29.09.2025
17:01
690
Адам ағзасындағы паразиттер қайдан пайда болады?

Адам ағзасындағы паразиттер қайдан пайда болады?

Паразиттер мәселесі – медицинадағы ең өзекті тақырыптардың бірі. Олар адам ағзасында өмір сүріп, оның есебінен қоректеніп қана қоймай, түрлі созылмалы аурулардың туындауына себеп болуы мүмкін.

El.kz интернет порталының тілшісіне сұхбат берген педиатр, отбасылық интегративті паразитолог, нутрициолог Гаухар Серікқалиқызының айтуынша, паразиттердің ұзақ уақыт ағзада болуы дәрумен тапшылығына, иммунитеттің әлсіреуіне, ішкі мүшелердің зақымдануына және тіпті онкологиялық аурулардың пайда болуына әкелуі ықтимал.

Адам ағзасына әсері

Гаухар Серікқалиқызының жеке мұрағатынан 

Паразиттердің ұзақ уақыт бойы ағзада болуы мынадай қауіптерге әкеледі:

  • созылмалы ауруларға әкеледі
  • адам ағзасын әлсіретеді
  • витамин мен минерал тапшылығын тудырады
  • иммунитеттің төмендетеді
  • ішкі мүшелерге зақым келтіреді

Гаухар Серікқалиқызының айтуынша, паразиттерді дер кезінде анықтап, алдын алу шараларын жасау – денсаулықты сақтаудың ең маңызды қадамдарының бірі.

Паразиттердің қандай түрлері жиі кездеседі?

Паразиттердің адам ағзасына енетін және жиі кездесетін бірнеше түрі бар. Оларды үш негізгі топқа бөлуге болады:

  • Ішек құрттары (аскарида, острица, таспа құрттар)
  • Протозойлар (лямблия, амеба, токсоплазма)
  • Трематодтар, яғни сорғыш құрттар (описторх, клонорх, фасциола)

 

Ағзада паразит бар екенін қалай білуге болады?

Негізгі белгілері:

  • Асқазан-ішек жүйесі бойынша: іштің ауыруы, кебу, іш қату немесе жиі өту.
  • Салмақ пен тәбет: түсініксіз арықтау немесе керісінше салмақ қосу, тәбеттің төмендеуі/артуы.
  • Тері: бөртпе, қышу, аллергияға ұқсас белгілер.
  • Жалпы жағдай: әлсіздік, бас ауруы, ұйқысыздық, тез шаршау.
  • Қан: қаназдық (анемия), дәрумен жетіспеушілігі.
  • Балаларда: дамуының тежелуі, қан аздық, түнде тіс қайрау, мазасыз ұйқы, құйрық аймағында қышу.

Отбасылық интегративті паразитологтың сөзінше, мұндай белгілер байқалған жағдайда уақыт созбай дәрігерге қаралып, тексерістен өту қажет.

Адам ағзасына паразиттің түсу жолдары

Паразиттердің адам ағзасына түсуі көбіне күнделікті өмірдегі қарапайым әдеттер мен сақтық шараларына немқұрайлы қараудан туындайды. Педиатр, паразитолог Гаухар Серікқалиқызы атап өткендей, жұқтырудың ең жиі кездесетін жолдары мыналар:

Гаухар Серікқалиқызының жеке мұрағатынан 
  • Жеке гигиенаның сақталмауы – жуылмаған қол арқылы паразиттердің ағзаға түсу қаупі өте жоғары. Әсіресе тамақтанар алдында қол жумау – негізгі себептердің бірі.
  • Ластанған су мен тағам – тазартылмаған ауыз су немесе жуылмаған көкөніс-жемістер арқылы паразиттер оңай тарайды.
  • Шала піскен ет пен балық өнімдері – жеткілікті термиялық өңдеуден өтпеген тағамдар да қауіпті.
  • Жануарлардан жұғу – үй жануарлары (мысық, ит) арқылы паразиттер адамға тікелей немесе жанама жолмен берілуі мүмкін.

Маманның айтуынша, паразиттік инфекциялардың көпшілігі осы қарапайым себептерден басталады. Сондықтан күнделікті өмірде жеке тазалық пен тағам гигиенасын сақтау – ең тиімді алдын алу шарасы болып табылады.

Паразиттерді жұқтыру қаупі ең жоғары кімдер?

Паразиттер кез келген адамға жұғуы мүмкін. Дегенмен, белгілі бір топтарда қауіп деңгейі әлдеқайда жоғары болады. Педиатр, паразитолог Гаухар Серікқалиқызы негізгі тәуекел тобына мыналар жататынын айтады:

  • Балалар (қолдарын жиі аузына салатындықтан, көбісі тырнақтарын да тістейді)
  • Иммунитеті төмен адамдар (ағзасы паразиттерге қарсы күресуге қабілетсіздеу келеді)
  • Үйлерінде ит, мысық ұстайтындар
  • Мал шаруашылығымен, тамақпен жұмыс істейтіндер.

 

Азық-түлік арқылы жұғатын паразиттер бар ма?

Маман паразиттердің бірқатары тағам арқылы да ағзаға түсетінін жеткізді.

  • Еттен – таспа құрттар;
  • Балықтан – описторхоз;
  • Көкөніс пен жемістен – аскарида, лямблия цисталары.

 

Паразиттік ауруларды анықтауда қолданылатын заманауи әдістер

Гаухар Серікқалиқызының айтуынша, қазіргі медицинада паразиттерді анықтау үшін бірқатар заманауи зерттеу тәсілдері қолданылады. Олардың ішінде:

  • Нәжісті зерттеу – копрограмма, ПТР талдауы арқылы ішек паразиттерін табуға болады;
  • Қан анализі – серологиялық әдіс және ПТР;
  • УЗИ (ультрадыбыстық зерттеу) – бауыр, өт жолдары мен басқа да мүшелердегі өзгерістерді көруге көмектеседі;
  • Эндоскопия – кей жағдайларда асқазан-ішек жолында орналасқан паразиттерді анықтау үшін қолданылады;
  • БРТ-диагностика – кей клиникаларда қолданылатын қосымша әдіс, ағзаның био-резонанстық көрсеткіштеріне сүйенеді.

 

Емдеуде дәстүрлі мен заманауи тәсілдердің айырмашылығы

Маман паразиттерді емдеуде қолданылатын екі негізгі жолды атап өтті:

Дәстүрлі әдіс, яғни халық арасында сарымсақ жеу, асқабақ дәндерін тұтыну, түрлі шөптік тұнбаларды пайдалану сияқты тәсілдер кең таралған. Бұл әдістер кейбір жағдайда алдын алу мақсатында көмектескенімен, толыққанды емдік әсер бермейтінін айтады.

Дәрігердің айтуынша, ең тиімді жол – паразиттің түрін дәл анықтап, соған сәйкес антигельминтикалық дәрілермен кешенді түрде емделу.

Мен дәрігер маман ретінде заманауи тәсілді ұсынар едім, – деді.

Өз бетінше дәрі қабылдаудың қаупі бар ма?

Сондай-ақ дәріханадан өз бетінше паразитке қарсы дәрі алып ішудің зияны өте көп екенін айтады.

  • әр паразиттің түріне сәйкес әртүрлі дәрі қажет;
  • дұрыс таңдалмаса – бауырға, қанға уытты әсер береді, ал паразит жойылмай қалады
  • паразит толық жойылмай қалады, ал ауру созылмалы түрге айналуы ықтимал;
  • өз бетінше қабылдау кезінде күрделі аллергиялық реакциялар, сондай-ақ іш өту, құсу сияқты диспепсиялық сияқты сиптомдарға шалдығулары мүмкін. Бұл өте қауіпті жайт.

