Адамды азаптауға, қинауға мүлдем жол берілмейді - Тоқаев

30 Маусым 2023, 12:46 1040

Полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісінде айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет.

Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент күнделікті жұмыста осы талаптар сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артатынын айтты. Сондай-ақ қоғам тарапынан да құрмет болуы керек. Халықтың түсінігінде полиция азаматтарды қорғаушы, қолдаушы, қылмыстың алдын алушы, заңның орындалуын қадағалаушы болуға тиіс.

Өкінішке қарай, қазір ел арасында полицияның келбеті, беделі дәл сондай деп айта алмаймыз. Тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоқы көрсету, тіпті, күш қолдану дұрыс емес. Осындай әрекеттерді доғару керек. Мұндай жағдайда бұзақылар жауапсыз қалмауы қажет, - деді Президент.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: