Әбу Насыр әл-Фараби қолжазбасының көшірмесі жарыққа шықты

9 Қараша 2023, 22:45 1013

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Түркиядан табылған ұлы ойшыл, ғұлама, ғалым Әбу Насыр әл-Фараби қолжазбасының көшірмесін жарыққа шығарды. Ғұлама ойшылдың бірегей қолжазбасы Түркияға жасалған сапарда Сүлеймания кітапханасынан табылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ұлы ойшылдың бірегей қолжазбасы Түркияға жұмыс сапары кезінде Сүлеймания кітапханасынан табылды.

"Музыка саласына кіріспе" еңбегі 1257 жылдың 3 маусымында жарық көрген. Араб тілінде жазылған қолжазба 243 беттен тұрады. Аталған туынды күні бүгінге дейін толық зерттелмеген.

Реставратор маман Жансерік Бейсенқұловтың айтуынша, қолжазбаның көшірмесі табылғаннан кейін үш апта ішінде басып шығарылған.

«Музыкалық салаға кіріспе» қолжазбасы үш бөлімнен тұрады.Еңбекте музыкалық өнердің принциптері, негізгі терминдер және музыка пәні қамтылған. Кітапта  музыкалық аспаптар мен әр түрлі әуендердің шығармаларына, категориясына және басқа да аспектілеріне кеңінен тоқталған.

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары 2022 жылы "Архив-2025" жобасы аясында Ресей, Татарстан және Башқұртстан Республикалары, Түркия, Венгрия, Үндістан, Иран Ислам Республикасы, Мысыр және Катар мемлекеттеріне 11 ғылыми-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Олар тарихи құжаттарды зерттеу және сақтау бойынша түрлі жобаларды іске асырды.

Мамандар отандық және шетелдік архивтер мен музейлерден кітапханалар мен ғылыми орталықтардан Қазақстан тарихы бойынша құжаттар мен материалдарды іздеу-анықтау, көшірмесін алу жұмыстарын жүргізіп, тарихи құжаттардың көшірмелерін елге әкелді.

ҚР МАМ архив, құжаттама және кітап комитетінің төрағасы Қуат Бораштың айтуынша, қазіргі таңда тарихымыздың ақтаңдақ беттерін түгендеп, тың деректермен толықтыру мақсатында елге жеткізілген  қолжазбалар мен архивтік құжаттар мамандардың қатысуымен зерттелуде.

Барлық құжаттарды ғылыми айналымға енгізу жоспарланған.

Перизат Саденова
Бөлісу: