Адамның бай болуы мінезіне байланысты – психолог

20 Сәуір 2023, 13:12 6181

Психолог Серікгүл Сәлидің айтуынша, адамның көп ақша табуына оның психотипі көп әсер етеді.

Адамның туа біткен психотипіне байланысты мінезі қалыптасады. Психотипінде жоқ дүниені қолдан жасау мүмкін емес.

Бірнеше психотиптер бар. Осы психотиптердің ішінде көбірек ақша табатынына тоқталайық. Психотипінен ауытқымай, өзінің орнын тапқан, өзінің бағытын тапқан адамға өзіне қажетті ақшаны табу қиын емес. Ол оны оңай табады. Ал адам өмірдегі өз орнын, атқаруы керек дүниесін таппаса, оған қомақты ақша табу қиындық тудырады, - дейді психолог.

Маман бай болу үшін түпсананы дұрыстау керек екенін айтады. Адамның бай болу, болмауы қалыптасқан наным-сенімдерге байланысты екен. Сол нанымдардың ішінде түйіні шешілмеген жарақаттар болса, онымен түпсаналық деңгейде жұмыс жасау керек. Кейде адамның ішкі сенімдері материалдық жағынан бай болуына бөгет жасады. Сол кезде түпсанадағы осы нанымдарды өзгерту арқылы бөгеттерді алып тастауға болады. Бірақ ол бірнеше деңгейден тұратын ұзақ кезеңдерден өтеді дейді психолог. Оның айтуынша, бұл инстаграмдағы лакшери психологтар айтып жүргендей соншалықты оңай дүние емес. Бір курсқа қатысып, бір сәтте өзгеріп кету мүмкін емес екенін айтады. Оған бір жыл, екі жыл тіпті үш жыл қажет болуы мүмкін. Ол жарақаттың ауырлығына байланысты екен.

Көп ақшаны елдің барлығы бірдей таба алмайды. Егер барлық адам байып кетсе қарапайым жұмыстарды кім атқарады? Әр адамның өмірге келгенде атқаратын функциясы болады. Ақшаны басты құндылығы ретінде көретін амбициясы жоғары адамдар ақшаны көп табады. Ол туа бітті темпераментіне байланысты. Амбициясы жоғары, логикалық ойлау қабілеті терең адамдар үшін басты құндылық – ақша. Олар өмірлерін ақшамен өлшейді. Мәселелерін ақшамен шешеді. Ақшаны қалай табу керек екенін біліп тұрады. Ұйымдастырушылық қабілеті де жоғары. Сабақты жақсы оқымаса да бизнестің үстінен бизнес ашады, - деді психолог.

Психологтың айтуынша, курстан курсқа қатысып оқудан еш пайда жоқ. Оқимын, өзімді жетілдіремін дейтіндерден көп ештеңе шықпайды. Өйткені нағыз бизнесмендер көп оқымай-ақ ақша таба алады. Оларға бизнес тренингтердің қажеті де жоқ. Іс-әрекеттің адамдары бизнесті дөңгелетіп әкетінін айтады.

Көп ақша табу үшін энергияның әсері бар ма?

Маманның айтуынша, ақша табу үшін энергия керек. Бірақ сонымен бірге қабілет те керек. Мәселен, ұйымдастырушылық, келісімге келе алу, пайда мен табысты ойлау қабілеті ақша табуға тікелей әсер етеді.

Қозғалыс әрқашан энергия береді. Осы пайда болған энергияны олар ақшаға айналдырады. Бұлай айналдыра алатын тек сегіз типтің ішіндегі бір ғана тип. Ал басқа типтер энергиясын басқа нәрсеге жұмсауы мүмкін. Мысалы сезімнің адамдары бар. Олар жиналған энергияны басқа адамға махаббат сыйлауға арнайды, - дейді Серікгүл Сәли.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: