Абиба Абужақынова - әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері

19 Мамыр, 20:03 791

Ұлттық құрама дзюдошысы Абиба Абужақынова Абу-Дабиде өтіп жатқан әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Абиба жүлде жолында түрік палуаны Тугче Бедерді жықты. Осылайша, Абужақынова дүниежүзі бәсекесінде екі жүлде алған тұңғыш қазақстандық әйел татами шеберіне айналды.

Бүгін Абу-Даби татамиінде жарысты 2-айналымнан бастаған қазақ дзюдошысы әуелі Түркия, сосын Словакия мен Бразилия құрамасының спортшысын таза жықты. Ал жартылай финалда моңғолиялық дзюдошы Баасанху Бавудоржға қосымша уақытта (golden score) есе жіберді. 

Айта кетейік, Абиба 2022 жылы Ташкентте өткен әлем чемпионатында қола медаль жеңіп алған.

Әлем чемпионатының жеңімпазы Олимпиада рейтингінде 2 мың, күміс жүлдегер 1400, ал екі қола жүлдегер 1000 ұпайдан алады. Абу-Дабидегі додадан кейін рейтинг түзіліп, Парижге баратын спортшылар анықталады.

Перизат Саденова
Бөлісу: