Тарихында алғаш рет ғалымдар Күннің оңтүстік полюсін көрді. Бұған дейін ешқашан бақылауға мүмкіндік болмаған аймақтың ерекше суреттерін Еуропалық ғарыш агенттігінің және NASA агенттігінің бірлескен Solar Orbiter аппараты түсірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
The Guardian басылымының хабарлауынша, зонд Күн экваторынан шамамен 15 градусқа төмен түсе отырып, жұлдыздың оңтүстік полярлық аймағын алғаш рет нақты бейнелей алған.
Жаңа фотосуреттерде Күннің миллион градусқа дейін жететін жарқыраған атмосферасы айқын көрінеді. Оның арасында салыстырмалы түрде суықтау, шамамен 100 мың градус температурадағы газ бұлттары байқалады.
Ғалымдардың айтуынша, Күн полюстерінің магниттік құрылымындағы өзгерістерді бақылау күн циклін болжауда, соның ішінде күн жарқылдары мен магниттік дауылдардың әсерін алдын ала анықтауда үлкен рөл атқарады. Мұндай құбылыстар жердегі электр желілері мен спутниктік байланыс жүйелеріне елеулі әсер етуі мүмкін.
Solar Orbiter миссиясы шамамен 1,3 миллиард доллар тұрады және ол 2020 жылы ғарышқа ұшырылған болатын. Зондтың басты мақсаты - Күннің белсенділігін, оның магнит өрісін және ғарыш кеңістігіне әсерін жан-жақты зерттеу.