Әбу Насыр әл-Фараби тұлғасының беймәлім тұстары (3-бөлім)

30 Қазан 2022, 00:10 4699

әл-Фараби Платон және Аристотель ілімдерін ислам әлеміне әкелген ислам ойшылдарының бірі

«Ақылына қоса азат жігері бар адамның басты міндеті – өзінің ақылға негізделген еңбегінің арқасында бақытқа жету», - деген әл-Фараби өзі бақытқа жете алды ма? 

Трагедиясы. Енді менің ойымша, әңгіменің ең маңызды тұсына келдік. Жалпы алғанда, ислам діні поэзия мен философияның құдайтану саласына шек тудырады деп ақындар мен философтарға күдікпен қараған. Философия адам ақыл-ойының жемісі, ислам ақидатына қарама-қайшы, керағар келеді, себебі ислам мен философия өмірдегі сұрақтарға екі түрлі жауап береді. Философтар: «Адам деген кім?», «Әлемді танып білуге болады ма?», «Құдай бар ма?», «Материя мен сананың қайсысы бірінші?» және тағы басқа сансыз сұрақтарға жауап іздейді, яғни «неге» және «қалай?» деген сұрақтар қояды. Ал ислам дінінде бұл сұрақтарды қоюға болмайды.  Сондықтан мұсылман теологтары философияға қатысты қатаң айқындама ұстанған. «Философия – ақылсыздық пен құлдыраудың, шатасулар мен алдаудың негізі, ауытқу мен дінсіздікке әкелуші», – деп санаған.  

Философтардың басты, «виртуалды жендеті» бұрынғы философ Имам Ғазали болды. Ғазали грек философиясы қайшылықтарға толы, ислам діні негіздеріне қарама-қайшы деп санаған. Осы Ғазали – «Таһафату әл-фаласифа» (Философтардың далбасасы) деген еңбегін жазып, мұсылман философтарының басына қара бұлт үйірген фундаменталист ғалым. Ол 20 мәселе бойынша әл-Фараби мен Ибн Синаға айып тағып, оның 3 мәселесі бойынша екеуін «кәпір», 17 мәселе бойынша «зиндиқ» деп жариялады («кәпір» – Алла, оның пайғамбары мен шариғатын қабылдамайтын адам, ал «зиндиқ» – өзінің сондай екенін жасыратын екіжүзді адам). Имам Ғазали «Адасудан құтқарушы» деген кітабында: «Әл-Фараби, Ибн Сина сол секілді шииттенген мұсылман философтарын діннен аластату (такфир) керек», – деп жазған. Имам мұсылман рационалдық философиясын жоюдың негізін салып кеткен тұлға саналады. 

 

Есектермен есек бол – шын бейнеңді көрсетпе!

Көк есектен сұрасаң, ол «Мен – ұлымын» дер.

Егер біреуде есектің құлағы жоқ болса,

Ол есектер үшін – нағыз зиндиқ!

 

(сөзбе-сөз аударма – Қ.С.) – деген өлең жолдарын Ибн Сина осындай кезде жазған.

Осы тұрғыдан алғанда әл-Фараби мұрасына діни тұрғыдан қарау қаншалықты орынды деген сұрақ туады. Біздің кейбір отандық фарабитанушылар тіпті философия деген сөздің көне грек сөзі екендігіне күмән келтіреді. «Пәлсапа» сөзінің философияны «фалсафа» деп арабша айтылу варианты екендігіне қарамастан, «пәл» деген – «жақсы сөз», «сапа» деген  «сапалы» деген мағынаны білдіреді және сапалы сөз құдайдан ғана шығады», – дейді. Адам өз қиялына ерік берсе, оның апарып тығатын қалтарыстары сансыз ғой. 

Кейбір замандас кәсіби тарихшылардың, зерттеушілердің дін, теология шоқпарын белдеріне байлағандары сырт көзге оғаш көрінеді екен. Тақырыпқа жанама түрде қатысы болғандықтан, айта кетейік. Жақында бір тарихшы ортағасырлық мұсылман жазба ескерткіштерінде Тәңіршілдік туралы бірде-бір сөз жоқ деп, кесіп айтты. Тарихи зерттеу методологиясы мен тәсілдерін ысырып қойып, тура бір шалғайдағы ауылдағы мешіттің имамы секілді сөз саптады (имамдардың құлақтарына алтын сырға). Осы сәтте сонау студенттік жылдары оқыған Ибн Фадланның «Еділ бұлғарларына сапар» деген туындысындағы түркілер иектерін көтеріп, «Бір Тәңірі» деп айтады деген жолдары ойыма сап ете қалды. Ал бұл тақырып мақсатты түрде зерттелсе, теологияға іш тартқан кәсіби тарихшылар мүлдем ыңғайсыз жағдайға түсер еді деп ойлаймын.   