 

Паразиттен сақтанудың қарапайым жолдары

  • Қол гигиенасы – қолды жиі жуу, тырнақты қысқа етіп алу.
  • Етті дұрыс пісіру – 1-1,5 сағаттан асырып қайнатып немесе жақсылап пісіру.
  • Балық, теңіз өнімдерін мүлдем қолданбау.
  • Жеміс-жидек пен көкөністі мұқият жуу – (йонизатор, сірке су немесе ас содасы бар суға салып залалсыздандыру).
  • Үй жануарларына бақылау жасау – ит пен мысыққа уақытылы дегельминтизация жасау немесе үй жағдайында мүлдем ұстамау, өсірмеу.

 

Паразиттік аурулар балаларға қаншалықты қауіпті?

Паразитолог Гаухар Серікқалиқызының айтуынша, паразиттік аурулар балалар үшін өте қауіпті. Паразиттер бала дамуының артта қалуына (ЗРР, ЗПРР), қаназдық, иммунитеттің төмендеуіне, эндокринологиялық, аллергиялық, асқазан-ішек ауруларына әкелуі мүмкін.

 

Әлемдік тәжірибеде паразиттерге қарсы қандай жаңа әдістер бар?

Маман соңғы жылдары әлемдік медицинада паразиттік ауруларға қарсы күресте жаңа тәсілдер кеңінен қолданылып келе жатқанын айтты. Олардың ішінде:

Гаухар Серікқалиқызының жеке мұрғатынан 
  • Интегративті және превентивті ем;
  • Жоғары сезімталды ПТР-диагностика – паразиттің ДНҚ-сын дәл анықтауға мүмкіндік береді;
  • Жедел антиген-тесттер – қысқа уақытта нәтижесін беретін заманауи әдіс;
  • Жаңа буын кешенді дәрілер;
  • Биотехнологиялық әдістер.

 

«Тазарту», «құрт қуу» әдістері қаншалықты дұрыс?

Халық арасында кең тараған «тазарту», «құрт қуу» секілді әдістерге маман қарсы екенін тілге тиек етті.

Өйткені бұл әдістер дайындықсыз жүргізіледі, адам ағзасына қауіпті. Негізі адам ағзасын (ішкі детокс мүшелерін) антипаразитарлық емге дайындап барып, емді кешенді түрде өткізу керек. 1-3 күндік ем емес, 2-3 айлық ем жүргізу қажет, – деді Гаухар Серікқалиқызы.

 

Паразиттердің салдарынан қандай асқынулар болуы мүмкін?

Паразитолог Гаухар Серікқалиқызының айтуынша, паразиттік аурулар тек уақытша жайсыздық қана тудырмайды, олардың салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.

Әрбір созылмалы аурудың астарында паразиттердің әсері жатуы ықтимал. Олар аллергиялық аурулар, демікпе, псориаз, экзема, гипотиреоз, аутоиммунды тиреоидит, артрит, эндометриоз, миома, кисталар тағы басқа. Соңғы жылдары онкологиялық ауруларды паразиттер салдарынан болуы мүмкін деген пікір бар, – дейді маман.

«Әр адамның ағзасында міндетті түрде паразит бар» деген пікір қаншалықты дұрыс? Паразитолог Гаухар Серікқалиқызының айтуынша, бұл пікір шындыққа сай келеді.

Иә, 100% дұрыс деуге болады. Ағзамызда аскарида, лямблия секілді паразиттердің аз мөлшерде болуы қалыпты жағдай. Олар иммунитетті жаттықтыруға белгілі бір деңгейде қажет. Бірақ олардың саны көбейіп кетсе, өкінішке қарай, түрлі созылмалы ауруларға себеп болады, – деді педиатр, нутрициолог маман.

«Паразиттерден тазартатын» шай мен қоспалар қаншалықты пайдалы?

Маманның айтуынша, соңғы жылдары интернетте түрлі «антипаразитарлық шайлар» мен қоспалар кеңінен жарнамаланып жүр. Алайда олардыңпайдасы өте шамалы.

Мұндай өнімдердің пайдасы өте шамалы. Оларды толыққанды ем ретінде емес, тек алдын алу шарасы ретінде ғана қолдануға ұсыныс берер едім, – дейді педиатр, отбасылық интегративті паразитолог, нутрициолог Гаухар Серікқалиқызы.