Әбдірашит Бәкірұлы: Тіліміздің тарихы жиырма бес мың жылға дейінгі кезеңді қамтиды

22 Тамыз, 16:09 647

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халқымыздың рухани құндылықтарының сақталынуына баса назар аударып келеді. «Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет», – деп мәлімдеген еді бір сөзінде. Мемлекет басшысы мұны бекер айтқан жоқ. Қазақта «елу жылда ел жаңа» деген тәмсіл бар. Қазақ халқының сан ғасырдан бері рухани құндылықтары қалыптасты. Енді ол заман ағымына сай дамуы тиіс. Ел тарихын білу, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұрпаққа мұра ете отырып, дәуір көшіне ілесуді көздеу ләзім. Қазақстандық философ Әбдірашит Бәкірұлы бұл мәселе төңірегінде El.kz-ке сұхбат берді.

El.kz: Қазақ халқының рухани құндылықтары жайында әңгіме өрбітейік. Оның даму үрдісі туралы қандай түйген ойыңыз бар?

Әбдірашит Бәкірұлы: Бұл – өте ауқымды сұрақ. Бұл сұраққа жауап бермес бұрын «құндылықтар жүйесі не?» деген сауалдың мағынасын ашып алу керек. Әрбір халық – тарихи дамудың нәтижесі. Ол бір кезеңнен басталып, бүгінге дейін көрініс табады. Ал осыған дейін жеткізген тарихтың өткелдерінен аман-есен сақтап, халық ретінде сақтап, елін-жерін қорғап, белгілі бір шаруашылығын қалыптастырып, салт-дәстүрін дамытатын халықтың руханияты, болмысы болады. Міне, осы болмыстың ішіндегі ең маңызды дүниелерін біз құндылықтар жүйесіне жатқызамыз. Өйткені, құндылықтар жүйесі халықтың дамуына серпін беріп келді. Және заманмен бірге лайықталып, өзгеріп, ары қарай да серпін беретін тұрақты рухани байлық. Жалпы, біз оны бір сөзбен мәдениет деп атаймыз.

Енді мәдениетті жан-жақты сараптайтын болсақ, әдебиет, өнер, даналық жүйесі, философия және әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық тәрбие жүйесі, ділі мен тарихы мәдениетті тұтас қамтиды. Осылар қазақ халқының құндылықтар жүйесін құрайды.

Осыдан келіп «аталған құндылықтардың адамды қалыптастырудағы рөлі қандай?» деген сұрақ туындайды. Егер ол құндылықтардың адамды қалыптастырудағы рөлі туралы мәселе көтерілмейтін болса, ол құндылықтар абстрактілі түрде өз-өзімен өмір сүріп жатқан әлем болып қалады. Сондықтан ол үнемі адаммен байланысты айтылады. Мысалы, қазіргі кезде адам капиталы деп терминді жиі айтамыз. Адам капиталы қандай құндылықтар негізінде қалыптасады? Екі адамды алып қарастырайық. Біріншісі,  ғылым-білімге, өркениетке, мәдениетке, өнерге бейімі болып, сол тұрғыдан қалыптасады. Ал, екінішісі,  басқа құндылықтар жүйесін тауып алады. Осылайша, бұл екі адам бір-біріне  ұқсамайтын екі жүйенің өкілі болып шығады.

Сондықтан, осындай әртүрлі жасанды жүйелердің, өзге халықтарға, өзге мәдениетке тән құндылықтар жүйесінің өкілдері мен қазақ халқының ұлттық мәдениетінің құндылықтар жүйесінің өкілдері арасында қайшылық болмауы үшін мемлекетте негізгі басымдыққа ие құндылық идеологиясы өмірге келуі керек. Ол мемлекетті тұтастандырады, халықты біріктіреді, өзге мәдениет өкілдерін өздеріне сіңдіреді. Сөйтіп мемлекеттің рухани-мәдени іргетасын құрайды.

