Абу-Дабиде джиу-джитсудан Бөрте Мұсахан қола медаль жеңіп алды

11 Қараша, 16:50 1473

Қазақстандық жас спортшы Бөрте Мұсахан Абу-Дабиде джиу-джитсудан 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бүгінде Бөрте Мұсахан Атырау қаласының Әл-Фараби атындағы Binom мектебінің 7 «с» сыныбында оқиды. Абу-Дабидегі әлем чемпионатында жас спортшы ақ белбеу үшін жарыста 63 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қола медальға қол жеткізді.

Бөртенің чемпионат барысындағы қарсыластары БАӘ, Египет және Иран елінен келген спортшылар болды. 6 қарашада басталған әлем чемпионатының бірінші күнінде 1300-ге жуық спортшы бақ сынаған. Жарыстың алғашқы күнінде жас спортшы намысты қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көріне білді.

Бөрте 2023 жылдың ақпан айында Qazaqstan Top Team Atyrau командасында жаттыға бастады. Әкесі Сағын Мұсаханұлының айтуынша, басында үлкен ұлы Бөртенің ағасы Мұсағали джиу-джитсуға барып, аталған спорт түрімен айналысып бастайды. Араға бір ай салып, бұл спортқа Бөрте мен оның сіңілісі Інжудің де қызығушылығы оянады.

суретте: Бөрте ағасы және сіңілісімен бірге. Жеке мұрағытынан 

Осылайша балалармен жаттығуды мен де бастап кеттім. Қазіргі уақытта біздің отбасымызда бұл клубта 5 адам жаттығады. Яғни, мен және үлкен ұлым, үш қызым осы джиу-джитсумен айналысамыз. Бұл спортты бірден меңгеріп кетпесек те, біртіндеп шыдамдылық пен еңбекқорлықтың арқасында қызым осындай жетістікке жетіп отыр, – дейді Бөртенің әкесі.

Бүгінде балаларының бәрінде медальдар бар, республикалық, өңірлік, облыстық, халықаралық жарыстарға қатысып жүлде болған. Әкесінің сөзінше, әсіресе жарыстан кейін, одан әрі және жақсы жаттығуға деген құлшыныстары оянатынын жеткізді.

Бұл әлем чемпионатына тыңғылықты дайындалдым. Қарсыластарым да осал болмады. Мұнымен тоқтап қалмай, әріқарай дайындалып, биік белестерді бағындыратын боламын, – деді әлем чемпионатының қола жүлдегері Бөрте Мұсахан.

Айта кетейік, Абу-Дабидегі джиу-джитсудан әлем чемпионатына әлемнің үздік спортшылары келген. Чемпионат шамамен 8 күнге созылмақ. Жалпы алғанда әр түрлі жастағы, регалиядағы, белбеудегі және әр салмақ дәрежесінде 10 000-нан астам спортшыны жинады. Оған әлемнің 60-қа жуық елінің спортшылары бақтарын сынап жатыр.

сурет: Бөрте Мұсаханның жеке мұрағатынан 

Ұйымдастырушылар жарыс спортшылардың шеберлігін көрсету мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар мәдени алмасу мен халықтарды жақындастыруға арналған алаң екендігін айтуда.

6 қарашада басталған әлем чемпионатының ашылу салтанаты өте жоғары деңгейде болды. Ұйымдастыру жағы болсын, әр елдің түкпір-түкпірінен жиналған спортшыларға барлық жағдай жасап қойыпты. Біз де өз елімізге құр қол қайтпады. Алдағы уақытта бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын, – дейді Бөртенің әкесі Сағын Мұсахан.

Абу-Дабиде жыл сайын өтетін джиу-джитсу чемпионаты, әсіресе, бразилиялық джиу-джитсу (BJJ) бойынша әлемдік деңгейдегі жарыс ретінде кеңінен танымал. Бұл чемпионат әлемнің әртүрлі елдерінен келген ең мықты спортшыларды жинайды. Сонымен қатар, Абу-Дабиде Бразилиялық джиу-джитсу бойынша әлем чемпионаты (Abu Dhabi World Professional Jiu-Jitsu Championship) жиі өтеді.

Бұл жарыс джиу-джитсу спортында маңызды орынға ие, себебі ол спортшыларға халықаралық деңгейде таныс болуға, өз шеберліктерін көрсетуге және түрлі марапаттар мен жүлделер ұтып алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Абу-Дабидегі бұл чемпионат джиу-джитсу әлеміндегі ең маңызды оқиғалардың бірі болып саналады.

Абу-Даби осы спортты дамытуға және қолдауға үлкен үлес қосып келе жатқан қала, оның ішінде түрлі академиялар, жасөспірімдер мен ересектерге арналған бәсекелер, жаттығу лагерьлері және басқа да іс-шаралар өткізіледі.

Қазақстандық джиу-джитсу спортшылары Абу-Дабиде өтетін әлемдік чемпионаттарға жиі қатысады. Қазақстан бразилиялық джиу-джитсу (BJJ) бойынша белсенді дамып келе жатқан елдердің бірі болып табылады және отандық спортшылар әлемдік аренада жақсы нәтиже көрсетуде.

Бүгінде Абу-Дабиде өтетін жарыстарға еліміздің жетекші спортшылары қатысып, бірнеше рет медаль алған. Қазақстандық джиу-джитсу федерациясы мен спортшылар әлемдік деңгейде танылуға және еліміздің атын шығару мақсатында белсенді түрде дайындық жүргізеді.

Бұл чемпионатта қазақстандық спортшылар әртүрлі салмақ дәрежелерінде және категорияларда бәсекелеседі.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: