Қазақ халқының тарихи шешуші кезеңінде билік құрған ұлттың ұлы тұлғасы Абылайханның ат үстінде өткен ерлік пен елдікке толы өмірі туралы тарихшылар арасында қарама-қайшылы пікір көп.
Бүгінгі абылайтанушылардың ішінде кесек пікірімен танылып жүрген М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Зарқын Тайшыбаймен осы жайында сұқбат құрған болатынбыз.
- Әңгіменің әлқиссасын ұлы ханның өмірдерегін нақтылаудан бастасақ. Абылай ханның өмірі мен қызметіне байланысты әртүрлі алыпқашпа пікірлер айтылып жүр, соның ішінде туған-өлген жылдары туралы екі түрлі мағлұмат бар. Бұған байланысты не дейсіз?
- ХХІ ғасырдың басына дейін Абылай ханның өмірдерегінде 1711 жылы туған, 1781 жылы қайтыс болған деген мағлұмат тараған. ХІХ ғасырдағы шетелдік және Ресей энциклопедияларында, орыстың кейбір зерттеушілерінің еңбектерінде осы жылдар даусыз ақиқат ретінде жазылып келді.
Әлбетте, қазақ зерттеушілері де бұған күмәнмен қараған жоқ. Бірінен бірі көшіріп жаза берді. Себебі – түсінікті, жазу-сызуы болмаған, хатқа түскен деректері сақталмаған деген сияқты, анықтап тексеруге ешкім батпаған. Жалғыз бұлар емес, Абылайдың өмірі мен қызметі тек аңыз, ертегі деңгейінде таралған. Тіпті, күні бүгінге дейін, қазіргі тарих ғылымдарының докторлары мен академиктер де, «Бұқар жырау былай деген», «Үмбетей жырау былай деген»..., басқасын айтпай-ақ қояйын, сол «дегендерді» ақиқат дерек ретінде қабылдап келеді.