Конституциялық заң бойынша, Қазақстан – қазақ халқының құрған тәуелсіз мемлекеті. Яғни, біз унитарлы мемлекетпіз. Ендеше мемлекет үшін қазақ халқының мәдениеті, рухани құндылықтары әр уақытта алдыңғы назарда тұруы керек. Қалған өзге тұрып жатқан халықтардың барлығы да осы рухани мәдениет төңірегіне топтасып, бірігуі қажет. Ол қазақ тілі, қазақ өнері, қазақ салт-дәстүр ережелері, қазақтың діни нанымы, қазақтың философиясы, тағысын тағылар. Бұл тізім осылай жалғасып кете береді. Бұл мәселе біздің елімізде өте айшықты әрі қайшылықты болып тұр. Өйткені біз осыған дейін әртүрлі құндылықтар жүйесінде қалыптасқан өкілдермен бірге келе жатырмыз. Қазір солардың арасында біршама қайшылықтар бар. Мәселен тіл, дүниетаным төңірегінде, өмірге деген көзқарас  төңірегінде. Осындай  қайшылықты жағдайда тұрмыз. Осыны қалайда игеруіміз керек? Оны игеретін рухани күш қазақтың ұлттық құндылықтары деп санаймыз.

El.kz: Жалпы салт-дәстүр, әдет-ғұрып – қазақ халқының болмысын көрсететін дүние. Тарихи жүріп өткен жолының мұрасы деп атауға болады. Салт-дәстүр, әдет-ғұрып, адал қазақ халқының болмысы, ата-бабамыздан келе жатқан, ұлтпен біте қайнасып жатқан дүние. Ұрпақтар арасындағы сабақтастық. Сондықтан мұның маңызы ерекше деп айта аласыз ба?

Әбдірашит Бәкірұлы: Тарих дегеніміз бір жерден басталып, екінші жерден аяқталып, одан кейін де қайта басталатын үзік-үзік үдеріс емес. Тарих дегеніміз – осы халықтың өміріндегі болып жатқан үздіксіз процесс. Мысалы, көптеген ірі халықтар, үлкен мемлекеттер өздерінің тарихтарын сонау тереңге қарай жібереді. Мысалы, Қытай халқы өзінің тарихын 5 мың жылға дейін қарастырады. Тарихы арқылы өзінің ұлылығын әлемге паш еткісі келеді. Бұндай талпыныс барлық халықтарға тән. Үлкеніне де, кішісіне де тән құбылыс. Бұл үшін ол халықты айыптауға болмайды. Мысалы, кішкентай ғана, саны аз халықтың өзі менің тарихым ұлы деп айтуға толық қақысы бар. Және де оның сол тарихымен мақтануға да толық қақысы бар. Ал енді өзімізге келейік. Біз өзіміздің ұлы тарихымызды танимыз ба? Біз білеміз бе соны? Біздің жерімізден археологиялық қазбалар табылып жатыр. Мысалы, Есік қаласы маңынан алтын адам табылды. Ботайдан да алтын адамдар табылып жатыр. Олардын тарихы сонау он-он екі мың жылға қарай кетеді екен. Енді қараңыз, сол кездегі қолөнерге қарап отырып, олардың қандай өркениетке жеткеніне біз куә болып отырмыз. Ендеше, оларды осы жерімізде тұрған арғы ата-бабаларымыз деп қарайық. Олар кезінде әлемдегі өркениет көшінің басында тұрған халықтардың бірі деп атауға толық негіз бар.

Халықтың тарихымен бірге тіл тарихы, өнер тарихы қатар жүреді. Өйткені, бұрынғы замандарда болған оқиғаларға баға беру үшін лингвистикалық зерттеулер жүргізгенде тілдің тарихы қаншама ғасырларға әрі кетіп жатыр. Яғни қазіргі сөйлеп жүрген тілімізде қай халықтар қай заманда сөйледі? Оның өзі бір бөлек тарих. 

