24.07.2025
18:39
435
Адам өз заманын сүюі керек – Ерлан Жүніс

Адам өз заманын сүюі керек – Ерлан Жүніс

Танымал ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерлан Жүніс «Әдебиет порталына» берген сұхбатында қазақ әдебиетіне, оның түрлі кезеңдеріне қатысты ой толғап, қазіргі буынның рухани бетбұрысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бәріміз әдеби аңыздармен, әңгімелермен өстік. Әбділда Тәжібаевтың «Жылдар, ойлар» еңбегі, Қадыр Мырза Әлидің «Иірім» кітабы секілді дүниелер бізді қалыптастырды. Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаевтардың заманы қазақ әдебиетінің алтын ғасыры ретінде қабылданды, сол кезеңге біз аңсармен қараймыз. Алайда мұның бәрі иллюзия екен, – деді ақын.

Оның айтуынша, кейде адам өткенге немесе болашаққа бой тасалап, қазіргі уақытта жауапкершілік алғысы келмейді. Бірақ әр қаламгер өз дәуірінің жүгін көтеруі тиіс.

Сен жауапкершіліктен қашасың. Белгілі бір нәрсеге міндеттеме алудан жалтарасың. Ал қашқан сәтте адам өткен шаққа немесе болашаққа тығылғысы келеді. Кейін келуім керек шығар бұл күнге деген көңіл күй пайда болады. Бірақ шын мәнінде, біз өз заманымызды, уақытымызды түсініп, соны сүюіміз керек. Қай ақын-жазушыны өз заманынан бөліп алсақ, оның ойларын да, пайымдарын да толық ұғына алмай қаламыз, – деді Ерлан Жүніс.

Ақын кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетін қазіргі күннің контексінде түсіну қиын екенін, өйткені ол әдебиет белгілі бір тарихи, саяси кезеңнің өнімі екенін айтты.

Мысалы, Кеңес қазақ әдебиетін қарасақ, яғни сол 1970 жылды капсуладан шығарсақ, көп ақынды, жазушыны түсіну қиынға соғады. Бұл – әдебиетті де, адамды да дәуірімен тану қажеттігін көрсетеді, – деді ол.

Ерлан Жүніс бүгінгі заманға, қазіргі оқырманға сеніммен қарайтынын да жасырмады. Оның айтуынша, кітап оқудан алыстап кеткен кезеңнің артта қалғанын аңғару қиын емес.

Базардан шыққан балалық дегендей, біз де базар экономикасынан өттік. Сол уақыттың құндылықтары, адамдардың өзгеруі, кітаптан алыстауы – бәрі өтті. Енді кітапқа қайта бет бұрдық. Қазіргі заманның жастарымен, оқырмандарымен менің уақытым ұнап келе жатыр. Біз кітапты қайта ұстаз, дос деп танып, оған қайта оралып жатырмыз, – деді ақын.