25.09.2025
17:40
490
Адамдар ЖИ-дің арқасында үш күн ғана жұмыс істейтін болады – Zoom басшысы

Адамдар ЖИ-дің арқасында үш күн ғана жұмыс істейтін болады – Zoom басшысы

Zoom компаниясының бас директоры Эрик Юаньның айтуынша, жасанды интеллект (ЖИ) дамыған сайын адамдар аптасына бес күн емес, үш-төрт күн ғана жұмыс істейтін заман тумақ, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оның ойынша, чат-боттар мен сандық көмекшілер қызметкерлердің біраз шаруасын өз мойнына алады. Сонда компаниялар да жұмысшыларды аптаның бес күнінде міндетті түрде жұмысқа байламайды.

Егер ЖИ өмірімізді жеңілдетсе, аптасына неге бес күн жұмыс істеуіміз керек? Үш-төрт күндік жұмыс тәртібін кез келген компания қолдайды деп ойлаймын, - дейді Юань.

Бұл пікірді әлемнің ірі кәсіпкерлері де қолдап отыр. Мәселен, Билл Гейтс он жылдан кейін адамдар «көптеген жұмыстан» босатылатынын айтқан. Nvidia-ның жетекшісі Дженсен Хуанг ЖИ жаппай қолданылса, төрт күндік жұмыс аптасы әбден мүмкін дегенді алға тартады, бірақ ол күндер тығыздау болуы ықтимал. Ал JPMorgan Chase банкін басқаратын Джейми Даймон 2023 жылы-ақ болашақта адамдар ұзақ өмір сүріп, сирек ауырып, аптасына үш жарым күн ғана жұмыс істейді деп болжаған еді.

Дегенмен мұның кері тұсы да бар. Кейбір мамандықтар, әсіресе жаңадан ене бастаған қызметтер де жоғалуы мүмкін. Мысалы, жас инженердің орнын код жазатын жасанды интеллект басуы ықтимал. Бірақ сонымен бірге жаңа міндеттер пайда болады: сол ЖИ-ді басқару, кодты қадағалау, сандық агенттерді үйлестіру секілді.

АҚШ-та мұндай тәжірибе де бар. Exos компаниясының зерттеуі бойынша, төрт күндік жұмыс аптасы қызметкерлердің шаршауын екі есе азайтып, өнімділікті 24%-ға арттырған. Дегенмен сарапшылардың айтуынша, бұл жаңалық барлық салаға бірдей тарай қоймайды, ал жаңа жұмыс орындары үшін бәсеке тіпті күшейе түсуі мүмкін.