Өнер тарихы сол көне замандарда табылып жатқан археологиялық мұралардың қазіргі замандағы өнерімен байланысы қандай? Тамырлас сабақтастығы бар ма деген зерттеулер жүргізіледі. Сонымен бірге фольклорлық тарихты, аңыздарды зерттеу арқылы көне замандағы мифологияда қазіргі біздің өмір сүріп жатқан кезеңдегі әдет-ғұрып, салт-дәстүріміздің көрінісі бар ма деген тарихи зерттеулер жүргіземіз.

Осындай тарихи зерттеулерді жасаған кезде, тіліміздің тарихы он, он бес, тіпті жиырма бес мың жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Өйткені түркі тілінде сөйлесетін халықтар көп. Көне замандарда АҚШ-қа ауып барған  үндістерде 150-200-дей түркі сөздері сол қалпында сақталған. Еуропада түркілік сөздердің үлкен топтамасы бар. Мысалы, солтүстік көршіміздің өзінде, орыс тіліне көптеген түркизм сіңген. Көрші Қытай, Иран, араб елдерінде де түркизмдер байқалады.

Мысалы, көне шумер тілінде, яғни үш мың жыл бұрынғы өркениеттің өзінде түркизмнің ізі анық байқалады. Ендеше, біздің тіліміздің тарихы өте көнеде жатыр. Бұл тек тіл тарихы ғана. Ал енді сол замандарда өмірге келген мифологияларды алып қарайтын болсақ, олардың біздің дала халқының даналығымен, философиясымен толық үндес екенін байқаймыз. Діни наным-сенімін қарастырсақ, ол да сол бір тәңірге табынуды көреміз. Тәңірге табыну сонау көне замандарда басталған. Бұлар қазіргі діндердің пайда болуына ықпал жасағанын тарихи тұрғыдан көріп отырмыз.

Дәл осы мәселе бойынша қазір халқымызда бірыңғай түсінік жоқ. Көрші Иран халқы өзінің діни тарихына өте мұқият қарайды. Олар бір кезеңдерде ислам дініне өтіп, оның өте қатаң бір бағытын қабылдап алды. Бірақ олар сонау зороастризм дәуірінің музейін ашып қойған. Оны біздің көне тарихымыз деп құрметтеп, зороастризмге қарсы сөз айтуға, оны исламмен сәйкес келмейді деп шеттетуге тыйым салған.

Ал біз ислам діні қалыптасқанға дейінгі тарихты біз толығымен лақтырып тастағымыз келеді. Сөйтіп, бүкіл діни наным-сенімімізді тек исламмен бастағымыз келеді. Яғни, біз өзіміздің үш-төрт мыңжылдық тарихымыздан бас тартқымыз келеді. Ал бұл – ұлы халыққа тән қасиет емес. Сондықтан да дәл қазіргі кезеңде біз діни наным-сенім эволюциясы қалай жүзеге асты деген зерттеуді басқаша өз алдына жүргізуіміз керек. Яғни, бір-бірін терістемей, «ол қазіргі халықтағы діни наным-сенімге алып келді» деп қарастыру керек. Оның бәрі салт-дәстүрмен тығыз байланысты. Өйткені, күнделікті дәстүр, салт арқылы оның жоралғылары орындалады. Демек, салт-дәстүріміздің тарихы – өз алдына бөлек зерттелетін тағы бір үлкен тақырып. Қалай алып қарасақ та, тарихымыз өте тереңге бойлап тұр және ол құрметке лайық.

El.kz: Бір сөзіңізде кей халықтар өз тарихын тереңдете түседі дедіңіз. Бізде де қазақ халқының тарихына байланысты өзгерістер болып жатыр. Біз бұрын қазақ хандығының тарихын Керей мен Жәнібектен бастайтынбыз. Ал қазір Жошы дәуіріне дейін апару мәселесі қозғалып жатыр. Тіпті президенттің өзі де бұл туралы пікір білдірді. Бұл да соның көрінісі деп ойлайсыз ба?

