Әбілхан Қастеев атындағы музейде балетке арналған картиналар көрмесі ашылды

17 Мамыр, 07:38 602

Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде «Қазақ балеті: 90 жылғы тарих» атты картиналар көрмесі ашылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, іс-шараны Qazaq Ballet креативті зертханасы мен отандық мәдениет қайраткерлері ұйымдастырды.

Көрме музей, театр және жеке мұрағаттардан алынған сирек мұрағаттық фотосуреттер, бейнежазбалар мен мәтіндер негізінде жасалған авторлық картиналардан тұрады. Қазақстанның кәсіби хореографиялық өнеріндегі 90 жылдық кезеңіндегі 60-қа жуық кескіндеме туындысы көрсетілген, онда ұлттық спектакльдер көрінісі бейнеленген.

Атап айтсақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры, Қазақстан Республикасы мемлекеттік академиялық би театры, «Самұрық» заманауи би театры, апалы-сіңлілі Габбасовалар би театры, К. Байсейітова атындағы ұлттық опера және балет театры, «Астана Балет» театры, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының спектакльдері бар, - делінген мәліметте.

Сондай-ақ А. Селезнёв атындағы Алматы хореографиялық училищесінің және Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттерінің қойылымдары ұсынылған.

Іс-шараның салтанатты ашылуына Абай атындағы опера және балет театры мен Болат Аюханов құрған Қазақстан Республикасы мемлекеттік академиялық би театрының балет әртістері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының музыканттары қатысты.

«Қазақ балеті: 90 жылғы тарих» картиналар көрмесі Тоғжан Молдалімнің жетекшілік ететін Qazaq Ballet креативті зертханасы жасаған «Қазақ балетіне 89 жыл» арт-альбом жобасының жалғасы.

Көрме маусым айының 7-сіне дейін жалғасады.

Зарина Арман
Бөлісу: