ішінде Сенаттың бес депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Президент тағайындайды.

Енді Мәжілістің 69 депутаты партиялық тізімдер бойынша, 29-ы бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы алып тасталады. Мәжіліс депутатын оның мандатынан айыру негіздері, оның ішінде бір мандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланған депутаттарды сайлаушылардың бастамасы бойынша кері шақырып алу негізі көзделген.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Парламенттегі заң шығару процесі өзгереді. Енді Мәжіліс заңды қабылдайды, ал Сенат оны мақұлдайды. Бұл ретте Палаталар арасында тежемелік әрі тепе-теңдік тетігі көзделіп отыр.

Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, конституциялық заңдардың жобалары, сондай-ақ Президент басым деп жариялаған заңдар Палаталардың бірлескен отырысында қаралатын болады.

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға Мәжіліс пен мәслихаттар депутаттарын мажоритарлық жүйе бойынша сайлау жөніндегі ережелерді заңнамалық тұрғыдан реттеуге бағытталған түзетулер енгізілді.

Мәжіліс партиялық тізім бойынша – 70 пайыз, бір мандаттық округтер бойынша – 30 пайыз депутаттардан құрылады. Облыстардың мәслихаттары: партиялық тізімдер бойынша – 50 пайыз, бір мандаттық округтер бойынша – 50 пайыз депутаттан болады. Аудандық мәслихаттар: толығымен бір мандаттық округтер бойынша құралады.

Заң жобасымен аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін кезең-кезеңімен сайлау ұсынылып отыр. Пилоттық режимде бұл норма 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді.

Сайлау науқанының барлық қатысушыларының қаржылық ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған түзетулер және сайлауға шетелдіктердің араласуына жол бермеу жөніндегі шаралар және тағы басқа да түзетулер енгізіледі.

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңға енгізілген түзетулер дағдарыстық жағдайларға жедел ден қою мақсатында Үкіметке заң күші бар уақытша актілерді қабылдау құзыретін беруге қатысты болып отыр.

«Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңда Президенттің қайта сайлау құқығынсыз өкілеттік мерзіміне қатысты ережелер референдумның мәні бола алмайтындығы туралы, «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға Жоғары Сот кеңесін қалыптастыру тәртібін өзгерту бойынша, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің төрағасын тағайындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар көзделді.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық заңға енгізілген түзетулер «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Конституциялық заң жобасын әзірлеумен және «Мемлекеттік хатшы» лауазымын «Мемлекеттік кеңесші» деп қайта атаумен байланысты болып отыр.

«Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы» Конституциялық заңға елорданың атауын өзгертуге байланысты түзету көзделді.

Осы жылдың 5 қарашасында Мемлекет басшысы бүкілхалықтық референдумда қабылданған, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық кепілдіктерін күшейтуге бағытталған, конституциялық нормаларды іске асыру мақсатында әзірленген келесі заңдарға салтанатты түрде қол қойды. 

– Сіз елдегі ең жоғары лауазымның бірін атқарасыз. Ауыртпалығы мен жауапкершілігі ауыр екені айтпаса да түсінікті. Жалпы елдегі гендерлік саясаттың жүргізілу барысына көңіліңіз тола ма?

– Қазақстандық әйелдер үшін мүмкіндікті дамыту жыл сайын маңыздылығы мен өзектілігін арттыруда. Қазақстандағы әйелдер көшбасшылығы мен гендерлік теңгерімді сақтау – бұл жай ғана имидждік сипаттама емес. Бұл экономикалық, саяси және әлеуметтік негізділік.

Қазақстан әйелдердің елдің қоғамдық-саяси өміріне қатысуын кеңейтуге айтарлықтай күш салуда. Барлық қызмет салаларында шешім қабылдау деңгейінде әйелдердің әлеуетін арттыру шаралары қабылдануда.

Қазақстан әйелдері экономиканың дамуында маңызды рөл атқарады, дағдарысты еңсерудің және экономикалық прогреске қол жеткізудің белсенді және ауқымды ресурсы болып қала береді.

Биыл Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік алшақтық туралы есебінде 146 елдің ішінде 65-ші орынды иеленді. Бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 15 позицияға жақсарды. «Экономикалық қатысу және мүмкіндіктер» бөлімінде айтарлықтай прогреске қол жеткізіліп, Қазақстан 47-ші орыннан 29-шы орынға көтерілді.

Қазір әйелдер елдегі жұмыс күшінің 50 пайызға жуығын құрайды. Әйелдер басқаратын заңды тұлғалардың саны өткен жылы 9 пайыздан астамға өсті және 2021 жылдың аяғында 625 100-ге жетті. 29 жасқа дейінгі шамамен 90 000 кәсіпкер әйел бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 37 пайызға көп. Соның арқасында әйелдер кәсіпкерлігінің үлесі елдің ЖІӨ-нің шамамен 40 пайызын құрайды.

Өсіп келе жатқан экономикалық сын-тегеуріндер жағдайында әйелдер бастамаларын қолдау неғұрлым тереңірек, әмбебап және ауыл халқына бағдарланған болуға тиіс. Қазір ауыл әйелдеріне өз орнын табуға, кооперативтік қозғалыстарға қатысуға және ақша табуға көмектесетін шаралар кешенін әзірлеу және ұсыну қажет. Ауыл әйеліне өз ісін бастауға көмектесе отырып, біз оның отбасы мен балаларына көмектесеміз, біз адамдардың жалпы әл-ауқатын көтеруге көмектесеміз, бұл қазіргі күрделі экономикалық жағдайда өте маңызды

Елімізде саясаттағы және шешім қабылдау деңгейіндегі әйелдер үшін жағдай жасалып жатқаны өте маңызды. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша саяси партияларға олардан сайланған Парламент депутаттарының тізімінде кемінде 30 пайызы әйелдер мен жастар болу талабы енгізілді. Бұл заң шығарушы органдағы өкілдікті арттыруға мүмкіндік береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің ұлттық компаниялардың басшылығы деңгейіндегі санын 30 пайызға дейін ұлғайту міндетін кездейсоқ қойған жоқ. Отандық тәжірибе кәсіби құзыреті бар әйелдер салмақты және пайдалы шешімдер қабылдауға, ең қиын жағдайларда жауапкершілікті өз мойнына алуға, ең бастысы, нәтижеге жұмыс істеуге қабілетті екенін көрсетті.

Елімізде әйелдер мен балаларды құқықтық қорғау шаралары қабылдануда. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыныстық тиіспеушілікке және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілді, оның алдын алу бойынша заңнамалық жұмыс жүргізілуде.

Еліміз жергілікті және жаһандық деңгейде де әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге күш салуда. Қазақстан Үкіметі БҰҰ-ның «Spotlight» әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықты тоқтату туралы өңірлік бастамасын қолдады. Жоба бүкіл Орталық Азия өңірі үшін практикалық нәтижелер беретініне сенімдімін.

– Тәжірибелі мемлекеттік қызметші ретінде айтыңызшы, елдің әлеуметтік әлеуетін қалай арттыруға болады?

– Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Әлеуметтік кодекстің жобасын әзірлеп жатыр, ол әлеуметтік қорғау саласындағы қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге және дамытуға, атап айтқанда, нормаларды халықаралық стандарттар мен ұсынымдарға сәйкес келтіруге, отбасын, ана мен баланы қолдауды дамытуға, жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтер жүйесіндегі менеджменттің тиімділігін, әлеуметтік сала қызметкерлерінің мәртебесі мен кәсібилігін арттыруға, республикада әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу практикасын енгізуге, көрсетілетін қызметтердің сапасын және әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі шаралардың тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталды.

Әлемдегі геосаяси жағдай күрделеніп, түрлі санкциялық блоктар геоэкономикалық жағдайды нашарлатып жіберді. Елдігіміз мығым, жолымыз ашық болуы үшін не істеуіміз керек?