Әбдірашит Бәкірұлы: Бұл - қазақ халқының тұтас тарихы емес, оның мемлекеттілігінің тарихы деп айтылуы керек. Әуел баста біз қазақ деген атауды өмірге алып келген қазақ хандығымен байланыстыра қарадық. Бұл сол кезеңдерде дұрыс шығар. Өйткені, ол кездері тарихи деректерді әлі де қолымызға алып, қол жеткізіп игермеген кезіміз болатын. Яғни, бізге ең алдымен, қазақ хандығы құрылғанға дейінгі кезеңдегі тарихты біршама түгендеп, соны халықтың санасына бекітіп алу қажет болды. Ал енді жыл санап мемлекетіміз алға дамып, өркениет көшіне ілесіп, әлеммен қарым-қатынас байланыс күшейіп, экономикалық, рухани-мәдени байланыс, әлеуметтік байланыс артып келе жатқан кезде біз енді тарихты қазақ хандығы тұрғысынан емес, оның тарихын ары қарай жылжыттық. Қазақ мемлекеттілігінің тарихын Жошы ұлысынан басталады деу екінші кезеңге көтерілгенімізді көрсетеді. Яғни, мемлекеттілік тарихымызды, мемлекет құру тарихымызды ары қарай 200-300 жылға дейін ары жылжыттық. Оны игеріп алған соң, тарихымызды одан ары жылжытатын боламыз.  Ежелгі үйсін мемлекеті, ежелгі найман мемлекеті болған. Одан ары өмір сүрген Атилла заманына дейінгі мемлекеттерге қарай міндетті түрде жылжимыз. Осылайша сақ дәуіріне барып тірелеміз. Қазір Иран мен Тұран арасындағы соғыс туралы кинолар түсіріліп жатыр. Кир патша үлкен Иран империясын құрған. Ал сол империя үнемі біздің сақтармен соғысқан. Яғни, сақтардың көшіп-қонып жүрген қарабайыр тайпалар емес, империяға қарсы тұратын күші болғаны аңғарылады. Демек, мұны сақтардың империя құрғаны деп санауымыз керек. Олардың құрған мемлекеттілігін, империялық тұрғыдағы сипатын айтпаймыз.

Болашақта мемлекеттілігіміздің тарихы сақтарға қарай тереңдейтін болады. Бұл объективті құбылыс, біз одан қашып құтыла алмаймыз. Ал мемлекттіліктің тарихы неғұрлым тереңдеген сайын тіліміздің тарихы соған жақындайды. Салт-дәстүріміздің тарихы да соған қарай ойысады. Бұл – қазіргі ұрпақтың болашаққа қарай дамуына, ұмтылуына серпін беретін күш. Жер сілкінгенде үй іргетасы берік болса, үй аман қалады. Бұл да сондай. Тарихымыз неғұрлым терең болса, іргетасы мықты болса, біздің болашаққа қарай бағытымыз соғұрлым тәуелсіз, егеменді болып қалыптасады. Әлемге «мен» деген үніміз, яғни өзін-өзі тануымыз, өзіндік идентификациямыз күшейеді. Сонда біз іргелі мемлекет құрған іргелі халық ретінде әлемге таныламыз. Ол үшін күшті экономика, өзін-өзі қорғай алатын рухани идеалогиялық платформа керек. Сол кезде еліміздің тәуелсіздігі тұрақты деп айтуға қол жеткіземіз.

Қазіргі ішкі алауыздық жағдайда тұрақтылық туралы сөз қозғай алмаймыз. Және дәл қазіргі экономикалық даму деңгейінде біз өзімізді экономикасы дамыған тұрақты мемлекетпіз деп те айта алмаймыз. Біздің тәуелсіздігіміз шыңның үстінде кетіп бара жатқандай.

Шыңның бетіндегі платформаларды неғұрлым күшейтуіміз керек. Сонда желге де, дауылға дес бермейміз. Ол – экономиканы жан-жақты дамыту, кәсіпкерлікті дамыту және болашаққа апаратын бір ғана жол ғылым мен білім құндылығын қалыптастыру. Ол үшін ғылым-білім жүйесін толығымен халықтың, мемлекеттің өмірімен тығыз байланыстыруымыз керек. Ғылым мен білімге деген практикалық қажеттілігін тудыруымыз қажет. Яғни, өндірісті дамыту, инженерлік мамандықтарды игеру, кәсіпкерлікті дамыту, жаңалықтарды ойлап табу, энергияның жаңа көздерін ашу, сонымен бірге қазақтың ұлттық философиясын негізге алу керек.

