10.10.2025
09:44
432
«Адамзатқа соқыр болып қалу қаупі төніп тұр»: мамандар не дейді?

«Адамзатқа соқыр болып қалу қаупі төніп тұр»: мамандар не дейді?

Investigative Ophthalmology and Visual Science журналының зерттеуіне сәйкес, 2050 жылға қарай әлем тұрғындарының 60%-ында миопияның қандай да бір түрі байқалатын болады. Оның басым бөлігі даму үстіндегі елдерде өмір сүрмек. Бұл қоғам шын мәнінде көру қабілетінің жаппай әлсіреуіне бет алды дегенді білдіре ме? Осыған жауап іздеп көрейік, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

1. Әлем халқының 32%-дан астамы жақыннан көру (миопия) дертіне шалдыққан

Миопия көбіне балалық шақта, яғни 3 пен 12 жас аралығында дамиды. Бұған дейін дәрігерлер мұны қауіпті сырқат емес, жай көзілдірік немесе линзамен түзелетін көру кемістігі ретінде қабылдап келген. Алайда соңғы зерттеулер миопияның катаракта, глаукома және тор қабықтың ажырауы сияқты ауыр аурулардың даму қаупін арттыратынын, ал кей жағдайларда толық соқырлыққа әкелетінін көрсетіп отыр.

2. Аурудың басты себебі – гаджеттерді ұзақ пайдалану ма?

Шын мәнінде, бұл – жартылай ғана дұрыс пікір. АҚШ-та миопияның көбеюі 1999 жылдан басталған, ол кезде смартфондар мен планшеттер кең таралмаған еді. Ғалымдардың айтуынша, негізгі себеп – оқу жүктемесінің артуы.

Мысалы, Шығыс және Оңтүстік Азия елдерінде балалар күніне он сағатқа дейін оқиды, ал АҚШ-та – жеті сағат мектепте, тағы үш сағат үй тапсырмасына кетеді. Ал бұл жастағы балалардың көзі әлі толық жетілмегендіктен, мұндай ұзақ уақыт оқу мен жазуға бейімделмеген.

Сондықтан гаджеттер – проблеманың бір бөлігі ғана, бірақ негізгі себебі емес.

3. Миопияның алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – далада жиі серуендеу

Күн сәулесі көздің тор қабығындағы арнайы жасушаларды белсендіреді, олар дофамин гормонын бөліп шығарады. Бұл гормон көз алмасының шамадан тыс ұлғаюын тежейді, яғни миопияның дамуын баяулатады.

Дегенмен, егер балада тұқым қуалаушылық болса (ата-анасының бірі немесе екеуі де миопиямен ауырса), мұндай серуендердің әсері шектеулі болуы мүмкін.

4. Балалардағы миопияның дамуын тоқтата алатын жаңа технологиялар мен дәрілер әзірленіп жатыр

Қазір ғалымдар MiSight деп аталатын арнайы линзаларды, атропиннің әлсіз ерітіндісімен жасалған көз тамшыларын, сондай-ақ ұйқы кезінде көздің қасаң қабығының пішінін уақытша өзгертетін линзаларды сынақтан өткізуде.

Алайда бұл әдістердің кейбірі толық ғылыми тұрғыда түсіндірілмеген, яғни ғалымдар олардың нақты қалай және не себепті әсер ететінін әлі де зерттеп жатыр.

5. Бұл қарапайым мәселе адамзаттың болашағына қатысты үлкен сұрақ тудырады

Адамзат шын мәнінде көру қабілетін жоғалтып, толықтай жасанды интеллектке тәуелді бола ма? Әлде болашақта әлеуметтік теңсіздікке негізделген жаңа дистопия пайда болып, дәрі-дәрмек пен емге қол жеткізе алмайтын кедейлердің көзі нашарлап, ал байлар «көруші роботтар» мен пилотсыз көліктерді басқару артықшылығына ие бола ма?