Кез-келген дағдарыс дегеніміз – бұл әрқашан жаңа мүмкіндіктер (Черчилль). Әрине, кез-келген мемлекеттің мұндай жағдайларға жылдам әрекет ететін белгілі бір жоспары, моделі болуы керек. Бұл, ең алдымен, әлемдік экономикалық нарықты болжамды бағалау, халықаралық геосаяси ахуалды тұрақты бағалау әрі болжау. Қазақстан экономикасы санкциялық сын-қатерлерді тойтаруға дайын болуға тиіс.

Президент біздің қоғамның белсенді өзгеру кезеңіне кіргенін, жаңа құндылықтардың қалыптасуы жүріп жатқанын, көзқарастар мен ұстанымдар палитрасы неғұрлым әрқилы болатынын атап өтті. Сондықтан азаматтардың елдегі өзгерістер мен реформаларға деген ауқымды сұранысы - мемлекет алдында тұрған жаңа міндеттер.

Егемендік пен ұлттық тәуелсіздікті сақтау дәстүрлі түрде қазақстандық қоғам үшін бүгінгі күнге дейін өз мәнін жоғалтпаған ең маңызды құндылықтардың бірі болып табылады.  Қазақстанда пайда болған геосаяси хаос пен қаңтар оқиғалары бізге еліміздегі көптеген қордаланған және жаңа әлсіз әрі түйткілді мәселелерді анықтауға көмектескені сөзсіз.

Қалыптасқан геосаяси ахуал ұзақ сипатқа ие болады және оған дайын болуымыз керек. Бұл туралы Бішкек қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.

Қазақстанның ұстанымын нығайту үшін адам құқықтарын (Конституциямен кепілдік берілген адам құқықтары мен бостандықтарын) қорғау институттарын күшейту, билік институттарын азаматтық қоғам мен халықтың мемлекеттік мәселелерді шешуге кеңінен тарта отырып, басқарудың тиімді құралдарына көшіру қажет.

Бәсекеге қабілетті экономиканы құру мақсатында инвестициялық процестерді жаһандық реттеу жүйесіне кедергісіз кіру үшін тікелей инвестициялар саласындағы заңнамалық базаны жетілдіру қажет. Сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қарқынды дамуы үшін жағдай жасау керек.

Халықаралық қатынастардағы көпполярлы әлемде елдің ұлттық қауіпсіздігі мен орнықты дамуын сақтау мақсатында тұрақты бейтараптық қағидатын сақтауды жалғастыру қажет. Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігі тыйым салу жолымен ғана емес, қалыптасқан орнын өзінің сапалы және бәсекеге қабілетті контентімен алмастыру жолымен қамтамасыз етілуі тиіс.

Елдегі азаматтық қоғамның белсенділігін қалай бағалайсыз?

«Азаматтық қоғам» ұғымының әртүрлі анықтамаларын жинақтап, қорыта келе, осы институттың мынадай сипаттарын бөліп көрсетуге болады:

1) оның мүшелері арасындағы экономикалық, құқықтық, саяси, моральдық-этикалық, мәдени қатынастардың дамығандығы;

2) мемлекеттен тәуелсіздігі;

3) азаматтардың саяси және құқықтық мәдениетінің жоғары деңгейі;

4) мемлекеттік құрылымдардың қызметіне ықпал ету мүмкіндігі.

Демократиялық мемлекет құру дамыған азаматтық қоғаммен тығыз байланысты. Олар қазіргі саяси мәдениет, яғни саяси сипатқа әсер ететін құндылық-нормативтік өлшем тұрғысынан ғана мән-мағынаға және қажетті орнықтылыққа ие болады.

Бүгінде Әділет органдарында тіркелген үкіметтік емес ұйымдардың жалпы саны – 35704 заңды тұлға.

Соның ішінде, қоғамдық бірлестіктердің саны 12081 құрайды.

Қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктердің белсенділігі олардың сауатты, кәсіби және прогрессивті ұсыныстарды жолдауымен көрінеді.

Оған қоса, ұсыныстарды жолдаумен шектелу ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге белсене араласып, тиімді және конструктивті жобаларды іске асыруға қатысуы да олардың жоғары жауапкершілігін білдіреді.

Нұрлат Байгенже
Бөлісу: