31.07.2025
19:43
320
Адам саудасы алаңдатып тұр

Адам саудасы алаңдатып тұр

Кеше 30 шілде – Дүниежүзілік адам саудасымен күрес күні болған еді. Атаулы күн Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы тарапынан 2013 жылы белгіленген. Оның мақсаты – адам саудасының құрбандарын қорғау және бұл қылмыспен күресуге жаһандық назар аудару болатын. Осыған қатысы әлемдегі мен еліміздегі жағдайды сараптап көрелік.

Күні кеше атаулы күнге орай  БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш бұл қылмысты «адам құқықтарын өрескел бұзатын, жантүршігерлік қылмыс» деп атап, әлем жұртшылығын бірігіп күресуге шақырды.Бас хатшының айтуынша, адам саудасы – алдау, мәжбүрлеу және қанауға негізделген қатыгез, әрі жақсы ұйымдастырылған трансұлттық қылмыстық әрекет. Бұл қылмыс жылдам дамып келеді және қазіргі таңда тек жекелеген топтар ғана емес, тұтас халықаралық қылмыстық ұйымдар айналысатын салаға айналды.

«Адам саудагерлері заңдағы олқылықтарды пайдаланып, заңды экономикаға сіңіп, жеткізу тізбектеріне кірігуде. Олар көші-қон ағындарын өз мүдделеріне қолданып отыр. Сонымен қатар, технология мен интернетті белсенді қолданып, құрбандарын жыныстық қанау мен киберқылмысқа тарту сияқты тәсілдермен бақылауға алып отыр», - деді Гутерриш. Бүгінде әлеуметтік желілер мен онлайн платформалар арқылы адам саудасының жаңа түрлері пайда болуда. Қаскөйлер интернет арқылы құрбандарын табады, жалған жұмыс ұсыныстары мен алдау арқылы оларға қол жеткізеді. Бұл әсіресе жастар мен мигранттар үшін үлкен қауіп тудырады. Гутерриш адам саудасына қарсы күресте 3 негізгі бағытты ерекше атап өтті: 1. Бизнес-модельді жою – адам саудасын қолдайтын жүйелер мен қаржы көздерін тоқтату; 2. Жазасыздықпен күрес – қылмыскерлерді анықтап, қатаң жауапкершілікке тарту; 3. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесін нығайту – құрбандарды қорғау мен әділдікті қамтамасыз ету. Гутерриш өз сөзінде адам саудасының түпкі себептерін де атады. Олар – кедейлік, теңсіздік, қарулы қақтығыстар, климаттық дағдарыс және мәжбүрлі көші-қон. Бұл факторлар әсіресе әйелдер, балалар, мигранттар мен әлеуметтік осал топтардың осалдығын арттырып, қылмыскерлердің оңай нысанасына айналдырады. Бас хатшы жәбірленушілердің құқықтарын қорғау мен оларға психологиялық, медициналық және заң көмегін көрсету қажеттігін баса айтты. Сонымен бірге, құрбандардың тағдырына бейжай қарамау – адамзаттық парыз екенін ескертті. Адам саудасына қарсы күрестің осы Дүниежүзілік күнінде біз бірлесе әрекет етіп, құрбандарды қорғауға, кінәлілерді жауапқа тартуға және ешкім сатылмайтын, сатып алынбайтын, қанауға түспейтін әлем құруға күш салуымыз керек, — деді Гутерриш.

Жалпы 2022 жылы әлем бойынша 69 627 адам саудасының құрбаны тіркелген, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 25%-ға көп. Әлемдік статистика бойынша құрбандардың 61%-ын әйелдер мен қыздар құрайтынын,  балалар құрбандардың 38%-ын құрайтынын, сексуалдық қанау – әйелдер мен қыздарды саудалаудың негізгі себебі екендігін, ерлер мен ұлдар көбінесе мәжбүрлі еңбекке тартылатындығын айтады.

Жаңа заңның жазасы жеңіл емес

2024 жылғы 5 шілдеде Мемлекет басшысы адам саудасына қарсы бағытталған маңызды құжат – «Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Заң не өзгеріс әкеледі? Жаңа заң аясында еліміздің Қылмыстық кодексіне бірқатар маңызды толықтырулар мен өзгерістер енгізіледі:Қылмыстардың жаңа санаты – адам саудасына байланысты қылмыстар жеке санат ретінде бөлінеді.  «Сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер» деген жаңа құқықтық ұғым енгізіледі.