Мұрасы. Әл-Фараби сансыз ғылыми трактаттар жазғанымен, оның қырқы ғана біздің заманымызға жеткен (32 араб, 6 иврит және 2 латын тілдерінде). Ибн Халликан: «Әл-Фараби еңбектерін кітап, брошюра түрінде өте сирек жазған. Ол көбінесе ғылыми еңбектерін қысқаша тарау, түсіндірме түрінде қалдырған», – деп  көрсетеді. Шәкірттері оларды топтастырып, кітап түрінде шығарған.    

Әбу Насыр әл-Фараби Платон және Аристотель ілімдерін ислам әлеміне әкелген ислам ойшылдарының бірі және ол өзінен кейінгі мұсылман философтарына үлкен әсер еткен. Әл-Фараби философияны теологиядан, яғни діннен бірінші болып бөлді. Орта ғасырларда өмір сүрген және оның көзқарастары әсер етпеген мұсылман немесе христиан философын табу қиын. Әл-Фараби Аристотель мен Платонның шығармаларын аударып, оған үлкен толықтырулар жасағаны үшін ол «Екінші мұғалім» атағын алды. Сол кездегі ғылыми ортада   жасаған еңбегіне қарай осы секілді лақап ат беру әдеті бар еді. Мысалы, жоғарыда айтылған философтардың жауы Имам Ғазали «Ислам дінін құтқарушы» деген лақап атқа ие болған!

Ұлы ойшылдың өмірінің соңы. Әл-Фарабидің де бір жерге тұрақтап байыз таппай Халифаттың қалалары арасында көше беруінің бір сыры бар! Оның өлімі де көптеген сұрақтардан тұрады. Ұлы ойшылдың өмір жолы түрлі деректер бойынша 79-84 жас аралығында үзілген. Халифат аумағында 30-34 жыл, оның ішінде 9 жыл Дамаск қаласында тұрған Ұлы ойшыл осы қаладан Жерорта теңізі жағалауындағы Асқалан қаласына кетіп бара жатқанында (кейбір деректер бойынша келе жатқанында), жол тонаушы қарақшылардың шабуылына тап болады. Бастапқыда қарақшыларға: «Көлік  малды, қару-жарақ пен киім-кешегімді алыңдар, бірақ жан сауға», – дегеніне қарамастан, олардың өлтіретініне көзі жеткен ол аттан түсіп, садақпен атысып, шайқаста шейіт болып өледі.  

Сонымен, Ұлы ойшылдың денесі Дамаск қамалының Баб сағир (Кіші қақпа) қақпасының қасындағы зиратқа қойылады (Қазіргі кезде Дамаск қаласының ортасында орналасқан). Жаназасында Сейфуддаула ғана төрт нөкерімен болады. Дін адамдары, мешіт имамдары философты жерлеуге қатыспайды. Сейфуддаула қандықол қарақшыларды ұстатып, оларды философ қабірінің жанында жерге қағылған бөренелерге керіп өлтіреді. 

Әл-Фарабидің әртүрлі салалардағы көптеген идеялары мен пікірлері сол кездегі түсінікке және діни постулаттарға қайшы келді. Алайда әл-Фараби толерантты  «Исламның алтын ғасыры» кезінде өмір сүрді және оның символдарының бірі болды. Ислам ренесансы деген атпен тарихқа енген құбылыс Халифат құрамына енген түрлі конфессия, этникалық топтардың, оның ішінде түркі халықтарының өкілдерінің қатысуымен жүзеге асты. Ислам дініндегі фундаменталистік бағыт күшейген сайын мұсылман рационалдық философиясының шоғының қызуы да кеми бастайды. Ал діни фанаттардың ортағасырлық мұсылман рационалды философиясына тосқауыл қоюы түбінде мұсылман әлемінің тоқырауына әкеліп соқты.

Бұған дейін Әбу Насыр әл-Фараби тұлғасының белгісіз тұстары туралы мақаланың бірінші бөлімін және екінші бөлімін жариялаған болатынбыз.

Қайрат Сәки,

ҚР дипломатиялық қызметіне еңбек сіңірген қызметкер

Қайрат Сәки
Бөлісу: