08.08.2025
11:10
406
Адамдарды ерекше баурап алатын жерлер анықталды

Адамдарды ерекше баурап алатын жерлер анықталды

Ұлыбритания мен АҚШ ғалымдары адамдардың ностальгия тудыратын жылы естеліктері көбіне су маңындағы жерлермен теңіз, көл және өзен жағалауларымен байланысты екенін анықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Яғни, «көк ландшафттар» эмоционалдық тұрғыдан ең тартымды әрі психологиялық әсері айтарлықтай күшті екені дәлелденді. Зерттеу нәтижелері Current Research in Ecological and Social Psychology (CRESP) журналында жарияланды.

Зерттеуге 18 бен 94 жас аралығындағы мыңнан астам адам қатысты. Олар өздерінде ностальгия сезімін тудыратын орындарды сипаттап берді. Ғалымдар бұл деректерді геолокациямен салыстырып, мәтіндік сипаттамаларды да талдады. Су маңындағы орындар көбіне «әдемі», «керемет көрінісі бар», «эстетикалық жағымды» деп сипатталған.

Британдықтардың ностальгиялық орындарының 26%-ын теңіз жағалауы деп көрсетті, ал америкалықтардың 20%-ы аталған орынға ынтызар екендіктерін мәлімдеген. Егер оларға көл мен өзендерді қоссақ, бұл көрсеткіш Ұлыбританияда 35%-ға, АҚШ-та 30%-ға дейін өседі. Салыстырмалы түрде алғанда, ауылдық аймақ пен таулы жерлер тек 10% жағдайда аталады.

Біз адамдардың жасыл ландшафттарды жиі еске алатынын болжадық, себебі көптеген зерттеулер олардың психикаға пайдалы екенін көрсеткен. Бірақ біздің деректер су маңындағы көк жерлер ностальгияның басты себепшісі екенін көрсетті, – дейді жоба жетекшісі, доктор Элизабет Милитару.

Ғылыми тұрғыдан мұндай жерлердің ортақ сипаттары бар: түстердің қанықтығы, айқын контраст және орташа күрделілік – ғалымдар мұны фракталдық құрылым деп атайды. Теңіз жағалауы, көлдің не өзеннің ирек жағалауы осындай визуалды қасиетке ие. Ал тым күрделі, мысалы, орман көріністері кейде мазасыздық тудыруы мүмкін, ал шамадан тыс біркелкі пейзаждар керісінше – жалығуға әкеледі.

Зерттеушілер бұл нәтижелерді қала құрылысы жобаларында ескеру қажет деп санайды. Әсіресе тығыз қоныстанған қалалық ортада тұрғындардың су мен жасыл ландшафттарға қолжетімділігін қамтамасыз ету – психикалық денсаулықты сақтау үшін маңызды фактор болуы мүмкін.