Енді қылмыстық жаза мына әрекеттер үшін тағайындалатын болады:

- адамдарды (оның ішінде кәмелетке толмағандарды) жыныстық сипаттағы өзге де қызметтер көрсетуге тарту;

- осы мақсаттар үшін жеңгетай болу;

- жезөкшелік пен жыныстық сипаттағы қызметтерді насихаттау және жарнамалау;

- телекоммуникация желілері (соның ішінде интернет) арқылы жезөкшелікпен айналысуға, сексуалдық сипаттағы өзге де қызмет көрсетуге және жеңгетайлыққа арналған притондарды ұйымдастыру немесе ұстау. Бұл әрекеттер үшін ҚР ҚК-нің 134, 308, 309-баптары және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 450-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылады.

Жезөкшелік пен кәмелетке толмағандардың қызметін пайдалануға да жаза қарастырылған. Заңға сәйкес, жезөкшелік қызметін немесе кәмелетке толмаған адамның жыныстық сипаттағы қызметін пайдаланғандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады. Бұл ҚР ҚК-нің 122-бабы бойынша жүзеге асырылады.

«Адам саудасына қатысты қылмыстар бойынша татуласуға байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату алынып тасталады.​ Қылмыстық-процестік кодексте жәбірленушінің арнаулы әлеуметтік қызметтер алуға құқығы көзделді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске медициналық ұйымдардың және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың лауазымды адамдарының жаңа туған нәрестені тастап кету фактісі туралы хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді», - делінген хабарламада. 

Жаңа заң Қазақстанда адам саудасына, сексуалдық қанауға және адам құқықтарын өрескел бұзуға қарсы кешенді әрекетті күшейтуді көздейді.

Қазақстандағы қазіргі жағдай

Қазақстанда да бұл мәселе күн тәртібінен түспей отыр. Мамандардың айтуынша, адам саудасы — тек ұйымдасқан қылмыс емес, сонымен қатар әлеуметтік теңсіздік пен ақпараттық вакуумның салдары.  Елімізде жыл басынан бері адам саудасына байланысты 285 қылмыстық іс тіркелді. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі хабарлады. Олардың ішінде кәмелетке толмаған балаларға қатысты 28 іс қозғалған.  2024 жылы дәл осындай 445 іс қозғалған. Бұл – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында көрсетілген мәлімет.

Мәселен жуырда ғана атап айтсақ, 28 шілдеде Астана қаласы мен Солтүстік Қазақстан облысында құқық қорғау органдары адам саудасымен айналысқан қылмыстық топтардың жолын кесті. Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөліністері мен прокуратура органдарының бірлескен жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде еліміздің аумағында әрекет етіп келген екі қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды. Ресми мәліметке сәйкес, бұл топтар интернет-ресурстарды жүйелі түрде пайдаланып, жыныстық қанауға бағытталған заңсыз қызмет түрлерін жарнамалаған әрі ұйымдастырған. Олардың әрекеті ұйымдасқан сипатқа ие болып, ұзақ уақыт бойы Қазақстанның әр өңірінде белсенді жұмыс істеген. Алдын ала мәліметтер бойынша, қылмыстық топтың күнделікті табысы 1,5 миллион теңгеге дейін жеткен. 2024 жылдың басынан бері олардың қаржы айналымы 1,7 миллиард теңгеден асқан. Бұл көрсеткіш – қылмыстық желінің ауқымы мен жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын дәлелдейді.

Құқық қорғау органдары мұндай заңсыз әрекеттердің еліміздің қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретінін айтып, азаматтарды абай болуға және күмәнді жарнамалар мен ұсыныстарға сенбеуге шақырып отыр. Аталған қылмыстық іске қатысы бар барлық тұлғалар анықталып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Адам саудасына қатысты қандай баптар бар?

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде адам саудасына қатысты бірнеше баптар қарастырылған:

- 128-бап: Адам саудасы;

- 134-бап: Кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту;

- 135-бап: Кәмелетке толмағандарды саудалау;

- 308-бап: Жезөкшелікпен айналысуға тарту.

Бұл баптар бойынша қылмыскердің мүлкі тәркіленеді, ең жоғарғы жаза – 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Мұндай жаза өте қатал және басқа ауыр қылмыс үшін көзделген жазамен сәйкес келеді.

Қазақстан 2002 жылдан бері Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) қолдауымен адам саудасына қарсы бағдарлама жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде 1 891 еңбек және жыныстық қанаудың құрбанына көмек көрсетілді.

Қазақстанда адам саудасының құрбандарына мемлекеттік бюджет есебінен көмек көрсетіледі. Оған мыналар кіреді:

- уақытша баспана;

- психологиялық, медициналық және құқықтық көмек;

- қайта әлеуметтендіру бағдарламалары;

- қажет болса — туған еліне қайтару шаралары.

Сарапшылар адам саудасының алдын алуда ең тиімді құрал — ақпараттық сауаттылық екенін айтады. Әр азамат өзінің құқығын білуі, күмәнді ұсыныстардан сақ болуы және қажет жағдайда тиісті органдарға жүгінуі тиіс.

Адам саудасы – адам құқықтарының ең өрескел бұзылуы. Қазақстан бұл қылмыспен күресу үшін заңнамалық және практикалық шаралар қабылдауда. Алайда, бұл күресте қоғамның барлық мүшелерінің қатысуы маңызды. Әрбір азамат адам саудасының белгілерін танып, тиісті органдарға хабарлау арқылы бұл қылмыстың алдын алуға үлес қоса алады.

Адам саудасының құрбандары кімдер және олар қалай нысанаға алынады?

Мамандардың айтуынша, адам саудасының басты құрбандары — халықтың әлеуметтік осал топтары. Атап айтқанда:

- жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ адамдар;

- жұмыссыздар мен үйсіздер;

- мүмкіндігі шектеулі жандар;

- заңсыз мигранттар;

- кәмелетке толмағандар.

«Тәжірибе көрсеткендей, бұл топтар сенгіш, құқықтық жағынан қорғансыз және жиі алдауға тап болады. Осы себепті олар адам саудагерлері үшін «ыңғайлы нысана» болып табылады», — дейді ІІМ сарапшылары.

Неге бұл жағдай орын алады?

Адам саудасының таралуына ықпал ететін бірқатар факторлар бар:

- ақпараттың жеткіліксіздігі — азаматтар қандай қауіп төнуі мүмкін екенін білмейді;

- құқықтық сауаттылықтың төмендігі — өз құқықтарын қорғай алмайды;

- арзан жұмыс күшіне сұраныс — әсіресе құрылыста, ауыл шаруашылығында және үй қызметінде;

- интернеттің әсері — әлеуметтік желілер арқылы жалған ұсыныстар мен уәделер таралады;

- жеңіл ақша табуға немесе "әдемі өмірге" ұмтылу — әсіресе жастар арасында жиі кездеседі;

- шетел азаматтарының заңсыз мәртебесі — олар жиі қорқыту мен бопсалауға тап болады.

Түйін: БҰҰ мен Халықаралық көші-қон ұйымы (IOM) адам саудасымен күресте маңызды рөл атқарады. Олар Қазақстанда 2002 жылдан бері 1 891 құрбанға көмек көрсеткен. 2023 жылғы АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Адам саудасы туралы» есебіне сәйкес, Қазақстан 2-ші деңгейге (Tier 2) жатқызылды. Бұл дегеніміз, ел үкіметі адам саудасымен күресте ең төменгі халықаралық стандарттарға толық сәйкес келмегенімен, оларды орындау үшін елеулі күш-жігер жұмсап жатыр дегенді білдіреді. Алайда, 2023 жылғы Global Slavery Index мәліметтері бойынша, Қазақстан 160 елдің ішінде 17-орында тұр, бұл елде қазіргі заманғы құлдықта өмір сүретін адамдардың саны жоғары екенін көрсетеді. Демек Қазақстан адам саудасымен күресте белгілі бір жетістіктерге жеткенімен, әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Жаһандық рейтингтер мен статистикалық мәліметтер елде бұл қылмыстың ауқымды екенін көрсетеді. Сондықтан, үкімет пен азаматтық қоғам бірлесіп, алдын алу, құрбандарды қорғау және қылмыскерлерді жауапкершілікке тарту бағытында жұмысты жалғастыруы қажет.