Идеологиялық фактор ретінде ұлттық тәрбиеде және мемлекеттік идеологияда қазақ философиясын, қазақ даналығын негізге алу шарт. Мысалы, көрші Қытай Конфуцийді негізге алады. Конфуций – қытай философиясының іргетасын қалаған ғұлама. Бізде де қазақ даналығы бар. Ол барлық салада өзінің ықпалын тигізіп, басымдылыққа ие болуы керек. Сонда ғана біз унитарлы мемлекет ретінде мәдениеті, әлеуметтік мәселесі, экономикасы бір арнаға тоғысқан ел болып қалыптасамыз. Сонда ғана біз өз мемлекетіміздің, жеріміздің қадірін сеземіз және жанымызды салып оны қорғаймыз.

El.kz: Елімізге деген патриоттық сезімді қалай арттыруға болады? Бірлік пен тұрақтылық, әділеттілік, ынтымақ, сенім мен жауапкершілік құндылықтары қалай қалыптасуы керек?

Әбдірашит Бәкірұлы: Бұл бір жағынан өте қарапайым, бір жағынан өте күрделі сұрақ. Мысалы, «Отбасыда береке кетсе, ынтымақ та кетеді» деген қазақта сөз бар. Мемлекет те отбасының көшірмесі. Егер мемлекеттен береке кетсе, мемлекеттің өзі ішкі ыдырауға тап болады. Мемлекет берекесі – бірінші кезекте, билік жүйесіндегі барлық тұлғалардың мемлекетшіл тұрғыдан ойлауы. Халық сені таңдап, мемлекет басқаруға алып келген кезде, сен жеке өзіңнің мәселелеріңді ысырып қойып, осы мемлекетке қызмет етуге, оның халқына қызмет етуге, экономикасы мен өндірісіне, өнеріне қызмет етуге, бүкіл жан-дүниеңмен соған берілуге міндеттісің. Олай болмаса, әркім билікті пайдаланып өзінің ғана қамын ойлайтын болса, бұл – берекенің шашылуы. Ондай жерде ешқандай мемлекетті сезіну, халықтың (мынау менің мемлекетім» деп айтуы қиындайды.

Мәселен, бір кездері жер сатылды. Сол жерлерге біреу шабуыл жасаса, халық оны қорғай ма? «Мен не үшін біреудің жеке жері үшін қанымды төгуім керек» деп адамдар жерді қорғаудан бас тартады. Сондықтан, халықтың рухани көңіл-күйінің бұрылып кетпесі, бұзылмасы үшін мемлекет үнемі халыққа өзінің мемлекеттілігін сезіндіріп отыруы тиіс. Ол дегеніміз –халықты жұмыспен қамтамасыз ету, оның алаңсыз өмір сүруіне, балаларын оқытуына, денсаулығын сақтауына барлық жағдайларды жасау, сонымен бірге халықты рухани-мәдени арнаға бағыттап отыру, оның ұлттық тәрбиесін қалыптастыру. Сонымен қатар, замана көшінен қалып қоймауына ықпал етіп,  өзімізге тән емес басқа мәдениет жетегінде кетіп қалмауын үнемі назарда ұстап отыру керек. Осы шаңырақтың ішінде береке болуын қамтамасыз етіп қажет. Береке болған жерде бірлік те болады. Бірлік болған жерде халық өз күшін айқын сезінеді де, өзінің берекесін, өз шаңырағын мейлінше қорғайтын болады. Олай болмаса, халық жан-жаққа, әлемнің қай жерінде жақсы өмір бар, сол жаққа шашырап тарап кетуі де мүмкін. Ол қауіп те жоқ емес.

El.kz: Ел рәміздеріне құрметпен қарау, ұқыптылықпен қарау ләзім. Мәселен, Түркияда, тағы басқа елдерде өз жалауларына ерекше құрметпен қарайды. Ал бізде бұл әлі де кемшін сияқты. Бұл да патриоттық сезімнің қалыптаспағанын көрсете ме?

Әбдірашит Бәкірұлы: Әрине, бұл патриоттықпен өте тығыз байланысты. Алайда, қазақ рәмізсіз болған емес. Қазақ хандығын құрғанда да, оған дейінгі Шыңғысхан заманында да оның өзінің туы болды. Қазақ хандығын құруға атсалысқан ру-тайпалар бір жерге жиылып, барлығы тасқа қашап, өздерінің таңбаларын бір жартасқа «біз біргеміз» деп орнатты. Ол – қырық бір түрлі таңбадан құралған қазақ хандығының алғашқы елтаңбасы. Жартасқа алғаш қашап жазылған болатын.

Қазір бір рулық-тайпалық деңгейден көтеріліп, қазір қазақ ұлты деңгейіне жеттік. Елтаңбамыз бар. Ол халықтың көкейінен шығып отыр. Туымыз да, әнұранымыз да сондай деп айта аламыз. Жақында Елтаңбаны ауыстырамыз дегенде, халықтың дүр көтеріліп, қалай қорғағанының куәсі болдық. Осылайша халық елтаңбасын сақтап қалды. Елтаңбаның бейнесіне қарасақ, сонау көне сақ дәуірінен келе жатқан аңыздарды көреміз. Мифологиядағы қанатты аттарды көреміз. Яғни қазақтың көне дүниетанымы осы елтаңба арқылы бейнелеген. Елтаңба авторлары – көне тарихты өте терең зерттеген зиялы ортадан шыққан үлкен тұлғалар.

Ал қазіргі кезеңде тарихымызды басқа діни наным-сенімге бұрмалайтын, бұрмалағысы кеп тұратын бір топтар пайда болды. Оларға елтаңбадағы пырақты ұнатпайды, себебі көне тарихты еске салып тұр. Шаңырақ та ұнамайды, ол да көне тарихты еске түсіреді. Киіз үйді ойлап тапқан біздің ата-бабаларымыз. Дөңгелекті де алғаш жасаған солар. Оны ұққан халық көне тарихпен бірге сол дүниетанымды мойындайды. Қарап отырсаңыз, аз ғана бір топтың бақай есебі бүтін халықты дүрліктіріп қояды. Біз ол тарихпен мақтануымыз керек.

Біздің мемлекеттің елтаңбасы – ең әдемі елтаңбаның бірі. Біздің туымызға деген көзқарас жақсарып, өзгерді, елтаңбаға деген қарым-қатынас өзгерді. Осы қызу талқылау барысында халықтың рәміздерге деген көзқарасы біршама ілгеріледі. Мен осыған бір рәміз жетіспейді дер едім. Ол – төл жазуымыз. Біз түрлі әліпбилерден өттік. «Төл жазуымыздың тарихы болмаған ба?» деген сұрақ туады. Төл жазуымыздың тарихы мыңдаған жылдар тереңде. Сол жазуды қолданысқа енгізбесек те, оны рәміз ретінде төрге іліп қойған жөн. Өйткені, жазуымыздың тарихы қазіргі дамыған деген мемлекеттердің жазуының тарихынан әлдеқайда көне. Мысалы, грузиндердің, армяндардың төл жазуы бар. Олар оны жоғалтпай, құндылық ретінде сақтап отыр. Мұндай жазу бізде де болған. Мысалы, Күлтегін тасындағы жазбаларды қаншама ғалымдар зерттеп, әзер дегенде шешімін тапты. Неге ол төл жазуымыз ретінде рәмізге ие бола алмайды? Неге ол туымызбен, елтаңбамызбен, әнұранымызбен бірге бір қатарда тұрмайды? Осы төртінші рәміз қосылса, арбамыздың төрт төңгелегі тең болар еді.

El.kz:Әңгімеңізге көп рахмет!

Мереке Амантай
Бөлісу: